НЕГІЗГІ КҮШ - ӨНЕРКӘСІПТЕ. ТЕКЕЛІНІҢ ӘКІМІ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫН ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 27.12.2021
Оқылды: 1294
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Текелі – тұмса табиғатымен тамсандыратын, самал желімен баурап алатын, саф алтындай ауасы бар, алыс-жақын шетелдерден қонағы үзілмейтін, туризмі мен өнеркәсібі дамыған жер жаннаты Жетісудың шұрайлы жерлерінің бірі. Қысы-жазы мейманы көп моноқаладағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын қала әкімі Батыр МОЛДАХМЕТОВ айтып берді.

– Батыр Қайыркенұлы, әңгімемізді өзіңіз басқаратын Текелі қаласының тіршілігінен бастасақ. Моноқаланың бүгінгі жай-күйі қалай?

– Ауасы ем, суы шәрбат тау қойнауында орналасқан Текелі қаласының іргетасы сонау 1911 жылы қаланды. Туристік шаһардың бүгінде 34 мыңнан астам тұрғыны бар. Жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін барлық жұмыстар атқарылуда. Қай саланы алып қарасақ та қарыштап дамып, өңіріміз жылдан-жылға өркендеп келеді. Аймақта пайдалы қазба байлығы мен инфрақұрылымдық тиімділігін айтпағанда, ауылшаруашылығы, туризм, құрылыс, өнеркәсіп өндірісі, жаңартылған энергия көздері сынды бизнестің перспективті бағыттарында көптеген жақсы өзгерістер бар. Әлеумет, экономикамызбен қатар туристік әлеуетіміз жаңа бағыттар бойынша жаңғыруда.

Атап айтсақ, биыл текеліліктерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 6,9 мың шаршы метр болатын екі 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, «Алатау» және «Достық» шағынаудандарының кварталішілік жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Қаламызда 7 мыңнан астам жас бар. Жастарымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында қаламызда Жастар орталығының іргетасы қалануда. Бұдан бөлек, ұзақ жылдардан бері өзекті түйінге айналған ауызсу мәселесі де қолға алынып, шешімін тауып жатыр. Халық дән риза. Алда өңірімізді өркендету үшін жасалатын жоспарлар жетерлік.

– Президент моноқалаларды дамыту бойынша жиын өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде қандай шаралар атқарылуда?

– Мемлекет басшысы моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды екенін, шағын қаладағы салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе екенін баса айтты. Осыған орай қаламызды дамытып, гүлдендіріп, көркейту үшін барлық жағдай жасалуда. Атап айтсақ, биыл өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,1 млрд.теңгені құрады. Аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарға арналған екі 40 пәтерлі жалдамалы үйдің құрылысы аяқталды. Ұзындығы 15,1 шақырым болатын қала жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қалада 12 туризм нысаны бар. Мото, велоспорт және жаяу серуендеу дамып келеді. «AdventureLife» қоғамдық бірлестігі мотоцикл бойынша туристік қызмет көрсетеді. Бұл қала маңындағы көрікті жерлерге барғысы келетіндерге мотоциклдерді жалға береді. Жыл басынан бері олар 3 мыңнан астам қызмет көрсеткен. Қалада велотуризмді дамыту тек Текелі қаласының ғана емес, облыстың басқа аймақтарынан және республикадан келген туристерді біріктіретін, экотуризм әуесқойларының басын қосқан «Вело-травелтекелі» клубы велоспорт әуесқойларының қозғалысымен айналысады. Биыл тәулігіне 200 келушіге экотуризм қағидаттарымен «VUSLAT» қонақүй кешені ашылды. 300 млн.теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны құрылды.

«Жетісу» туристік кешені де күніне 290 адам қабылдай алады. 500 млн.теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны құрылды. Туристік ұйымдарға келушілер саны 3 мың адамнан 3,6 мың адамға дейін өсті. Келесі жылы 35 млн.теңге инвестиция тартылып, 20 жұмыс орны ашылатын тағы бір «Этноауыл» туристік кешенін ашу жоспарлануда.

– Иә, Текелі облыстың ғана емес, еліміздің туризмін дамытуға қолайлы өңір. Білгіміз келгені – қалада туризмнің дамуы қай деңгейде?

– Туризм саласы қала экономикасын дамытудағы басты бағыттардың бірі. Текеліге ақылды қала жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, Смарт сити технологиясын енгізе отырып, туристік ХАБ ретінде қарастырмақпыз. Осы мақсатта Алматы қаласының агломерациясын жасаған «Urban Style» ЖШС басшысы, елімізге танымал архитектор Любовь Нысанбаевамен келісім жасалды. Мамандар қаланы аралай келе, төрт ХАБ жасау жөнінде шешім шығарды. Бұл жобаларды дайындауға 12 млн.теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Қаланың кіреберісінде, ортасында туристік нысандар бойынша мағлұмат беретін интерактивті тақталар қойылады. Туризмді дамыту мақсатында қала аумағында 4 бөлімшені абаттандыруды жобалау басталған. Біріншісі, LED-экран, тач скрин функциясы бар интерактивті-ақпараттық жабдық, полицияның модульдік бекеті, сауда павильондары, аялдама, тұрақ және санитарлық тораптар орнату, қалаға кіреберісті абаттандыру. Осы мақсатта LED-экран сатып алу және орнату үшін 14,2 млн.теңге қаражат қажет. Екіншісі, жаяу, велотуризм, мототуризм, қысқы спорт түрлері, парапланеризм, құзға шығу бойынша федерацияларды орналастыруға арналған 1 гектар көлемдегі аумаққа орналасқан модульдік үй-жайлары бар «Горняцкий» шағынауданындағы жер учаскесін абаттандыру, сондай-ақ, гидтер мектебін орналастыру жоспарланған.

Жалпы, Текелі қаласында «Текесу» туристік кешені жұмыс істеп тұр. Бұл аумақта 400 метрлік және 800 метрлік сырғанақ жолы, балонмен, шанамен сырғанауға арналған туристік база бар. Сонымен қатар, мұнда қыс мезгілінде шаңғы және сноубордта сырғанау, жазда тау велосипедімен экстремалды сырғанауға да мүмкіндік бар.

Алдағы уақытта мұнда парашютпен секіру спорты, тауға өрмелеу, жаяу жүру, велосипедпен жүру, тау-тасты көлікпен аралау сияқты туристерге қызықты спорт түрлері дамытылмақ. Оны ұйымдастыруға ынталы компаниялар да бар. Үшіншісі, Қора өзеніндегі жарты гектар жерді алып жатқан бұлақты абаттандыру. Қора шатқалы бойымен Бұрхан бұлақ сарқырамасына дейінгі туристік маршрутты отандық және шетелдік туристерге насихаттай отырып, Будда тасы мен ежелгі петроглифтерге бару арқылы шағын сәулет нысандарын орнату. Төртіншісі, Текелі аумағында республика бойынша ең ұзын көше – Дінмұхамед Қонаев атындағы көшені абаттандыру. Осы мақсатта арнайы конкурс өткізіліп, «Ремстройпроект» ЖШС, «Қазақстан – Қытай мұнай-газэнергопроект» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті сома мөлшері 18,5 миллион теңгені құрайды. Бұл көшені жаяу және велосипедпен жүріп өтуге қолайлы еткелі жатырмыз.

Оған қоса электрлі самокат, велосипедпен жүргісі келетіндер оны осы жерде жалға алып, қаланы асықпай аралайтын болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл қаламызға он мыңнан астам турист келген. Яғни, шетелдік қонақтар мен жақын елді мекендердегі тұрғындар тарапынан қызығушылық көп. Сондықтан Талдықорған – Текелі бағытында жүретін туристік автобус желісін ұйымдастыру жоспарда бар. 

– Аймақ экономикасының негізгі күші – өнеркәсіп. Кенді шаһардағы өнеркәсіптің жай-күйі қандай? Өндірісі кеңейтілген кәсіпорындар Текелідегі жұмыссыздық деңгейін төмендетті ме?

– Иә, екі кәсіпорынның өндірісі кеңейтілді. Атап айтсақ, «AkAltunProducts» ЖШС және «Болашақ-БСБ» ЖШС жұмысын жандандыруға 33 млн.теңге инвестиция тартылды. Қосымша 75 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, биыл «Электромарганец» ЖШС темірді тікелей редукциялау зауытының құрылысы басталды. Жобалық қуаттылығы жылына 120 мың тонна темір редукциялайды (тәжірибелік зауыт 20 мың тонна, негізгі зауыт 100 мың тонна). Оған 23 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. 100 жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 8,2 млрд. теңгені құрады. Келер жылы «Ибраимова» шаруа қожалығының 50 басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу, оған 13 млн. теңге инвестиция тарту, 10-нан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Болашақта Текелі қаласында үлкен серпіліс болады. Себебі, әр отбасындағы әлеуметтік жағдайдың барлығы шешіледі. Жұмыссыздықты жою – басты мақсат. Ең бастысы, кәсіпорындардың ісі өрге домалап, зауыт жұмысы жүріп кетсе болғаны.

– Өңірде шешімін таппай тұрған өзекті мәселелер де бар. Мәселен, жаз айларында таудан еріген қар қалаға мәрмәр мен кальцийді алып келеді. Ол ішпек түгілі жуынуға да жарамайды. Қаншама жыл бойы түйінін таппай тұрған моноқаладағы ауызсу мәселесі шешілді ме?

– Бізде жалпы шешімін таппай тұрған екі мәселе болатын. Су және экология. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауызсу мәселесін шешу үшін қаланың жоғарғы бөлігінде 4 ұңғыма бұрғыланды. Ауызсумен жабдықтау желілерін салу үшін 2,5 млрд. теңгеге ЖСҚ әзірленуде. Келер жылдың 1-кезеңдегі жобаны іске асыру үшін 1 млрд. теңге қажет.

2018 жылы осы ұңғымалардан су алу үшін «Горняцкий» шағынауданында 4 ұңғыма бұрғылау жобасы жүзеге асырылды. Бұрғылау жұмыстарының жалпы көлемі 700 метрді құрады. Зерттеу нәтижесінде жерасты суларының ауызсумен қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келетінін көрсетті. Қолданыстағы ұңғымаларға инженерлік желілерді тарту үшін жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Жобаға ұзындығы 10 км-ден астам су жолы, сағатына 290,6 текшеметр екінші көтерілу сорғы стансысы, су қоймалары кірді. Сыйымдылығы 300 текшеметрді құрайды. 2020 жылы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 5 млн. теңге бөлінді. «Сартөбе» ЖШС қолға алған жобалау жұмыстары жыл аяғында аяқталмақ. Сонымен қатар, «Шажа өзенінен Қора өзеніндегі сүзгі стансысына дейін су өткізетін құбыр құрылысы» жобасының жобалық-сметалық құжаттары түзетілуде. Осы 2 жоба жүзеге асса Текелі қаласында ауызсу мәселесі шешіледі. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынса, 2022 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 

«Текелі қорғасын-мырыш комбинаты» ЖШС кәсіпорны таратылғаннан кейін қалада 1965 жылдан бастап пайдаланылып келген рекультивацияланған қалдық қоймасы қалды. Қалдық қоймасының ауданы 69,3 гектарды құрайды. Қалдықтың беті  ашық жатқандықтан жел тұрған кезде қоқыс ұшып, қаланың үстін жауып, жер, суға залалын тигізуде. Бау-бақшалардағы алма ағаштарының бұзылып кетуі де осыған байланысты. Осы мәселенің алдын алу мақсатында жобалық-сметалық құжат жасалды.

Биыл тазарту қондырғыларын сатып алуға және орнатуға 30 млн.теңге бөлінді. Қазіргі уақытта Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясымен (бұдан әрі – БАБИ) шахта суын ағызуға келісімшарт (дәлелді бас тарту) жасалмағандықтан тазарту құрылыстарын орнату жұмыстары жүргізілмеген. Текелі өзені, Текелі тау-кен комбинатынан (бұдан әрі – ТГПК) бүгінгі күнге дейін 5 км құбырды өткізу мәселесі шешілген жоқ.

Тазалау құрылыстарын монтаждау үшін электр қуатын қосу қажет болғандықтан, тазарту құрылыстарын Текелі қаласы, Қонаев көшесінде орналасқан бірінші элеватор қондырғысына орнату туралы шешім қабылданды. Ауданы 0,0600 гектар жер учаскесі анықталды. Алайда бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр. ТГПК басшылығымен келіссөздер жүрді, бірақ шахта суын ағызу мәселесі әлі шешілген жоқ. Осы екі мәселе алдағы уақытта шешімін табады.

– Қазір мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға көңіл бөлінуде. Моноқаладағы бизнестің әлеуеті қалай?

– Қаламыздағы кәсіпкерлік саласы да қарқынды даму үстінде. Өндіріспен қатар жеңіл өнеркәсібімізде бірқатар жаңалықтар бар. Соның бірі – темірді қайта қалпына келтіру зауыты. Аталмыш кәсіпорында бүгінде 100-ден астам қала тұрғыны еңбек етіп жатыр. Әзірге тәжірибе алаңы ретінде іске қосылған бұл зауыттың болашағынан күтетін үміт зор.

Қалада ақпараттық-консультациялық көмек көрсету үшін «Атамекен» палатасында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы белсенді жұмыс істейді. 9 айдың қорытындысына зер салсақ, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 70 адам дәріс алса, «Бизнестің жол картасы»  бағдарламасы аясында 2 адам субсидия, 3 адам грант иеленген.

– Сұхбат соңында айтар тілегіңіз.

– Айтар тілегім, ел аман, жұрт тыныш болсын. Елбасы саясатын қолдап, Президент Жолдауындағы барлық  міндеттерді абыроймен атқарып, бірге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік, ынтымақтастықтың арқасында жұмыс істесек, біздің алмайтын қамалымыз, шықпайтын шыңымыз болмайды. Қаланың тазалығы – жанның тазалығы. Келешегі кемел, болашағы жарқын Текелі жұртшылығы Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындап, ең таза, дамыған күшті қалалардың біріне айналады. Жерім дейтін жанашыр жандар көп болса, Текелі қаласының келешегі де жарқын деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Айдар ҚАЛИЕВ

Текелі қаласы

Алматы облысы