Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КӨП ДЕҢГЕЙЛІ МОДЕЛЬ

Уақыты: 13.10.2021
Оқылды: 619
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейде мемлекет пен жұмыс берушінің және жұмыскердің арасындағы жауапкершілікті бөлуді көздейтін әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі моделі жұмыс жасайды.


Бірінші деңгей – Қазақстан Республикасы Конституциясы аясында кепілдік берілген әлеуметтік төлемдерді, яғни, барлық азаматтарға бірдей деңгейде тағайындалатын төлем (базалық зейнетақы төлемі, мемлекеттік жәрдемақылар, бала туғанда берілетін біржолғы төлем, бала күтімі бойынша төлемдер және т.б.);
Екінші деңгей – еңбек өтіліне және еңбекақысының мөлшеріне байланысты ынтымақты зейнетақы, жинақталған зейнетақы мен әлеуметтік сақтандыру аударымдары есебінен жүргізілетін әлеуметтік төлемдер, яғни азаматтардың қоғамды дамытуға қосқан жеке үлестерін ескеретін қосымша әлеуметтік қамсыздандыру;
Үшінші деңгей – ерікті және кәсіптік жинақтау немесе сақтандандыру жарналарының есебінен жүргізілетін әлеуметтік төлемдер.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру елімізде 2005 жылы енгізіліп, жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі болып табылады. Жүйе жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен шұғылданатындардың, сонымен қатар бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің өз пайдасына аударатын әлеуметтік аударымдарының есебінен қаржыландырылады. Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылатын әлеуметтік аударымдар жұмыскердің еңбек ақысынан ұсталынбайды, ол алатын табыстың 3,5% мөлшерінде жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленеді. 

 Жұмыс істейтін азамат, сондай-ақ, ол қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері әлеуметтік тәуекел туған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алуға құқылы. Төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген табысқа, сонымен бірге аударымдарды төлеу ұзақтығына тікелей байланысты болады. 

Қазіргі уақытта МӘСҚ-дан еңбекке қабілеттілігінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылуы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайларына әлеуметтік төлемдер төленеді. 

COVID пандемиясына байланысты туындаған жаһандық дағдарыс біздің елімізді де айналып өтпеді. 2020 жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтар санының және осыған байланысты МӘСҚ-дан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдердің сомасының өскенін атап өту керек.

Жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді алудың басты шарттары тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркелу қажеттігі және 6 айдан кем емес еңбек өтілінің болуы. Жұмыскердің еңбек өтілі МӘСҚ-ға келіп түскен ай сайынғы әлеуметтік аударымдар арқылы анықталады. 

Цифрландыру заманында карантин кезінде үйден шықпай-ақ көп мәселелерді шешудің мүмкіндіктері бар, соның бірі «бір терезе» қағидасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда (egov.kz) электрондық үкімет порталы немесе (enbek.kz) электрондық еңбек биржасы порталы арқылы, жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркелу және МӘСҚ-дан жұмысынан айырылуына байланыс­ты әлеуметтік төлемге өтініш беру қарастырылған.

Жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді жұмыссыз ретінде тіркелген кез келген адам ала алмайды. Тек қана МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы құқылы. Бұл әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыс­кердің соңғы екі жылдағы орташа айлығының 40 пайызын құрайды. Ал тағайындау мерзімі егер әлеуметтік аударымдар МӘСҚ-ға 6 айдан 12 айға дейін түссе 1 айға; 12 айдан 24 айға дейін түссе 2 айға; 24 айдан 36 айға дейін түссе 3 айға; 36 айдан 48 айға дейін түссе 4 айға; 48 айдан 60 айға дейін түссе 5 айға; 60 және одан көп ай болғанда 6 айға тағайындалады. Тағайындалған әлеуметтік төлемнен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынады.

МӘСҚ-дан жұмысынан айырылуына байланысты әлеу­меттік төлем республика бойынша 2020 жылы 99 123 адамға 15,8 млрд. теңге, оның ішінде Алматы облысы бойынша 9 045 адамға 928 млн. теңге, ал 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында респуб­лика бойынша 70 253 адамға 9,1 млрд. теңге, оның ішінде Алматы облысы бойынша 7 059 адамға 538 млн. теңге төленген.

Жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыра отырып және тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ынталандыру арқылы бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың маңызды және қажетті элементі болып отыр. 

Е. АМАНБАЕВ, 
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» 
АҚ облыс бойынша филиал 
директорының орынбасары