АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АУЫЛҒА ӘКІМ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН 242 ҮМІТКЕР БАР

Уақыты: 15.07.2021
Оқылды: 988
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел тарихында тұңғыш рет ауылдық округ әкімдерін бұқара сайлайтын болады. Елді қуантқан ақжолтай хабардың тарағаны сол екен, саяси бәсекеде бақ сынаушылар да өз жұмыстарына кірісті. Күні кеше үміткерлер іріктеліп, аламанға түсер жүйріктер белгілі болды.

Ұзын-саны 279 үміткердің 242-сі басты додаға қатысады. 29 тұлғаның кандидатурасы түрлі себептермен алынып тасталған. Нақтылайтын болсақ, 17 үміткер талаптарға сай келмеген, ал 12-сі өз кандидатурасын алып тастаса, 1 үміткер тіркеуден алу туралы өтініш білдірген.

– Ақтық мәреге жетемін деген саяси тұлғалардың ішіндегі бәсеке бәсеңдемек емес. Бүгінгі күні орташа бәсекелестік  3,9-ды құрап отыр. Барлық округтердегі үміткерлердің саны 3-тен  көп, – деп атап өтті Алматы облысы сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.

Айта кетейік, республикалық бюджеттен әрбір үміткерге 220 мың теңге қаржы бөлінеді. Бұл қаражат  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бағытталатын болады.

Саяси партия өкілдері де айтулы додадан шет қалмақ емес. «Nur Otan» партиясынан  57, «Ауыл» ХДПП-дан  7, «Ақ Жол» ҚДП-дан 1, «АDAL» СП-дан 13, ҚХП-дан 12, ЖСДП-дан 3 үміткер сайлауға түспек.

Айта кету керек, жергілікті атқарушы органдар үгіт-насихат жұмыстары басталғанға дейін үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындарды дайындады.

Үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары:

– барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асыруына болады  (теледидар, радио, баспа БАҚ-тары, интернет басылымдары, әлеуметтік желілер);
– сайлау алдындағы жария іс-шараларды және кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізеді;
– баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне ҮМІТКЕР өзінің болашақ қызметінің сайлау алдындағы бағдарламасымен таныстырады.

Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиісті сайлау комиссиясы үміткерге партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға, ал үміткер тіркелгеннен кейін мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны ұсынған жағдайда онда үміткерді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға құқылы.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ