Алматы облыстық «Жетісу дарыны» дарынды балалар және талантты жастар оқу-әдістемелік орталығында «Адалдық пен ізгілік» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Байқауды халықаралық Қонаев қоры мен «Дарын» әдістемелік орталығы бірлесіп өткізді.
Байқауды өткізудің мақсаты – қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін насихаттау. Жас ұрпақтың бойына елжандылықты сіңіру. Халыққа қызмет етудің үлгісін көрсету. Қоғам қайраткері, ел басқарушы Дінмұхамед Ахметұлының бойындағы қасиетін жастар санасына сіңіру. Елді көптеген жыл басқарған азамат өте зерделі жан болған. Ол жанына материалдық емес, рухани байлық жинаған жан. Үйінің бөлмелерін дүниемен емес, кітаппен қалаған. Байқауға қатысқан ұстаздар мен оқушылар өз жазбаларында жан-жақты ізденіпті. Кіл жүйріктер қатысатын шығарма сайысында 18 мұғалім мен 63 оқушы бақ сынаған. Мұнда балалар эссе жазса, ұстаздар ғылыми жұмыстарына қатыстырған. Мәнді-мағыналы дүниелер әділқазылдар алқасының көңілінен шықты. Салтанатты жиында Қонаев қорының өкілі Бақтығали Айжігітов сөз алып, байқауға қатысушыларды зерттеу жұмысын жүргізуге қадам басуларымен құттықтады.
– Мақсат – жүлде алу емес. Ізденуге талпыныс білдірудің өзі жетістік. Ғылым мен білімге салған жолдарыңыз жалғасын тапсын. Ал жеңімпаздар жеңістеріңіз құтты болсын! Дінмұхамед аталарыңның рухы шат болсын, – деді ол. Салтанатты басқосуда «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығының директоры Әлішер Башаров және конкурс жеңімпазы Әлиман Оразалы сөз сөйлеп, қатысушыларға ақ жол тіледі. Байқаудың жеңімпаздарына үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, ҚазақКСР ҰҒА академигі Дінмұхамед Қонаевтың қолы қойылған сағат сыйға тартылды. Байқауда Айсұлу Серікбол, Тоғжан Рамазан қоғам қайраткерінің бейнесін ашуда дарындылықтарымен ерекшеленді.
Байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздардың аты-жөні белгілі болды. Алдағы уақытта тұлғатану барысындағы шаралар ары қарай да жалғасын таба береді. Жастардың қатары арта түсетініне сенім мол.
Гүлжан Мұқашқызы