АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ТАРИФТЕРІ КӨТЕРІЛМЕЙДІ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 1433
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін коммуналдық қызметтердің тарифі мен бағаларын көтеруге мораторий енгізді. Бұл туралы департамент өкілдері журналистермен өткізілген брифингте айтты.

Осылайша, табиғи монополия субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің халық үшін барлық тарифтері 2021 жылғы желтоқсан деңгейінде қалды.

Атап айтсақ, «Талдықорған тепло сервис» МКК-нда жылу – 2657,23 тг/Гкал, ыстық су – 172,30 тг/текше метр. «Жетісу Су Арнасы» МКК-нда су – 61,33 тг/текше метр, кәріз – 65,26 тг/текше метр. «Жетысу Энерготрейд» ЖШС-нда - 17,11 тг/кВтс.

- ТМС тарифтері халық үшін асып кеткен жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 164-бабы, 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделеді, - деп атап өтті ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының орынбасары Думан Қалибеков. Сондай-ақ, Комитеттің тапсырмасы бойынша, департамент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаппай тәртіпсіздіктерден зардап шеккен бизнес субъектілеріне 2022 жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімге коммуналдық төлемдерді төлеу мерзімін кейінге қалдыру және өсімпұлды есептемеу мәселесін пысықтады.

Департамент өкілдері мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар белгіленгенін айтып өтті Мәселен, АИ маркалы бензин литріне 80-89 теңге, Аи-92/93 литріне 182 теңге, АИ-95 литріне 215 теңге және дизель отыны (жазғы, маусымаралық) литріне 230 теңге болып бекітілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"