БҮГІН ҚАЗАҚСТАНДА ЕЛБАСЫ ЖАРЛЫҒЫМЕН ОТБАСЫ КҮНІ АТАЛЫП ӨТЕДІ

Уақыты: 12.09.2021
Оқылды: 1142
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Отбасы күні - Елбасының Жарлығымен бекітілген еліміздегі мерейлі мерекенің бірі. Оны атап өту бірнеше жылдан бері дәстүрге айналды. Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мереке биыл 12 қыркүйекке сәйкес келіп тұр. Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы Сержан Кадырханұлы мен Текелі қаласы әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Ақмарал Шынбергенқызы Отбасы күніне орай шаңырақ көтерген жас жұбайларға салтанатты түрде неке куәлігін табыс етті.

Игілікті шараның себепкерлері болған Денис Киреев пен Светлана Олешко Текелі қаласының тумалары. Қаламыздың №1 орта мектебін аяқтаған сынаптастар өз өмірлерін туған жерлерімен байланыстырған. Отанасы Светлана  қаламыздағы "Textil market" тігін цехында қызмет етсе, отағасы Денис вахталық жұмыспен айналысады.

Салтанатты жиында жаңадан отбасын құрған жерлестерімізді құттықтаған аппарат басшысы: "Сіздер Отбасы күні қарсаңында шаңырақ көтеріп тұрсыздар. Жолдарыңыз әрқашан ашық болсын! Мұндай айтулы күн сіздердің естеріңізден мәңгі сақталады деп ойлаймын. Мереке күндері шаңырақ көтерген барлық жас отбасы­ларға бақыт, шаттық, береке тілеймін", – деп жылы лебізін білдірді.

"Біз отбасылық құжатымызды осындай салтанатты жағдайда аламыз деп ойлаған жоқпыз. Осындай ізгілікті істі ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Біз­дің тойымыздың дәл отбасы мерекесімен орайлас келгені де жақсы­лық­тың белгісі. Бұл біз үшін тарихи сәт. Оны мәңгі ұмытпаймыз. Туған еліміздің дамуына үлесімізді қосып, бақытты отбасы болуға бар күшімізді саламыз", – деді жас жұбайлар.

«Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған. Жалпы, соңғы 6 айдың көрсеткіші бойынша Текелі қаласында 100-ге жуық жұп некелескен.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ

Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы