ІЛУДЕ БІР КӨЛІК ӨТЕТІН: 20 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАНДАЙ ЕДІ?

Уақыты: 19.09.2021
Оқылды: 1570
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Осыдан жиырма жыл бұрын Алатаудың баурайынан Алматы облысынының орталығы мәртебесін алған Талдықорғанға көшкен кезіміз күні бүгінгідей көз алдымда.

«Жетісу» дейтін қара шаңырақтың журналистері, басқа да қызметкерлері жүк көлігіне бар заттарымызды тиеп, өзіміз бір «Газельге» орнығып, бір үйдің адамындай бір-бірімізге қамқорлық таныта Талдықорғанға бет түзеген едік. Бәріміздің көңілімізде күдік пен үміт қатар орныққан. Күдігіміз – Алматыдай алып шаһарда тірлік кешкен біз жаңа қалаға үйрене аламыз ба деген ой. Ал үмітіміз – жарығы сөніп, жалыны өшкен қалаға қайта тіршілік нәрін беріп, түлеуіне атсалысу.

Ол кезде Талдықорғанда бүгінгідей әсем ғимараттар болмады. Ескі, тозығы жеткен, жылуы кеткен көп қабатты үйлерді, қараусыз қалған ғимараттарды, сүреңсіз, түнде жарығы сөнген көшелерді ғана көретін едік. Бір сөзбен айтсақ, тіршілігінің кетеуі кеткен қала еді. Жолдың бойынан ілуде бір көлік өтетін. Тамақ ішетін дәмханалар да жоқтың қасы. Мектеп асханаларынан барып түстенетінбіз. Санаулы ғана мейрамханалар болатын. «Жетісу», «Белое солнце пустыни» және «Достық» мейрамханалары.

Қазіргі Талдықорғанды көрсеңіз, аяқ аттам жерде дәмхана, асхана, мейрамхана. Одан бөлек қаншама әсем ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтерді. Сол кездері жиырма жылда Талдықорған дәл осылай өзгеріп, жасанып шығарына сенбеген де болармыз.

Ол жылдары тұрғызылған әрбір ғимарат, көпқабатты тұрғын үйлер сол кезде облыс әкімі болған Шалбай Құлмаханов пен орынбасар қызметін атқарған Амандық Баталовтың жіті қадағалауында болды. Талдықорған құрылыс алаңына айналған соң журналистердің де жазар негізгі нысаны осы. Күн сайын  шаң-шаң болып, салынып жатқан ғимараттардың, қайта жөндеуден өтіп жатқан үйлердің сапасы мен тездетіп, уақытылы берілуі туралы мақала дайындаймыз да жүреміз. Талдықорған әуежайының, орталықтағы арбаттың салынуы, «Қаратал» шағынауданының бой көтеруі де жіті бақылауда болды.

Әрбір ғимарат салынып бітіп, пайдалануға берілуінің өзі үлкен бір қуанышты жағдайға ұласып жатты. Одан бөлек, түнгі көше, оның жарықтандырылуы, қоғамдық орындардың тазалығы мен талапқа сай болуы сынды мәселелер де облыс басшылығының назарынан түспейтін. Осы істердің куәсі болып, Талдықорғанның қайта түлеуін көзбен көрген біз де бір бақытты буын шығармыз.

Бүгінде Талдықорған жастардың ордасына, арман қалаға айналды. Жас буынның, аға буынның, қариялардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда.
Жиі атбасын бұрып тұратын туған мекенім Алматыдан қайтып келе жатқанда биік тал-теректерімен көз тартатын әсем қала Талдықорған – бүгінде мен үшін тазалықтың, мәдениеттіліктің үлгісіндей. Жайнай бер, жасай бер, шырайлы шаһар!

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы