АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ӘКЕЛЕР КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ. ОЛАР НЕ ІСТЕЙДІ?

Уақыты: 04.11.2021
Оқылды: 2229
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында әкелер кеңесі құрылды. Бұл шара тұңғыш рет қолға алынып отыр.

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі әкелердің мәртебесі және жауапкершілігін жоғарылату, отбасылық құндылықтарды дамыту және нығайту мақсатында «Әке – отбасының тірегі» атты әкелер форумы өтті.

Жиынға отбасында, бала тәрбиесінде өз жауапкершілігін сезінген белсенді әрі түрлі сала қызметтерінде үлгі көрсетіп жүрген, ұрпағына саналы тәрбие беріп, көпке үлгі болып отырған көпбалалы әкелер қатысты. Сонымен бірге, жас әкелер де белсенділік танытты.

Форум аясында олар түрлі тренингтерге қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бүгінде отбасы тәрбиесіндегі, балалардың бойына патриоттық сезімді дарытып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлін көтеру мәселелеріне қоғам назарын аудару қажет. Осы орайда форумда белсенді әкелердің басы қосылып, алдыңғы буынның оңды тәрбиесін, ата-аналар қауымдастығының жұмысын жетілдірудегі өзекті сұрақтарды талқылау сынды бірқатар мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, жиналған қауымның ортақ ұсынысына сәйкес, тұңғыш рет облыстық әкелер кеңесі құрылды.

Аталмыш әкелер кеңесі әкелік институтты насихаттаумен қатар өңірде кейбір жауапсыз әкелердің алимент төлемеуі, аз қамтылған отбасыларға мекенжайлық көмек көрсету, оның ішінде, әлеуметтік тұрғыда қажыған, отбасын асырауда қиындыққа тап болған әкелер мәселесін шешуге баса назар аударатын болады.

Әкелер кеңесінің өкілі ретінде жергілікті атқарушы органдар жанындағы әртүрлі сараптамалық жұмыс топтарының тартылуы маңызды. Арқалар жүгі салмақты кеңестің төрағасы ретінде Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сайланды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"