ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАП, ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 30.12.2021
Оқылды: 1013
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді. Мұнда аудан, қалалардан онлайн байланыспен 11 адам өз сауалдарын қойды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Қабылдау барысында тұрғын үймен қамту, кезек бойынша жер телімін алу, ауызсу төлемінің тарифі сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Жекелеген азаматтар қолөнер бағыты бойынша кәсіп ашу, жылыжай шаруашылығы мен туризм саласында кәсіпкерлікпен айналысу ниеттері бар екенін жеткізді.

Мәселен, Талдықорған қаласының тұрғыны, «Другая жизнь» қоғамдық ұйымының өкілі Камилла Ситасманова аутизммен ауыратын балаларға арнап ресурстық орталық ашу, балаларды емдеу мен оңалтуға қатысты тиісті құрылымдардың ведомствоаралық үйлесімді жұмысын жандандыру туралы ұсыныстарын білдірді.

Талдықорғандық Салтанат Ибадуллаева «Жастар-2» тұрғын ауданының көшені жарықтандыру, газдандыру, жол төсеу, жол қауіпсіздігі үшін бейнекамералар орнату, қоғамдық көлік қатынасы сияқты шешімін күткен мәселелерді ортаға салды.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беріп, олардың шешіміне қатысты тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырма берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"