ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІНДЕ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТКІЗІЛДІ, КЕЛЕҢСІЗДІК ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Уақыты: 19.01.2022
Оқылды: 1107
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Демалыс күндері Талдықорған қаласындағы коммуналдық базар алаңында ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған төтенше жағдайға байланысты Талдықорған және Текелі қалалары мен Ескелді, Қаратал, Көксу аудандары тауар өндірушілерінің өнімдері қойылып, көпшілікке базар бағасынан төмен бағада саудаланды.

Айта кетерлігі, аталған жәрмеңке өңірде бекітілген төтенше жағдай аясында ұйымдастырылғандықтан, ең алдымен, сақтық шараларына баса назар аударылды. Коммуналдық базардың айналасын құқық қорғау органдарының адамдары қатаң күзетсе, ал базар әкімшілігі сауда жүргізу тәртібін бақылап отырды. Сондай-ақ, індет жағдайының қиындауына байланысты күзетшілер келушілердің бетперде тағып, санитарлық аралықты сақтап, індеттің алдын алуға байланысты барлық талапты сақтауға шақырып отырды.

Жәрмеңкеде ешқандай келеңсіз жағдай орын алған жоқ. Қайта қалалықтардың көңілі көтеріңкі болды. Біраз жылдан бері әр сенбі сайын өтетін жәрмеңкеден бір апталық азық-түлігін қамдап алуға әдеттенген қалалықтардың бұл жолы да қарасы қалың болды. Оның үстіне әр тұтынушы осы жәрмеңке күні ауылдардан келетін сатушылардан экологиялық таза, құнарлы тауарларды алып үйреніп қалғаны тағы бар.

– Әр сенбі сайын өтетін жәрмеңкеден бір аптаға жеткілікті ет, сүт, май, құрт, көкөніс, жеміс-жидектерімді қамдап аламын. Өйткені, азық-түліктерді сатып алатын сатушыларым бар. Тұрақты алып тұрғаннан кейін де сенімді әрі таза күйінде әкеліп тұрады. Ал бағасы да базар бағасынан арзанға түседі, – дейді Анаргүл Жиенқұлова апамыз.

Бұл ретте жәрмеңкеге қала және аудандардан жалпы 52-ден астам өнім түрі ұсынылды. Оның ішінде ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік және мал майлары, көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұлттық қоспалар, тағы да басқа азық-түлік тауарлары бар. Жәрмеңке барысында 18,4 тонна өнім саудаланды. Оның ішінде 5 тонна ет, 2,6 тонна сүт өнімдері, 3 тонна көкөніс, 2,3 тонна балық, 2,3 тонна жеміс-жидектер, 2 тонна картоп тұтынушысын тапты. Бәрі де базар бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылды.

Бүгінгідей жағдайда осындай жәрмеңкелердің жұртқа берер жақсылығы көп. Өйткені тұрғындар өздеріне керекті азық-түліктерді қолжетімді бағада сатып алып, қысқы азығын қамдауға мүмкіндік алады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы