ОБЛЫС МӘСЛИХАТЫ ӘЛІ ШЕШІМІН ТАППАҒАН БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРДІ

Уақыты: 03.02.2022
Оқылды: 1265
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Комиссия төрағасы Болатхан Нұрбеков алдымен күн тәртібімен таныстырды. Бірінші мәселе тұрақты комиссияның 2021 жылғы атқарған жұмысын қорытындылау. Екінші мәселе - комиссияның 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту.

Бірінші мәселе бойынша отырысты  бүгінге дейін басқарып келген Римма Салықованың есебі тыңдалды. Ол өткен жылы 8 отырыстың өткенін айтты. Күн тәртібінде 37 мәселе қаралып, 19 денсаулық, 6 білім беру, 14 әлеуметтік қорғау және 2 мәдениет мәселесі отырыс арқауына айналғанын жеткізді. Нәтижесінде 28 хаттамалық тапсырма беріліп, оның 22-сі орындалған.  Ал 6 тапсырма әлі де іске асырылуда. Отырыстарда бес аудан және бірнеше қала әкімі, сондай-ақ, он уәкілетті органның басшылары тыңдалған. Сондай-ақ, тұрақты комиссия депутаттары «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-1-бабына сәйкес 46 депутаттық сауал жолдаған.

Римма Аждарқызының айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысын бақылау мақсатында 81 әлеуметтік нысанға тиісті анықтамалар жасалған. Баяндамашы өз сөзінде комиссия мектептегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, халық, мүгедектер және халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударғандығын жеткізді.

Комиссияның отырысында тәжік-ауған шегарасында жауынгерлік қимылдар және әскери қақтығыстарға қатысушылардың қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі көтеріліп, қаралған. Мәселені шешу мақсатында депутаттық сауал жолданып, «Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне» мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте  жүруге жеңілдіктер беру туралы шешім шығарылған. Яғни, өтініш оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, тифлопедагогтың жоқтығы себебінен Қанабек Байсейітов атындағы Талдықорған музыкалық колледжіне түсе алмай жүрген зағип және көру қабілеті нашар адамдар мәселесі шешіліп,  көру қабілеті нашар адамдар оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болған.

Комиссияның шешімі бойынша, «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауларында жұмыс істеп, депутаттардың облыстың түрлі ведомствоаралық комиссияларына қатысуы күн тәртібіне енгізілген. Депутаттар  мұнда барлық келіп түскен өтініштер бойынша уәкілетті органдарға  сауал жолдап отырған.

Қорытынды сөзінде комиссияның бұрынғы төрағасы Римма Салықова жұмыста  белсенділік танытқан депутаттарға алғыс білдірді. Комиссияға ешқандай сауал жолдамаған, рейдтік, бақылау жұмысына қатыспағандарды да атап өтті. Депутаттар  комиссияның бұрынғы төрағасына алғыс білдіріп, жаңа төраға Болатжан Нұрбековты құттықтап, халық сенімін ақтаудағы жауапты ісіне сәттілік тіледі. Комиссияның жаңа құрамы биыл атқарылатын жұмыс жайлы ұсыныстарын білдірді.

Комиссия мүшелері ескі, яғни, әлі де пайдаланылымда тұрған, 1950-60 жылдары салынған мектептерді жаңарту мәселесін көтерді. Олардың көбі апатты жағдайда тұрғаны айтылды. Бұл жөнінде жауапты мамандардан құрылған арнайы комиссия ескі оқу орындарын  аралап, жағдайын көріп шығуға уағдаласты. Екінші мәселе, мектептердің сырттағы дәретханасын алып тастап, ғимарат ішінен заманауи, жаңасын салу жайлы мәселенің әлі де кей жерлерде орындалмай жатқандығы жайлы болды.

Бұл жөнінде депутат Қуат Баймырзаев өз ойын айтты. «Мәселе неге өз шешімін таппаған?  Қаржы бөлінді. Ел көлемінде көтерілген мәселеге  біз неге салғырт қараймыз? Балалар дәретханасының сыртта болуынан облыста қылмыс орын алғаны белгілі. Сондықтан, дәретхана іште болуы тиіс. Бұл – ата-аналардың талабы. Ендеше, облыстық білім басқармасына хат жолдап, себебін анықтайық», – деді ол. Сондай-ақ, Қуат Маратұлы жергілікті әкімдіктен білім саласына қажетті мамандар даярлау мен  болашақ дәрігерлерді оқытуға бөлінетін квотаны шешуді де уақыт күттірмей жүзеге асырсақ деген ойымен бөлісті. Бұл орайда білім ордаларына күзет қызметін қою жайлы да айтылды.

Комиссия жұмысқа тың серпінмен кірісті. Әсіресе, жиынның таза қазақ тілінде өткені қуантты. Ресми емес, ұғынықты, қазақы тілде елдің  мәселе көтеруі халық қалаулыларының елге жанашырлықпен қарайтындығынан сыр бергендей.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды