АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ОНЛАЙН ФОРМАТТА ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 28.01.2022
Оқылды: 2287
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді.

Онлайн форматта өткен қабылдауда он бір тұрғын жеке мәселелерін баяндап, сұрақтарының шешіміне қатысты жауаптар алды. Мұнда негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология, жұмыспен қамту және шағын бизнесті қолдау мәселелері сөз болды.

Талдықорған қаласынан байланысқа шыққан тұрғындардың көпшілігі тұрғын үйге мұқтаждығы жөніндегі сұрақтармен жүгінді. Олардың әрқайсысына тұрғын үй кезегіне тұру және кезек ретіне байланысты баспана беру реті түсіндірілді. Және азаматтардың барлық тиісті құжаттарын қабылдап, мәселенің шешімін қарастыру Талдықорған қаласы басшылығына тапсырылды. Талдықорғандық көп балалы ана Айман Мырзақұлованың уақытша тұрып жатқан баспанасының инженерлік жүйелерінде мәселелер бар. Оны шешуге Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес қала әкімдігі көмек көрсететін болды.

Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрат Нұрқанов Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылының тұрғындары елді мекен маңындағы кірпіш зауыттарынан шыққан шаң-тозаң, түтіннің халыққа зияндылығы туралы  бірнеше рет наразылық білдіргенін және осы мәселенің шешіміне ықпал етуді сұрады. Бұл ретте Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын және оның қорытындысы жуық арада шығарылатынын айтты. Бұл ретте облыс әкімі Қанат Бозымбаев мәселені заң аясында шешу керектігін жеткізді. Сол сияқты атаулы әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй құжаттарын реттеу, жұмыспен қамту, көп балалы отбасынан шыққан балаға облыс әкімінің білім грантын беру, Талғар ауданы Кіші Байсерке ауылын газдандыру сияқты бірқатар мәселелерге қатысты да облыс басшысы тиісті лауазымдық тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі