ТӘУЕКЕЛГЕ ТОЛЫ ОТЫЗ ЖЫЛ: ДЕПУТАТ ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАННЫҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 15.12.2021
Оқылды: 1450
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«...Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп Тәңірі мені қаған отырғызды. Ең болмаса, дәулетті халықты билемедім. Іші ассыз, сырты тонсыз, әлсіз, нашар халықты басқардым. Інім Күлтегінмен, екі шад, інім Күллі-Чормен ақылдастым. Әкеміз, ағамыз иелік еткен халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Одан соң Тәңірі жарылқап, құт-бағым бар болғандықтан, өлімші халықты тірілттім... Аз халықты көп қылдым». (Білге қаған ескерткішіндегі жазу).

Осынау тұмар тұтқан қасиетті Тәуелсіздіктің ордалы 30 жылдық белесі – қолымызды жүрек тұсымызға қойып тұрып алаңсыз арылатын, ағынан жарылатын, өткен кезеңдерді көңіл таразысына салып «Тәубе!» деген ұғымның төрінен табылатын сәт-сағаттар. Ашығын айту керек, киелі Тәуелсіздік – салбырап аспаннан түскен жоқ, жердің жігін қақ айырып жерден шыққан жоқ! Ащы кеңістік гулеп тұрған сол бір елең-алаң шақтағы қоғамның есік-терезесінен де кірген жоқ. Уақыт-ағзам тақымына қылбурау салынған тағдырлы елдің құлын даусына құлақ түрмесе де, кезең-кезеңімен ұлтқа қорған болар баһадүрлерді, хандар мен билерді сыйлады. Қасиетті Тәуелсіздік – ат үстінде түнеген, басынан алағай да бұлағай дәуірлерді өткізген бабаларымыздың ымырасыз күрестерінің, кесілген бас пен төгілген жастың бәсіресі. Тоқпағы мен соқпағы көп өткен кезеңдерді қайыра бір електен өткізу баршамыздың перзенттік борышымыз, ал Тәуелсіздік тағылымын сәт сайын жадында жаңғырту Азаттық жылдары қалыптасқан жаңа буын, жас ұрпақтың міндеті.

Арыға бармай-ақ, жетпіс жыл бойы желкемізге мініп, жекен суымызды ішкізген, идеологиясы сүйегімізге дейін өтіп кеткен Кеңестер одағының темір құрсауы мен қайыс тұсауы – одақтас елдердің қай-қайсысына болса да оңай соққан жоқ, ал ХХ ғасырдың азабын ең көп тартқан, арқасын саяси үскіріктер мен аяз қарыған бодан Қазақстанға тіпті ауыр болғанына тарих куә.

«Жыланды үш кессең де кесірткелік халі бар» дейді, ал сан жылдар бойы басына ас құйып, сабына қарауыл қойған, «одақтас» деп айдар тағып, бір шінжірге байланған жұлыны берік жұмыр жүйенің талшықтары сыр бергенмен, тамыры тым-тым тереңде еді. Саясат сәт сайын сынаптай құбылып, таңда қабылданған шешім кеште теріске шығып жатқан 90-жылдары басында бұғау, аяғында көзір тұрған бүтін бір Республика мен елдік Жауапкершілікті өз мойнына алған ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының тәуекелін сезіне беріңіз. Саяси интригалар мен бюрократиялық барьер, көзге бірі көрінсе, бірі көрінбейтін ірілі-ұсақты кедергілер, ұлт мұраты жолында топсасын мүк басып кеткен емен есіктерді ашуға ерік-жігердің жетуі, әріптестермен бірге қабылдайтын ортақ шешімдерден өз елінің есесін жібермей, бәсін биік ұстау, Кремльдің қабырғасындағы алып сағаттың уақытына құрылған «мәжбүрлі» саяси шешімдерден жол тауып шығу үшін саясаткерге қандай амал мен айла, найзағайдың отына нан пісіретіндей сұрапыл қадамдар керек екенін жандүниеңмен сезінбеуге шараң жоқ...

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының таяуда ғана жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында Тәуелсіздік қарсаңындағы кейбір қайшылықтарды, шешім мен кесімнің, күрескерлік пен кемеңгерліктің, «тар жол, тайғақ кешудің» өткелі жайлы жаға ұстатар кейбір жайттарды жазыпты. Мәселен, 1989 жылы Кремльдің Съездер сарайының мінбесіндегі сөйлеген сөзін қаз-қалпы келтірейік: «...Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша, елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек. Он екінші бесжылдық жоспары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды».

Жолындағысын солқылдатып басып-жаншып келе жатқан составтың, қойын-қонышы тәжірибеден өткен небір әдіс-айла мен қару-жараққа толы саяси эшелонның есігін айқара ашып, «қайта құра алмай жатқан» бас хатшының өзі сеніп отырған «бетбұрысын» нақты деректермен жоққа шығару үшін қандай тәуекел керектігін сезіне беріңіз.

Сонымен қатар,Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылымның 7-сессиясына ұсынылған «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын талқылау кезіндегі депутаттардың пікірлері жаға ұстатты. Оқып көріңіз!

«Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба?», «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой» немесе «Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының Президенті бола алатыны жөніндегі ұсынысты маған қатысты алғанда азаматтық теңқұқылыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па?» - деген соқтасы қалың, астарына қан-жын ұялаған сауалдарды пейілі түзу, «осы елге бола қойса екен» деген ниеті қалыс жан айтты деуге келе ме? Келмейді, әрине!

БҰҰ дерегі бойынша жер бетінде 6000-ға жуық тіл, 5000-дай этнос бар екен.Имам Шәмілдің «Кішкентай халыққа – үлкен қанжар керек!» деген сөзін ұран етіп, сан дәуірлерден бері Тәуелсіздік үшін күресіп келе жатқан ел аз ба? Адамзат баласын бауырында тулатып жатқан сол жұмыр жерде 193 елдің ғана маңдайына Тәуелсіз ел болуды жазған. Жаратқан Иеміз сол санатқа «мың өліп, мың тірілген» Қазақ Елін қосқан, ұлтымыздың ең ұлы бақыты да осы – Азаттық! Мемлекеттіліктің, Тәуелсіздіктің негізгі атрибуттары саналатын Елтаңба, Ту, Әнұранның қалай жасалғаны, қаншама тарихи тұлғалардың араласқаны, ақыры кеңесе келе ресми түрде бекітіліп, республика жұртшылығына жариялануы қандай жүрек тебірентер сезімдер мен тарихи сәттер болғаны баршамыздың жадымызда.

«Бостандық – халықты бодандықтан да артық сынайды» деген қанатты сөз әйгілі қаламгер Кекілбайдың Әбішінен қалған еді. Бұл ұғымның салмағы Тәуелсіздік жылдары айқын сезілді.

Отыз жыл – уақыттың бедерімен алғанда едәуір болғанмен, тарихи өлшеммен қарағанда қас қаққандай ғана мезгіл. Осы жылдар ішінде еліміз сынақтарды бастан аз кешірген жоқ. Қазақстан – алып жер шарының шағын ғана бір бөлшегі. Есік-терезеңді тас бүркеп, шекараңды шегендеп, ілгекке сом темір іліп қоятын тас дәуірі емес. Бармасаң, келмесең – елің жарылады, алмасаң, бермесең – демің тарылады. Жалпыға ортақ Ережені сақтау Байрағы бар мемлекеттердің міндеті. Ал жаңа құрылып жатқан елдің ауласына саяси ақылгөйлер мен діни миссионерлердің үйір келетіні және мәлім.

1991 жылы Қазақстан өз алдына отау құрғанда ұлттық құрамымыз небәрі 37-ақ пайыз еді. Беті аулақ, сол тұстатіл мен дінді желеу етіп,Тәуелсіздік тағдырын референдумның қара қазанына салып жіберсе не болатынын көзге елестетудің өзі қиын. Сол тіл мәселесі әлі күнге дейін ел-халықтың көңіл түкпіріндегі толғағы қалың сауалға айналып тұр десек те, «үй сыртында кісі бар» дегенді мәтел естен бір сәт шығар емес. Арада отыз жыл өтсе де ай-күннің аманында отқа май құйып, ел ішін алатайдай бүлдіргісі келетін сыртқы күштер аз емес.

Осынау жылдар ағысында қазақ тiлi туралы толғақты ойлар, пiкiрталастар, жанайқайлар, күрестер бiр сәт те толастаған емес. Тiлдің мәселесі өткен ғасырдың 20-жылдарында да үлкен мiнбелерде сөз болған. Мысалы, Сәкен Сейфуллин «Кеңсеге кiрмейiнше қазақ тiлiнiң көсегесi көгермейдi» дегендi сол дәуiрде қызыл шүберекпен оралған әйдiк мiнбеден айтқан. «Сөзi жоғалған ұлттың өзi де жоғалады» дегендi Алаштекті Ахмет Байтұрсынов жазып қалдырды. Қазiр де қазақ тiлiнiң жай-күйi ірі мiнбелерде қозғалуда. Мәселе – қалай айтуда? Мемлекеттiң саяси бағыт-бағдарын мұқатып қалуды, ел iшiнде қоғамға наразы бұқараның қатарын көбейтудi көздейтiн түрлі топтар өз мақсаттарына жету жолында дәл осы тiл мәселесін саяси-әлеуметтiк маңызы басым құралға айналдырып жүргені жасырын емес.

Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi тiлге байланысты Заңды екi рет жаңартыпты. Ең алғаш елiмiздегi мемлекеттiк тiл туралы бiрiншi құжат 1989 жылы қабылданып, 1990 жылдың 1 шiлдесiнен бастап күшiне енген. Бұл – жаңадан тәуелсiздiк алған посткеңестiк елдердiң қай жолды таңдауды бiлмей «шақшадай басы шарадай» болып тұрған кезi. Мемлекет алды-артын бажайлап болмай тұрған сол бiр «өлара» уақытта қабылданған «Тiл туралы» Заң мүмкiндiгiнше өз миссиясын орындады.

Ашығын айту керек, сол кездегi тәуелсiз Қазақстан өзге мемлекеттер секiлдi реформаны әлеуметтiк және экономикалық жаңарулардан емес, мемлекеттiк тiлдi реформалаудан бастағанда өзге ұлттар басымдық алып тұрған Қазақстан «саяси көкпардың» алаңына айналмасына кім кепіл? Тiптi, сол кездегi Балтық бойындағы сарапшылар «Қазақстан азаматтық соғыс алдында» деген де болжам жасап үлгерген болатын. Ал желдiң аңысын аңдып отырған шетелдiк мамандардың «ендi алпауыт мемелкеттер арасында Қазақстан үшiн талас басталады» деп жауырын ашқаны да жалған емес. Сондықтан осындай от пен судың арасында тұрған қазақ мемлекетiнiң басшысы Н.Назарбаев бiрiншi әлеуметтiк реформаны, нарықтық жекешелендiрудi және құқықтық тәжiрибе жинақтауды қолға алды. Осы уақыт аралығында «Тiл туралы» Заң жетi жыл қолданыста болды. Сөйтiп, 1997 жылы 11 шiлдеде, яғни әлеуметтiк-экономикалық саланың басы қайырылып қалған тұста ғана сол кездегі ел Президенті жаңа «Тiл туралы» Заңға қол қойды.

Қазақ тiлiне заңдық тұрғыдан мемлекеттiк тiл мәртебе берiлген. Бұл жөнiнде Конституциямызда 7-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi» деп тайға тағба басқандай көрсетiлген. Және Ата заңымыздың 34-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары ел Конституциясын және заңдарын қатал сақтауға мiндеттi» делiнген тiркес осы заңдық талаптардың мүлтiксiз орындалуын қадағалайды. Сонымен қатар, 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» Заңының 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп анық көрсетiлген. Мемлекеттiк маңызы басым құжат қазақ тiлiн заң ауқымында осылай қорғайды және мiндеттейдi. Соған қарамастан, қоғамда «қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiнде өзiнiң мәртебесiне лайық қолданылмай жатыр» дейтiн пiкiрлердiң басым екенi жалған емес. Осы орайда әйгiлi Д.Гарфильдтiң «Егер заңның мәжбүр етушi күшi болмаса ол заң бола алмайды» деген сөзi еріксіз еске оралады. Не істемек керек? Мемлекеттік тілдің мәртебесі Заңда тайға таңба басқандай көрсетілген. Демек, тиісті мемлекеттік күштер мен атқарушы билік «мәжбүр етуші» факторға айналу қажет-ақ.

Бұл орайда Елбасы: «Ана тілін қадірлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Ұлттық тілмен ұлттық сана қалыптасады. Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін! Ана тілден асқан тарихи мұра жоқ», - дегенді әлденеше мәрте айтты.

Ал ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Сондықтан балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Мемлекеттік тілді білу – әрбір Қазақстан азаматының парызы», - деп атап атап көрсетті.

Тәуелсіздіктің отыз жылдығында өткен жолымызға көз салсаңыз түрлі саяси-әлеуметтік һәм мәдени-рухани құбылыстарды ой елегінен өткізіп отырып, түрлі әсерлерде қаласың. Қолдайтын, қуаттайтын, алақайлап бөркіңді аспанғаататын оқиғалар аз емес. Ал қайығыңды қайрандатқысы келген түрлі саяси-әлеуметтік қайшылықтар, «қапсыра құшақтап, қабырға санаған» сыртқы күштер мен «өртеніп жатқан үйге бас-сирағын үйткісі келген» іші мерез ішкі күштер де осынау жылдарда белсенді жұмыс істеді.

Түрлі құбылыстарды желеу етіп беліндегі асынған бес қарауын демократияның бесігінде сынағысы келетіндер де жоқ емес. Билік пен бұқараның арасына алакөлеңке орнатып қойып, өз ұпайын түгендеуге мүдделі топтар да бой көрсетпей қалған жоқ. Кешегі қып-қызыл коммунист костюмін кенеттен смокингке ауыстырып, демі жалын атқан демократқа айналды. Кітап мүжіген бір данышпан «Ауыздықталғанит артымен үреді» дегенді кімге бағыттап, неге айтты? Әрине, бұл емеуріннің іргесі бізденалыс. Себебі, елдегі саяси түзім, қоғамның өзегіндегі жегіқұрт, басы оқиғаға толы жекелеген тұлғалар мен ұйқымызды қашырған ұлттық құндылықтар төңірегінде аз айтылған жоқ. «Бір елі ауызға екі елі қақпақ» цензурасы ақпараттық кеңістіктің күн тәртібінен әлдеқашан алынған. Қоғамдық-саясиөмір алға жылжыған сайын сантүрлі сауалдар туындайтыны мәлім.

Бірде Сергей Михалковқа профессор: «Сұрақ белгісі дегеніміз не?» деп сауал қойыпты. Сонда қаламгер: «Ол – қартайған леп белгісі», - деп жауап қатыпты. Мәселе, Михалковта емес, гәп – біздің қоғамдық өміріміздегі тамыры әлеуметтік ағыстарға байланған сұрақ белгілері мен болашаққа бағдар болатын леп белгілеріне тікелей байланысты. Қараша жұрт осы қос тыныс белгісінің арасында қандай қайшылықпен бетпе бет келсе де «Тәуелсіздік!» дейтін ұлы ұғымға көлеңке түсірмеуді бірінші кезекке қойғанына қапысыз сенесің.

«Өткен кезеңнің бәрі бірдей керемет» дегеннен аулақпыз, әлбетте. Кемшіліксіз қоғам болмайды. Әсіресе, алғашқы оңтайландыру кезінде «әттеген-ай» дейтін тұстар болмай қалған жоқ. Әсіресе, мәдениет саясатында. Осы күнгі өркениет өзегінен техно әуен іздеген ұрпақсол кездегі солақай шешімдердің кесірінен кітаптан қатты алыстап кетті. Оң жамбасқа келіңкіремеген оңтайландыру саясатыкезінде аузына қара құлып салынып, ғимараты көпестің көмейінде кетіп, кітапхана қорын жаппай отқа тамызықретінде пайдаланғаны жан шошытар жағдайлар болды, өкінішке қарай. Қойын кітапшамыздағыГейне данышпанның «Кітаптарды өртегендер, ерте ме, кеш пе, адамдарды да өртейді» дегенін сондай бір сұрықсыз жағдайларды көргенде түртіп алған болуымыз керек. Ерте ме, кеш пе, Имам Шәміл айтпақшы, «Кімде-кім кітапты масқараласа,кітап оны масқаралайды». Жаһандану дәуірінің ауласында құлдық ұрғанымызбен уақыт жеделдетіп кітап патшалығына қайта жақындауды талап етуде. Тарихта қағанағы қарқ, сағанағы сарқ небір патшалықтардықұлатқан – кітап! Жаһандану дәуірі ұрпақ алдына сантүрлі мәдениет кесен көлденең тартуда. Сондай бұралаңы көп өмір жорығында ұрпаққа көмекке келетін  негізгі құрал – кітаптар!

Осынау отыз жылдың бедерінде Қазақстан қаншама іргелі саяси істер мен бетбұрыстардың бастауында болды. Әлемдік қоғамдастықтарға мүше болып қана қоймай, сан жылдар ымыраға келе алмай кежегесі кейін тартқан тараптарды бір үстелдің басына жиып, Астана төрін келісім мен бейбітшіліктің белдеуіне айналдырды. Тәуелсіз ел ретінде әлемдік байрақты бәсекелер мен әлем біріншіліктеріне, олимпиадаларға қатысып, Көк Туымызды сан рет жербіретті. Бір атасы Оғызға, ұлы атасы қобызға барып тiрелетiн Қазақ Елінің сайыпқырандары Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап ғаламдық аламандарда оза шауып, олжа салды.

Тәуба айтатын тұстар аз емес. Мiнезiнде мина жасырылып жататын қазақ халқы саяси-әлеуметтiк сапырылыстардан гөрi өзiне рух сыйлаған сәттердi көбiрек еске сақтайды. Жұрт Махамбеттiк рухты сағынып жүргенде Қажымұқандағықуат иесiн қапысыз тауыпты. Дәулескер балуан Жақсылық Үшкемпіров қалыптастырып кеткен ұлы ерлiк тұғырында екен. Жеңiс биiгiнде тұрып зау көкке көтерiлiп бара жатқан Көк Туға қарапжылаған қазақ баласын көрдiк. Алаштың алтын сақасы Болат Жұмәдiлов әлемді бағындырғанда кебiсiн өкшелей киген кейуана немересiн атқа отырғызып сүйiншiге жiбердi. Сиднейдiңсәруәр аспанында Бекзат-ғұмыр екi дүниеге жететiн сый жасапкеттi. Сағи шалдың сақалына орап өсiрген ердiң сойы – Ермахан! Алыптар шайқасында шәр жұрттың бармағын шайнауға тастамаған Мұхтарханның гүрзi жұдырығынан айналдым! Бақтияр Артаевтың «Құдайлар елiнде» жасаған салтанатты жорығы өз кезіндесәби болмысты Тұманбай ақынның тұма жырына ерiк бердi. Ұлы – Ұрымды, қызы – Қырымды жайлаған астана жұрттың мейманасын тасытты. Әлемнiң иiнiн қазақтың ақтамаққарлығашына баланған Әлия Жүсiптiң буыны босатты. Илья Ильин жұмыр жердің темір-терсегін басынан асыра лақтырып, әлемнiң ең биiк нүтесiне апарып тастай салғандаәлем спортына әмірін жүргізіп отырған ақжағалылардың көп көргенін несіне жасырайық. 2008 жылы құлжаның сақасындай Нұрбақыт Теңізбаевтың дүниенің дүлейлерін ұршықша иірген ерен ерлігін Бейжің олимпиадасына арнайы барып өз көзіммен көрдім. Көк Туды жамылып тұрған Көк Түріктің тұқымын көріпкөзге ыстық жас тығылды сонда! Толқыдық! Шалқыдық! Қазақстаннан барған делегация сол жолы Пекиннің «Еңбекшілер» сарайын Қазақ Әнұранымен дүр сілкіндірген. Осының бәрі киелі Тәуелсіздіктің тәубе етер ғажайып сәті демей көріңіз!

Тәуелсіздіктің ең ірі жемісі – барлық тараптармен мемлекеттік шекараның делимитациясы мен демаркациясын құжатты түрде реттеп, екіжақты келісімге қол жеткізіп, болашақа ешқандай түйінді мәселе қалдырмағаны. Жалпақ Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы - 13 мыңнан асып жығылады екен. Өзге бауырлас елдерді былай қойғанда, екі жағымыздағы алып көршілермен жеріміздің шеңберін артық қадамға бармастан бас бармақпен мөрлеп, қаттап, алғанымыз – тарихи шешім! Бір ғана Ресеймен шектесетін аумақтың ұзындығы – 7500, ал Қытаймен 1700 шақырым. Сүйем жер үшін соғыс өртін тұтатқан ел аз ба? Алыстан мысал іздемей-ақ, іргедегі тәжік-қырғыз ағайындар жрты шақырым жер үшін тәжікеге барып, қолдарына қару алуда.

Таяу Шығыстың ұңғысынан түтін сейілмей тұрғанына сан жылдар болды. Түрі де, ділі де, діні де бір украин мен орыстар ай-күннің аманында есік-терезесін тарс бекітіп, бір-біріне қару кезенуінің тамыры шегенделмеген шекарада жатыр.

Осы Тәуелсіздік болмаса, қырық жыл бойы адамзат баласына уын төгіп, сан мыңдаған сәбидің тағдырын «саңырауқұлаққа» айналдырған Семей полигоны жабылар ма еді?

Осы Тәуелсіздік болмаса, үркіншілікте туған жерінен үдере көшіп, қиыр қонып, шет жайлап тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен миллионнан астам қандасымызатамекенге оралар ма еді?

Осы Тәуелсіздік болмаса, көрші елге өтуді армандаған Қазақ баласы мұхит асып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік университеттерінде оқитын ба еді? Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланып, басым көпшілігі елдің дамуы мен игілігіне қызмет етуде.

Алғашқы онжылдық сын-қатерлер мен тәуекелдерге, алыс-жақынмен байланыстарды күшейтіп, қалыптасу дәуірі болды. Одан кейінгі кезеңдерде инвестициялық жобалар жүзеге асып, нарықтық экономика мен әлеуметтік реформалар біртіндеп өз жемісін бере бастады.Қаншама ірі өндіріс орындары іске қосылды. Талдап, таразылап, бас-басына баға беріп жататын емес, осы жылдарда ақпараттық кеңістікте іске асқан әрбір жобаға баға беріліп, әлеуметке жетіп жатты.

Уақыт бір орнында тұрмайды. Ілгері жылжыған сайын қоғамның өзінің сұраныстары мен әлемдік қауымдастықтардың алдындағы міндеттемелер, ұлттық бірегейлікті сақтаудың талап-тілектері алдыдан шығатыны даусыз. Осы жағдайды ескерген Елбасы саяси модернизация мен трансформацияның кезеңі келгенін жан-тәнімен, аса зор жауапкершілікпен сезінді деуге болады. Сөйтіп мемлекетті басқару құзыретін өз ерік-жігерімен тоқтататынын мәлімдеді. Елде барлық балама сайлау өтті.

Нәтижесінде, Елбасының сенімді серігі, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап осы мемлекетті бірге құрысқан, қалыптасу жылдарын өз жүрегінен өткізген бүгінгі ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауда жоғары басымдықпен жеңіске жетті. Жеңісті жалаулатып жататын емес, мемлекеттің басшысы қызметін сын мен сынақтардан, ай-күннің аманында жарылған қару-жарақтар мен арнасын талқандап шыққан су қоймалары, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алудан бастады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – халықаралық дәрежедегі аса көрнекті дипломат. Қазақстанның ішкі және сыртқы байланыстарында, Үкімет басшысы, Сенат төрағасы, Сыртқы істер министрі ретінде түрлі әлеуметтік реформалардың жүзеге асуында жетекші рөл атқарған тұлға.

Алжұмыр жердегі ең ірі саяси ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары қызметі ТМД аумағындағы елдер түгіл, тұтас түркі мемлекеттері өкілінің маңдайына бұйырмаған бақ! Бұл қызметте де жаһандық саясаттың шебері, ірі дипломат екенін дүниеге дәлелдеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланғаннан кейін Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты деп бағалауымыз керек. Мемлекет басшысы ел-халыққа өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген саяси реформаларды біртіндеп жүзеге асыра бастады. Ұлттық мүддеге негізделген саясат жүргізу арқылы Тәуелсіздікті берік сақтау және нығайту.Президент жариялаған Жаңғыру бағдарламасы осының нәтижесі.

Мемлекет басшысы заң шығарушы органдарға, мемлекеттік ведомстволарға, атқарушы билікке нақты тапсырмалар жүктеді. Мұндағы негізгі міндет – саяси жүйені жаңғырту және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес саяси жүйеде стратегиялық салмағы басым заңдар қабылдана бастады. Мәселен, саяси партияларды қызметін дамытып, кедергісіз тіркелуі үшін мүшелер саны екі есеге қысқарды. Және тиісті құжаттарға Парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін қажетті нормалар енгізілді. Жастар мен әйелдер квотасы артты. Тек саяси бағыт ғана емес, бұрыннан өзінің даму үрдісі бар әлеуметтік саланы қолдау бағытында халықтың талап-тілегін орындайтын заң жобалары әске асырылды Мәселен, «Денсаулық сақтау кодексі», «Экология туралы кодекс», «Жер кодексі», басқа да ірі жобалар жүзеге асуда. Ең бастысы, елдің есін екеу, түсін төртеу еткен, ұйқысын қашырған жер мәселесіне нүкте қойды. «Қазақ жері шетелдіктерге жалға берілмейді және сатылмайды» деп ашық мәлімдеді.

Әрине, Тәуелсіздіктің отыз жылында атқарылған еңбектерді таратып, талдап жазар болсақ бірнеше кітапқа жүк болары анық. Адамзат қазір өте қиын кезеңге, небір саяси-әлеуметтік, табиғи құбылыстармен бетпе-бет келді. Небір оқиғаларды бастан кешіруде. От пен оқтың, жалын мен өрттің ортасында қалып, шаңырағы қирап жатқан елдердің жағдайы қатты ойландырады. Адамзат бесігінің өркениеті болған Шам шаһары, Батыс пен Шығысты жалғаған саяси өткел Ауғанстанда, қасиетті кітаптарға арқау болған Таяу Шығыста туған ұрпақтың не жазығы бар? Кіндігі қирандыларда қиылып, көзін ашпай ғұмыры үзіліп жатқан сәбилердің обал-сауабы кімге? Заң жобаларына сыймайтын көңіл кейде өлең болып төгіледі. Мына жыр түнеу күні талибандар Кабулға басып кірген шақтағы қалаймақанда қалған сәбилерге арналып жазылып еді:

АУҒАН СӘБИІНІҢ МОНОЛОГЫ

Сәлем жолдар шама жоқ жыл құсынан,

Ай бетінен өтемін, күн тұсынан.

Құс баласы бұл жақта қайдан болсын,

Сейілмеген түтіні ұңғысынан…

 

Өткен-кеткен керуен сауға сұрап,

Заманында рухынан жау жасыған.

Басынан бағы тайған, баяны ұшып,

Біздің өлке бұл күнде қан сасыған.

 

Ахеменид, Селевкид, Парфияным,

Құшан, Құрттар құбасы Азияның.

Хан Шыңғыс, Әмір-Темір, Бабыр, Гурид,

Бабаларым еді ғой әз ұямның.

 

СССР-ің бабамның басын алды,

Есерлерің атамды қасына алды.

"Дүние - жарық қой" деп келіп едім,

Жолымнан қалың тобыр тосып алды.

 

Тағдырым тарамыстай жиырады,

Санама сансыз сауал құйылады.

"Ей, әлем! Кінәміз не? Неге менің,

Кіндігім қирандыда қиылады?..

 

Құрбаны біз - саяси ойыншының?

Соққысы бұрын тиген сойылшының.

Балалық бізде, сірә, болған емес,

Автомат пен тапанша - ойыншығым.

 

Панджшер – алып менің Эвересім,

Кандагар – отқа ораған керегесін.

Кабулдан ұшып көкке кетем қазір,

Атам жоқ жетелейтін немересін.

 

Құндызда құнсыз кеткен әкпем қалды,

Аярлар аяқ-қолы жеткенді алды.

Мазари-Шарифтегі нағашыдан,

Хабар жоқ… қысың өтіп көктем қалды.

 

Байтал түгіл бас қайғы, панам да жоқ,

Қуырып бара жатыр даламдағы от.

Тырбанын қол созамын әлдекімге,

Топ ішінде әкем жоқ, ағам да жоқ.

 

Алла тірек – бақи мен фәнидегі,

Қандай аян жеткізер Нәбилері

Құдайға хат жазамыз әр күн сайын,

Жиылып Ауғанстан сәбилері…

 

Тәтті екен ғой, тәтті екен жан дегені,

Жан алады, Жаратқан, жан береді.

Көзімді тырнап ашып көрген көштен,

Құлағыма пуштунша саз келеді

 

"Бабамның жері – ғашық мекенім,

Қашып келемін, жосып келемін.

Ауғанның басы – Алланың добы,

Бас ауған жаққа қашып келемін...

 

Жазым келсе ғой жаңбырға бөлеп,

Бөленсек, шіркін, ән-жырға кенет!

… Атамекеннен басты қаңғыртқан,

Тасбауыр мынау тағдырға нәлет!

Құдай көлденең қырсықтардан сақтасын! Ордалы 30 жылдық Тәуелсіздігіміз құтты да қайырлы болсын! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Азаматтарымыз аттан, байтақ Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың дәм-тұзын жарастырған алып Тайқазанымыз оттан түспесін!

Жанарбек ӘШІМЖАН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Суреттер ғаламтордан алынды