ҚИРАҒАН АУЫЛ, СЫЛДЫР СӨЗ, ҚҰРҒАҚ УӘДЕ: ЖЫЛЫБҰЛАҚТАҒЫ ЖҰПЫНЫ ӨМІР

Уақыты: 06.06.2021
Оқылды: 3432
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бұл ауылдың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі туралы жазудың өзі өте қиын. Дамыған заманда алаңдатарлық күн кешердей қандай ауыл деп отырған шығарсыздар?! Малы бар, жері жоқ, жастары бар, мәдени ошағы жоқ, қираған үйлері мен қисық-қыңыр көпірі көп Қаратал ауданына қарасты Жылыбұлақ ауылын естіп пе едіңіз?! Білмесеңіз, танысыңыз, "Жетісу" газетінің тілшісі жұпыны Жылыбұлақтың жай-күйіне тоқталып көрді. 

«Шайтан көпір»

«Жол жаман болса атаң сүрінеді, атан да сүрінеді» деген дана халқымыздың тәмсілін ауыл тұрғындары жақсы түсінеді. Үштөбе мен Жылыбұлақтың арасы небәрі 16 шақырым болса да, жолдың бүгінгі жағдайы қарын аштырарлық қалыпта. Мұны біз де ауылға барған сайын көріп, налып қайтамыз. Қаншама жылдан бері құр жамалып келе жатқан жолдың шұрық тесігінен шаршаған халық «Қашан жаңа жол салады?» деп реніш білдіруде.

Әрине, ат тұяғы сүрінбейтін тақтайдай жазық жол әр жүргізушінің арманы. Бірақ иленген қамырдай жолдың азабы мазасын кетірсе де, жұртшылық әуелі Үштөбемен екі ортадағы көпірлер жөнделсе екен деп армандайды. Әсіресе, жыланның ізіне ұқсайтын «Шайтан көпір». Көлік жиі аударыла бергендіктен ауыл тұрғындары тозығы жеткен көпірді «Шайтан көпір» деп атап кеткен. Жыл сайын ирелеңдеген қисық көпірден қаншама көлік ұшып, қаншама адам ауыр жарақат алған. Әсіресе, қыс мезгілінде қираған көпірден өту халық үшін қиямет-қайым. Білетіндер ептеп өтер. Бірақ қыстың көктайғақ кезінде ауылға жол білмейтін біреу сапар шексе ше? Онсыз да қисық көпірден өтемін деп талай адамның өмірі қыршынынан қиылды емес пе?!

Айтуға ауыз бармайды. Осы уақытқа дейін қаншама көлік көпірден құлап, төтенше оқиға орын алса да, әлі жөнделетін емес. Көпірді түзу жолдың аңғарына дұрыстап салмаса, әлі талай адамның өмірін жалмары анық. Ауылдың сорына айналған мәселенің бірі қашан шешілмек? Адам тағдырына осылай қарасақ, не болғанымыз? Бүтін ауылдың сорына айналып отырған түйткілді мәселеге аудан әкімі бастаған сала басшылары бір жауабын береді деп ойлаймыз.

Су тапшы

Ауыл десе алдымен есімізге ауызсу түседі. Ал Жылыбұлақта ауызсу кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, бұл жақтың суы өте тұзды. Ішуге жарамсыз. Оның үстіне су алатын жалғыз құдық бар. Сондықтан, тұрғындардың көбі қаладан су тасиды.

Қалаға күнде бара алмайтындар әрине тұзды су ішуге мәжбүр. Оның өзінде түске дейін кезектесіп су алып алмаса, түстен кейін құдықтың суы тартылып қалады. Қаншама жылдан бергі халықтың қиналғанын былтыр көрген аудан әкімдігі осы мәселені қолға алған болатын.

Олар тұрғындарға 2021 жылдың сәуір айында үйлеріңе ауызсу тартылады деп айтыпты. Бірақ сәуір айы ауыл халқы үшін тәуір болмай шықты. Себебі, ауылдың маңы қазылғанымен ешбір үйге су кірмеген. Бұл мәселе бойынша әкімдік жұмыстың аяқталмағанын айтып, мамыр айында ауызсу кіргіземіз деп уәде берген болатын. Бірақ сылдыр сөз, құрғақ уәдеден діңкелеген жұрт «биыл су тартылатынына сенбейміз» дейді.

Аталған жұмысқа жауапты Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Ермек Апеков: «Жылыбұлаққа ауызсу тарту жұмысы аяқталып қалды. Біз судың сапасын тексеру үшін оны зертханаға жібереміз. Оның жауабы 10-15 күнде келеді. Су ішуге жарамды болса, ауылға су тартамыз», – деп жауап беріп құтылды. Бірақ халық мұндай жауапқа шаршаған сыңайлы.

Өріс тарылды

Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең-байтақ далада мал жаятын жердің жоқтығы бүгінгінің өзекті мәселелерінің бірі. Қазір қай ауылға барсаң да тұрғындар «Мал бар, жайылым жоқ, жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен» деп зар илейді. Жылыбұлақта да малды тұяғы жеткен жерге дейін жаю тұрғындар үшін мұңға айналған. Шыны керек, ауыл адамдарының көбі малдың арқасында күнелтіп отыр. Бірақ бұл маңда жер жекеменшікке өткеннің салдарынан жайылымдық жер аз, жем-шөп құны қымбат. Сондықтан, қарапайым халықтың арманы Президенттің бос жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару жөніндегі тапсырмасының ертерек орындалуы. Әйтпесе, абайсызда мал басқа жерге өтіп кеткендігінен қамалып немесе таңнан қара кешке дейін  баққан түлігі өрістен аш келгені еңбектің зая кеткені емес пе?!

Жылыбұлақта жайылым «жыры» жай таптырар емес. Иә, ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жайылымды игеру. Сондықтан, аудан басшылығы Мемлекет басшысының тапсырмасын ертерек қолға алып, орындаса нұр үстіне нұр болар еді.

Мәні кеткен мәдениет

Ауыл халқын мазалап отырған тағы бір мәселенің бірі – қазақы дәстүрді дәріптейтін Мәдениет үйінің жоқтығы. Мүлдем жоқ емес, бұрын болған. Тоқсаныншы жылдары Мәдениет үйі, ішінде кинотеатрға дейін істеген. Сол кездері Мәдениет үйінде түрлі концерттер, ауыл тойы, кино көрсетілген. Сонымен қатар, ауыл жастары домбыра, ән, би үйірмелеріне қатысқан. Бүгіннің өзінде республикада түрен салып жүрген жастардың бірқатары аядай ғана ауылдан шыққандар.

Бірақ қазір сол мәдени ошақ қирап, мал қораға айналған. Шамамен 1996-97 жылдан бері қаңырап тұр. Қазір екі қызметкері болғанымен олар Үштөбеден сабақ беруге мәжбүр. Ел ертеңі деген жастарды мәдени, спорттық үйірмеге қатыстырмай қалай тәрбиелемекпіз?! Шіркін, Мәдениет үйі жөнделсе ауылдан талай дарындылар дүркіреп шығар еді. Бұл біздің ғана емес, жұртшылықтың арманы.

Байланыс жоқ

Қазіргі қоғамды интернетсіз елестету мүмкін емес. Өйткені, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған жаңа технологияның дамыған заманында кез келген дүниені ғаламтордан алуға болады. Пандемия кезінде, тіпті, барлық сала интернет арқылы онлайн жұмыс істеп жүр. Сондықтан, еліміздің ауыл, қалаларында сапалы интернет болуы маңызды. Жасыратыны жоқ, қашықтан оқыту басталғалы «Интернет жоқ, сабақ оқи алмай отырмыз» деген оқушылар мен ата-аналардың арыз шағымын жиі естиміз.

Осы олқылықты жою үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қол жеткізуді және барлық азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс екендігін айтып, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізілетінін жеткізді. Ал 300 түтіні бар Жылыбұлақ ауылының тұрғындары интернет тұрмақ байланыс жөнді ұстамайтынына ренжулі.

Бұл мәселе бойынша мамандар: «Жылыбұлақ ауылында EVDO (512 кбит/с дейін) технологиясымен қосылған интернет және «Beeline» мобильді операторы ұсынған 3G/4G FWA технологиясы бойынша мобильді интернет орнатылған. Ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес халқының саны 10 000 тұрғыннан кем елді мекендерді 3G стандартындағы ұялы байланыспен қамтамасыз ету көзделмеген. Өйткені, шағын елді мекендерді 3G/4G желісімен қамтамасыздандыру елеулі шығын. Ал жоғары сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуді антенна-діңгек құрылымдары және радиомосттар орнату арқылы шешуге болады. Қазіргі уақытта антенна-діңгек құрылыстарын орнату бойынша жұмыс механизмі зерттелуде, инвесторлар мен қаржыландырудың балама көздерін іздеу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда», – дейді.

Интернет тұрмақ, байланысы ұстамайтын ауылда тұрғындар қашанғы тау-тасты аралап телефонмен сөйлесу үшін белгілі бір нүктені іздеп жүрмек?! Мектепке компьтер берілгенімен, интернет ұстамайды. Ең сорақысы, 1977 жылы қолданысқа берілген мектепке әлі құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Тозған мектепте 100 оқушы, балабақшаға 50 бүлдіршін барса да оларға парта, тақта, жалпы бірде-бір жиһаз берілмейді екен.

Халық әкімге де, аудандық депутаттарға «тозған тақтаға жазғанымен, кейбір жазулар оқушыларға көрінбейді» деп айта-айта шаршаған. Аудандық әкімдік бала саны аз, онсыз да көп шығын кетеді деп қаржы бөлмейтін көрінеді. Интернет ұстамаса, байланыс болмаса, оқушыларға жағдай жасалмаса білім сапасы қалай артпақ, ауыл қалай өркендемек?!

Дәрі таппайсыз

Сиқы қашқан ауылда күрделі жөндеуді талап ететін жалғыз амбулатория, бүкіл ауылға жауапты бір дәрігер бар. Бірақ мұнда интернет ұстамаған соң дәрігердің өзі қалада отырады екен. Себебі, қазір ғаламтордың дамыған заманы, ауырған науқасты базаға тіркеу керек.

Ал 300 түтіні бар ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса амалсыз бір-біріне өкіл, система салуға тура келеді екен. Қатты ауырғандары қалаға барады. Дәрігер тұрмақ, дәрісі жоқ ауылдағы тұрғындар амбулатория жөнделіп, тағы да штат ашылса дейді. Себебі, тұзды су тұтынатын халықтың арасында түрлі созылмалы ауруға шалдыққандар өте көп.

РS: Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны іздеп, ата салтты ұлықтаған, дін мен дәстүрді ұмытпаған ата-әжелеріміздің әңгімесін естіп, бір мезгіл демалғымыз келсе, бірінші кезекте ауыл ойға оралатыны жасырын емес. Бірақ неге біз жұмыс, білім, тұрақ іздеп ауылға бармаймыз, неге осы мәселеге келгенде тас қалаға қашамыз? Өйткені, кейбір ауылды жердің тұрмысы алаңдатарлық, жағдайы жасалмаған. Ауылдың тіршілігі қайнаса, мемлекеттің де, ұлттың да қазынасы молаяры ақиқат. Еліміз өркендесін десек, ұлттық құндылықтарымыз сақталған ауылды көркейтейік. Сонда ғана жыртығымыз бүтінделмек. Әйтпесе, жаңғыртамыз дегені жай жаңғырыққа айналып, құрғақ сөз ауылдың жағдайын құрдымға кетіруі бек мүмкін.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - автор

Қаратал ауданы

Алматы облысы