АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУҒА ҮШ КҮН ҚАЛДЫ: САЯСИ НАУҚАННЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Уақыты: 21.07.2021
Оқылды: 1291
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ауыл әкімдерін сайлауға үш күн қалды. Маңызды саяси науқан елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ауыл әкімі болуға үміткерлер қатары да көп. Мәселен, кандидаттардың ең көбі Іле ауданының Чапаев ауылдық округінде тіркелген. Мұнда барлығы 9 адам әкім лауазымына үміткер.

Жалпы, облыста 71 ауылдық округте ауыл әкімдерін сайлау өтеді. 25 шілде – үміткерлер үшін ең маңызды күн. Дәл осы күні облыстың 17 ауданында (қалада) ауыл әкімдері дауыс беру арқылы сайланады. Бүгінде облыста 279 кандидат ұсынылды, олардың 93-і саяси партиялар қатарынан. Ал 186-сы өзін-өзі ұсынған. Орташа бәсекелестік – 3,9 адам. Облыстың барлық округтерінде кемінде үш кандидаттан тіркелген.

Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар өздерінің болашақ қызметінің сайлау алдындағы бағдарламасымен таныстыруда. Айта кетейік, ауыл әкімдігіне үміткерлер 15 шілдеден бері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ