ТАҒЫ ДА КӨМІР МӘСЕЛЕСІ. ОТЫН ҚҰНЫН АСПАНДАТЫП ЖАТҚАН КІМДЕР?

Уақыты: 05.12.2021
Оқылды: 1316
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жұртшылық көмірден тарықпауы керек. Бюджет қаражаты жыл соңына дейін игерілуі тиіс. Бұл мәселелер тағы бір мәрте аудан-қала әкімдері және салаға жауапты қызметкерлермен өткен селекторлық кеңесте пысықталды. Жиынға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ төрағалық етті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Абылқасымовтың баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Жылу желілеріндегі температуралық режим бақыланып, нормада сақталуда. Жылумен жабдықтау кәсіпорындарына қатты отын қажеттілігі 405,3 мың тонна, бүгінде жеткізілгені 55%. Қоймалардағы көмір қалдығы 49,9 мың тонна. Мазут қажеттілігі - 15 мың тонна, қалдығы - 6,6 мың тонна. Жылумен жабдықтау ұйымдарының алдындағы дебиторлық берешек - 643,3 млн.теңге. Олардың негізгісі облыстың бюджеттік мекемелері мен жеке кәсіпкерлер.

Аймақта 737 бюджеттік нысан сұйық отынмен жылытылады. Жалпы қажеттілік - 26,2 млн.литр. Бюджеттен 5,6 млрд.теңге бөлінген. Бүгінде тасымалдау жұмысы жүргізіліп, 71% жеткізілген. Елдегі сұйық отын тапшылығына, бағаның өсуіне байланысты кейбір жеткізушілер жасалған шарт бойынша өз міндеттерін орындай алмағандықтан, отын тасымалдаудан бас тартқан. Осы ретте шұғыл шара қабылданып, денсаулық сақтау саласына 2,3 млн.литр, білім беру нысандарына 14,5 млн.литр сұйық отын жеткізіліп, жаңа тасымалдаушылар анықталған.

Жылыту маусымына тұрғындар үшін 1,33 млн. тонна көмір қажет. Бүгінде халыққа 84% сатылған. Аудан әкімдерінің мәліметіне сәйкес, елге көмір жеткізу бойынша Ақсу, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қаратал, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандары және Қапшағай қаласында көрсеткіш төмен. Көмір тапшылығы бойынша проблемалар бар. Олар көмірді үйге автокөлікпен жеткізу қызметі бағасының күрт өсуі, жеке тұрғын үй аумағында қаптағы көмір бағасын 2-3 есеге қымбатқа сату. Сондай-ақ, тұйықтарда қатты отынды құм-тас немесе ескі көмірмен араластыру дерегі орын алған.

Лаззат Махатұлы бұл мәселелерді бүге-шігесіне дейін талқылап, сала қызметкерлерінен жауап алды. Жиында, әсіресе, көмір тапшылығын болдырмау, бағасын тұрақты ұстау, халыққа жеткізудегі тасымалдау проблемалары назарға алынды. Мысалы, тұйықтарда көмір бағасы тұрақты, бірақ тасымалдау ісіне келгенде делдалдардың кесірінен отын құны көтеріледі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға аталған мәселелерді тереңнен зерттеп, зерделеп, күрмеуін тарқату жолдарын қарастыруды, қалай болғанда көмір бағасын көтермеу мәселелесін шешуді тапсырды.

Кеңесте Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков, Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бұлдыбаев, тағы басқа жауапты тұлғалардың есебі тыңдалды. Белгілі болғанындай, Қаратал ауданына күніне жеті, аптасына қырық вагон көмір келіп жатыр. Талдықорған қаласында да тасымал мәселесі шетінен реттелуде. Мысалы, бұрын шаһарға күніне алты вагон келсе, қазір олардың саны он бес, он алтыға жеткен. Ал Текеліде он күндік қана қор сақталған.

Лаззат Махатұлы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, көмірге қатысты мәселені 10-15 күн ішінде бір жүйеге келтіріп, жыл соңына дейін бюджет қаражатын тиімді игеруді тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы