ҚЫС БАСТАЛМАЙ ЖАТЫП КӨМІРГЕ КЕЗЕК КӨБЕЙІП, ШИЕЛЕНІС КҮШЕЙГЕН

Уақыты: 19.10.2021
Оқылды: 1298
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Оған аудан, қала әкімдері мен салаға жауапты қызметкерлер қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің баяндамасы тыңдалды. Белгілі болғандай, жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Жылу желілеріндегі температуралық режим сақталуда. Бюджеттік ұйымдар үшін жылыту маусымына 5,6 млрд. теңгеге 26,2 млн. литр дизель отыны сатып алынып, 15,7 млн. литрі, яғни 60 пайызы жеткізілген. 15 қазандағы жағдай бойынша білім беру нысандарына сұйық отын жеткізуде Ақсу (лимиттің 41%), Алакөл (40%), Жамбыл (52%), Қарасай (32%), Кербұлақ (29%), Талғар (30%), Ұйғыр (39%) аудандары мен Қапшағай қаласындағы (30%) көрсеткіш төмен.

Алакөл ауданының білім беру нысандарына 578 мың литр немесе лимиттің 40%-ы жеткізілген (лимит 1,45 млн. литр). «РЕТЕКО» ЖШС жеткізушімен шарт бұзылып, 13 қазан күні қайта конкурс жарияланып, 29 қазанда қорытындысы болмақ. Сонымен қатар, жылыту маусымы басталғалы табиғи газға уақытылы қосылмау себепті Іле ауданының үш жаңа мектебіне жылу берілмеген. Ал денсаулық сақтау нысандарына сұйық отын жеткізудің төмен көрсеткіші Ақсу (22%), Еңбекшіқазақ (17%), Кеген (15%) және Талғар (21%) аудандарында байқалған.

Тұрғындар үшін көмір қажеттілігі 1,37 млн. тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге халыққа 856,6 мың тоннасы сатылған, яғни, 63%. Тұйықтар мен қоймаларда жазғы кезеңнен қалған қалдық 24,5 мың тонна. Тұйықтарға орта есеппен күніне 85 вагон жеткізілуде, соның ішінде Алматы өңіріне 49 вагон, Талдықорған өңіріне 36 вагон. Қазан айының 1-15 күндері аралығында Талдықорған қаласына 162 вагон келіп түскен. Қазан айына жоспар бойынша 232 875 тонна көмір жеткізу көзделген. 15 қазанға дейін жоспар 106 536 тоннаны құрады, жеткізілгені 87 699 тонна немесе жоспардан 82%.

Биылдың шілде, тамыз және қыркүйек айларына тұйықтар мен қоймаларға Қаражыра көмірінің 236,1 мың тоннасы, яғни, 4793 вагон, Шұбаркөл көмірінің 252 мың тоннасы, яғни, 3 652 вагон жеткізу көзделген. Алайда, осы айларға Қаражыра көмірінің 221,3 мың тоннасы, Шұбаркөл көмірінің 246 мың тоннасы ғана нақты жеткізілген.

«Жылыту маусымы басталмай жатып Қаратал, Көксу, Панфилов, Кербұлақ аудандарында және Талдықорған қалаларындағы көмір сату орындарында кезектер орын алып, әлеуметтік шиеленістер туындауда. Бүгінде мұндай наразылықтар әлеуметтік желілерде көптеп таралуда. Осы орайда аудан, қала әкімдеріне халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, туындаған жағдайға байланысты оларды көмірмен толық қамтамасыз ету мақсатында келіп түскен вагондардан әр автокөлікке 3 тоннадан тиеуді ұйымдастыру қажет», – деді Бағлан Сағындықұлы.

Жиында аталған мәселелер жан-жақты талқыланып, салаға жауаптылардан мән-жайы сұралды және жауаптар алынды. Лаззат Махатұлы жылыту маусымын үзіліссіз өткізу үшін жоғарыда аталған кемшіліктерді жойып, барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырмалар берді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтардың көмірсіз қалмауын ерекше бақылауға алуды міндеттеді.

Жиында аудандар мен қалаларда мүлік иелерінің бірлестігін және жай серіктестік ұйымдарын құру, білім нысандарын күрделі жөндеу мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары, вакциналау және коронавирустық инфекциялармен күрес жөніндегі іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары жайындағы мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары мүлік иелерінің бірлестігін құру жұмыстарын тездету, қауіпті індетті ауыздықтау мақсатында халықты вакциналау қарқынын арттыру туралы тапсырмалар берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды