БҮГІН ТАЛДЫҚОРҒАНДА КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 60 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1246
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тәуелсіздік күнінде Талдықорған қаласының "Болашақ" шағынауданына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген 60 пәтерлі тұрғын үй табысталды. Алпыс отбасын қуанышқа бөлеп, одан да көп жүректі елжіреткен қоныстойға Талдықорған қаласының әкімі Ержан ЖАСЫБАЕВ қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Пәтер алғандардың қатарында ішкі істер органдары мен бюджеттік мекеме қызметкерлері, көпбалалы аналар мен толық емес отбасы мүшелері бар. Салтанатты шарада қала басшысы алдымен Тәуелсіздіктің отыз жылындағы өрелі жетістіктерге тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдары қаланың экономикалық-әлеуметтік жағдайы еселеп өсті. 1991 жылдары қаланың бюджеті 144 млн.теңге болса, бүгінде 88 млрд.теңгеге, инвестиция көлемі 38 млн.теңге болса, бүгінде 43 млрд.теңгеге жетті. Мұның дені бюджеттен тыс табыстардан келген қаражат. Барлық салада үлкен өзгерістер орын алды. Ауылшаруашылығы, мәдениет, спорт, білім, денсаулық, тағы да басқа салада үлкен жетістіктерге жеттік. Бүгінде Талдықорған адам танымастай өзгерді. Құрылыс саласы дамып, әлеуметтің әлеуеті өсті. Түрлі саладағы жетістіктер жұртты ризашылыққа бөледі. Қатар-қатар бой көтерген жаңа тұрғын үйлер қаланың сәнін ашса, жаңадан салынған театр, Салтанат сарайы, көпсалалы аурухана, теннис орталығы, «Достық үйі», «Жастар» спорт сарайы, Жастар саябағы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Студенттер үйі, Оқушылар сарайы, еңселі «Koktem Grand» қонақүйі, тағы да басқа әлеуметтік нысандар көз қуантады. Ал Талдықорған қаласында республикада бірінші болып бой көтерген Тіл сарайы мемлекеттік тілге деген жетісулықтардың құрметін білдірсе, биыл қолданысқа берілген Орталық Азияда баламасы жоқ жүзу бассейні қалалықтардың спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік ашты. Бір сөзбен айтқанда, Талдықорған жастар үшін бар жағдай жасалған ертегі қалаға айналды, – деді қала әкімі.

Осыдан кейін жаңа пәтер иелері, мердігер компания өкілдері қуанышқа ортақтасып, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.

Жанарларында қуаныш нұры ойнаған тұрғындарды көріп, біз де жадырап қалдық. Бұл қуаныш қала әкімімен бірге үйлерді аралап, құтты болсын айтқан тұста еселене түсті. Алпыс пәтердің бәрі де бүгінгі өлшем, талап, сапа негізінде салынған. Құрылыс жұмысының жоғары деңгейде жүргізілгені көрініп тұр. Қала әкімінің айтуынша, алдағы күндерде тұрғындарды қуанышқа бөлейтін тағы да бірқатар қоныстой болмақ. Бұл қуаныш келесі жылы да еселене түседі.

Қажет АНДАС

Алматы облысы