АУЫЛ ӘКІМІН ТІКЕЛЕЙ ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗІ САЙЛАҒАНЫ - ӨТЕ ДҰРЫС ШЕШІМ

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 1676
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Шиен ауылындағы әкім сайлауы тұрғындардың белсенділігімен өтіп жатыр. Екі елді мекеннен тұратын округте – Шиен және Қоғамшыл ауылында екі мыңнан астам тұрғын болса, соның ішінде 1614-інің сайлау құқығы бар. Түске дейін олардың жартысынан астамы өз таңдауларын жасады.

Бізді Шиен орта мектебінің ғимаратында орналасқан №310 сайлау учаскесінде сайлау комиссиясының төрағасы Естай Көпжасаров қарсы алып, саяси шараның барысымен таныстырды. Оның айтуынша, дауыс беру таңғы сағат жетіде Мемлекеттік Гимн ойналуымен басталды.

Комиссия төрағасы Естай Сәмүдінұлы, ауыл азаматы Серік Қалиев елімізде алғаш рет өтіп жатқан бұл сайлаудың маңызы мен ерекшелігі жөнінде сөз сөйледі. Сондай-ақ, 18 жасқа толған жас сайлаушы Айбике Сәмүдін толғанысты пікірін білдірді.

Мұнда келген тұрғындар дауыс берудің талаптары бойынша комиссия мүшелерінен көше бойынша жасақталған тізіммен өз бюллетендерін алып, жабық кабинада қалаған үміткерді белгілеп, қолындағы қағазды жәшікке тастауда. Індетке байланысты сақтық шаралары сақталған.

Комиссия хатшысы Жазира Сатқанбаева сайлаушылардың барлығына алдын ала шақырту қағазы таратылғанын, денсаулығына байланысты 30 сайлаушы үйден дауыс беретінін айтады. Оларға комиссия мүшелері бастан-аяққа дейін жабатын корғаныш комбинезон киімімен барады.

Шиен ауылдық округінің жаңа әкімі болуға мұнда бес үміткер саяси додаға түсті. Олардың екеуі өзін-өзі ұсынса, үшеуі әр түрлі партиялардан, атап айтқанда, «Нұр Отан», «Адал» және Қазақстан халық партияларынан. Екеуі осы ауылдың тұрғыны, үшеуі басқа елді мекеннен.

Біз дауыс беріп шыққан ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Темірхан Қожахметовты әңгімеге тарттық: «Байқауымша, сайлау өз деңгейінде өтуде. Елімізде бірінші рет болып жатқан ауыл әкімін тікелей халықтың өзі сайлағаны өте дұрыс деп есептеймін. Себебі халық өзі таңдауын жасап, әкім соған сай жұмыс істейді. Бұған дейін кандидаттармен кездесіп, олардың сайлауалды бағдарламаларымен танысқанбыз. Ауылдастарым солардың қайсысы ауылдың дамуына көбірек жұмыс істейді дегендерін таңдайтынына сенемін», - деді.

Осыннан бұрынғы ауыл әкімін, осы ауылдағы шаруашылықта ұзақ жыл жауапты қызметтерде жұмыс істеп, елді мекенге еңбегі сіңген ардагер Әділжан Байсариевті жолықтырып, оның да пікірін сұрадық. «Елімізде алғаш енгізілген жаңа тәртіпті қуана қолдаймын. Бұрынырақта әкімді халық сайламайтын, жоғарыдан тағайындайтын еді ғой. Онда жалпы тұрғындардың пікірі сұралмайтын. Енді, міне, халық әкімді өзі сайлап жатыр. Халықпен ортақ тіл табысып, жақсы жұмыс істейді деген азаматты тұрғындар өздері таңдайды. Өзін халық қалап алғаннан кейін әкімнің де жауапкершілігі еселеніп, ауылдың көркеюі үшін аянбай жұмыс істейді деп есептеймін. Халықпен санасады. Ауылдың өз бюджеті болады, соны елді мекеннің ең керекті шаруасына орнымен жұмсауға дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын. Бүгін мен де өз таңдауымды жасап, өзім сенген үміткерге дауысымды бердім», - деді ол.

Жамбыл ауданында бүгін екі ауылдық округте әкім сайлауы өтіп жатыр. Үлгілі ауылдық округінде де дәл осындай тәртіппен халық өз таңдауын жасауда.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы