ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 1897
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Қазақстан Республикасы  халқының  Ұлттық санағы өтеді. 2021 жылғы халық санағының басты жаңалығы – заманауи цифрлық технологияларды  енгізу және процесті автоматтандыру. Енді Қазақстан тұрғындары туралы деректерді жинау онлайн және офлайн форматында жүргізіледі.

1-30-шы маусым аралығында Ұлттық халық санағының бірінші кезеңі өтеді. Бұл кезеңде аудандарға бөлу, үйлерді аралау және тұратын халық  санын нақтылау жұмыстары жүргізіледі. Дайындыққа облыс бойынша 821 адам жұмылдырылды. Интервьюерлердің өздерімен бірге арнайы  куәлігі, халық санағы  логотипі  белгісімен портфель және  планшеттері бар.  

Ал 2021 жылдың 1 қыркүйек айынан арнайы мамандандырылған sanag.gov.kz. платформасы  іске қосылады. 15 қазанға дейін  қазақстандықтар өзін және отбасы мүшелері үшін онлайн форматта сауалнама беттерін толтырып, санаққа өз бетінше осы платформада қатыса алады. Сондай-ақ, платформаға  Egov.kz электрондық Үкімет порталы арқылы кіруге болады.   

2021 жылдың 1-30 қазан аралығында дәстүрлі үй-үйді аралау кезінде онлайнформатта санаққа қатыспағандардың ЖСН–ін қолданып, «Ұлттық санақ» ақпараттық жүйесі  қосылған планшеттері арқылы санақ жүргізеді.

Халық санағы кезінде азаматтар сұрақтарын төлемақысыз  бірыңғай call-центр 1446 және 8 8000 800 878 нөмірі арқылы сұрақтарын қоя алады.