ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖОМАРТ ЖҮРЕК КӘСІПКЕР 7 ОТБАСЫНА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 1112
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жамбыл ауданының Ақтерек ауылында 7 отбасына баспана кілті берілді. Бұл туралы "Жетісу Медиа" хабарлады.

Жаңа үйлерді «Ақтерек» шаруа қожалығының төрағасы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер Темірлан Шайнүсіпов салған. Айтулы шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бағдат Әлиев, аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Батырхан Меңдебаев пен ауыл тұрғындары қатысты.

Нұрлан Ертасұлы ауыл тұрғындарын жаңа қоныстарымен құттықтап, сөз сөйледі. Сондай-ақ, Ақтерек ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Көлемі 143 шаршы метрді құрайтын әрбір тұрғын үйді салуға 13 млн.теңгеден қаражат жұмсалған. Бұл үйлер «Ақтерек» шаруа қожалығында жұмыс істейтін көпбалалы отбасы мен жас мамандарға берілді.

Аталған шаруа қожалығы былтыр 10 отбасына баспана сыйлаған. Биыл берілетін тағы 10 үйдің іргетасы құйылып қойған. Сонымен қатар, ауылдың орталық саябағында "Еңбек даңқы" мемориалдық кешенінің ашылу салтанаты өтті. Онда 40-қа жуық еңбек ардагерінің есімі мен атақ-даңқы мәрмәр тасқа қашалып жазылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"