ТАЛДЫҚОРҒАНДА ГАЗБЕН ЖҮРЕТІН АВТОБУСТАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 1077
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісудың жауһары саналатын, салтанаты мен сәні жарасқан Талдықорғанның облыс орталығы болғанына  20 жыл толды. Қала күні қарсаңында жаңа нысандар ашылып, тұрғын үйлер беріліп, халық шат-шадыман күйге бөленуде. Сүйіншілеп хабарлайтын тағы бір тамаша жаңалық – дәл осы күні заманауи су жаңа қоғамдық көліктер тапсырылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ арқылы 2,3 миллиард теңгеге 55 автобус пайдалануға берілді. Ерекешелігі сол, барлығы да экологиялық талапқа сай газбен жүреді. Қала тұрғындарын «Qaztenna» мен «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-нен әкелінген «Ютонг», «Паз» маркалы автобустар тасымалдайтын болады.

Мерейлі сәтте мерекемен құттықтаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осыдан 20 жыл бұрынғы Талдықорғанның бейнесін баяндап, қазіргі шырайын мақтанышпен сипаттады.

- Бүгін - бәріміз үшін жақсылық пен қуанышқа толы күн. Қала тұрғындарына үлкен сый жасап жатырмыз. Талдықорғанда керемет, заманауи, экология талабына сай автобустар жүрсін деген менің үлкен арманым болатын. Жергілікті бюджеттен арнайы қомақты қаржы бөлдік. Барлығы да газбен жүреді. Ол үшін газ стансысын салдық. Тек біздің қалада ғана оқушылар мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Жаңа автобустар құтты болып, халыққа қызмет етсін. Талдықорғанымыз бұдан да көркейіп, гүлдене берсін, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Келесі кезекте сөз алған Талдықорған қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі, Талдықорғанның Құрметті азаматы Мұрат Қалық 66 жылдан бері осы шаһарда тұрып жатқанын, содан бері талай өзгерістер орын алып, қаланың жыл сайын өркендеп, көптеген нысандардың салынып жатқанын айтты. Ал «Асар» спорттық-оңалту орталығының директоры Елдос Баялышбаев болса, жаңадан келген автобустар мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін кіріп-шығуына ыңғайлы екенін жеткізді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы