АШЫНҒАННАН ШЫҒАДЫ АЩЫ ДАУЫСЫМ. КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНА КОМИССИЯ БАРДЫ

Уақыты: 07.02.2022
Оқылды: 1494
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кезінде Тезек төре билік құрған, әйгілі этнограф ғалым Шоқан Уәлиханов жатқан Кербұлақ ауданының жұртшылығы бүгінгі күні әділетсіздік пен сыбайлас жемқорлықтан зардап шегіп отыр. Осыған байланысты ауданның бір топ белсендісі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жариялаған болатын. Ауқымды аумақты алып жатқан ауданға облыстан арнайы комиссия шығып, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

* * *

Ресми сапардың алғашқы күні аудандық әкімдікте жергілікті қоғам белсенділерін тыңдап, айтылған мәселелердің растығын көріп шығу үшін Сарыөзек, Қаспан, Басши ауылдарын аралап, «Alacem» цемент зауытының жұмысымен танысқан комиссия мүшелері көтерілген тақырыптардың тегін еместігін байқады. Алыс ауылдарды аралаудың алдында комиссия мүшелеріне 2013-2018 жылдар аралығында сыртынан заңсыз субсидия рәсімдеп, 120 миллион теңгені жоқ қылғандардың әрекетін айтқан «Бағашар» шаруа қожалығының меңгерушісі Бақытжан Машарбетов өзінің 175 гектар жеріне берілген субсидиядан бір тиын алмағанын, осыған байланысты құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда ешқандай нәтиже көрінбей тұрғанын атап жазған өтініш-шағымын өткізді.

Ауданда мал ұрлығы толастамағанын айтқан көп-балалы ана Гүлмира Жаңатаева былтырғы 28 қазанда байлап отырған екі жылқысы қорасынан қолды болғанын мысал ретінде келтіріп, Қаспан ауылдық округіндегі учаскелік полиция бекетінің қызметкері Мадияр Қарағожинов қылмыскерді ұстаудың орнына өз ісіне салғырт қарап отырғанын атап өтті. Осыған орай аудандық полиция бөліміне шағымданыпты. Көтерілген тақырыпқа қатысты жауап берген Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ербол Ахметқалиев ауданда тіркелген 30 мал ұрлығының басым бөлігі ашылып, тек 10 ұрлық ашылмай отырғанын, қазір іздеу, тексеру-тергеу амалдары жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мал негізінен өрістен жоғалады.

Аудандық әкімдікке жиналғандардың арасында жалғызбасты ана Мәдина Темірбаева үйдің кезегінде 39-шы болып тұрғанын, алайда кезектің ешқандай жылжымайтынын атап айтып, комиссия төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтан көмек сұрады. Жергілікті атқарушы билікке жалғызбасты анаға көмектесуді тапсырған комиссия төрағасы мәселелердің түйінін талқылауды екінші күнге қалдырып, алдымен Сарыөзек ауылының ауызсуын қамтамасыз ететін құбыр құрылысымен танысып шығуды жөн деп тапты.

Ауызсу құбырын салып жатқан «Көлсай құрылыс» ЖШС-нің өкілі бекітілген жоспар бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтқан. Алайда жергілікті белсенді Ермек Сансызбаев пластик құбырмен тартылған су жүйесінің дұрыс құрылмағанын, сол себепті аудан орталығының кейбір көшелерінде жарылған құбырдан қашқан су шығынының жергілікті халықтың қалтасына салмақ салып жатқанын, кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс су құбырын тартудың нақты жоспары жоқтығын, осындай келеңсіздіктен бұрын салынған қос құбырдың үстінен тағы екі құбыр салынып жатқанын айтып берді. 2019 жылы аудандық «Су құбыры» мекемесінде жұмыс істегенін, сол уақта құбырдың қалай жатқаны, қалай жүргізілгені туралы мәліметтерді ешкім сұрамағанын алға тартқан қоғам белсендісі ендігі жұмыстың дұрыс жүруі қиын екенін айтып тоқтады.

Шынында, ұзындығы 2,5 километрлік екі пластик құбырдың үстінен тағы қос құбырдың салынуы көңілге күдік ұялатады. Салынатын құбыр бағасының 1 миллиард 75 миллион теңгеге тең екенін, осынша қаржыны жерге босқа көміп тастағандай әсер қалдыратынын айтқан Ержан Сансызбаевтың сөзінің қаншалықты растығын сұраған комиссия төрағасының сауалына аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Медет Сопбеков жауап ретінде құбыр тартылып біткенде ауызсудың толығымен берілетінін жеткізді.

Бұдан соң комиссия мүшелері Рысқұлов пен әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы екіқабатты ескі үйлердің тұрғындарымен кездесіп, әбден тозығы жеткен пәтерлердегі тұрмыстың тауқыметінен, орталық жылу жүйесінен үзіліп қалған баспаналарды жылытудың машақатынан хабардар болды. Өткен ғасырдың орта шенінде салынған үйлерді реновация бағдарламасымен жаңарту үшін пәтер иелері бірлесіп, құжаттарын реттеуі керектігін, иесі табылмаған пәтерлерді «иесіз» деп танып, сол арқылы тұрғындардың жағдайы жасалуы тиіс екендігін атап өткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Сарыөзек ауылының әкімі мен аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығына тапсырма жүктеді.

Сол аралықта қос қабатты үйлердің жанынан салынған скейтборд алаңының тиімсіздігі айтылып қалды. Құрылысына 9 миллион теңге жұмсалған жобаның тиімділігінен гөрі жергілікті балалардың денсаулығына келтірген зияны басым екендігін айтқан тұрғындардың сөзін комиссия төрағасы қолдап, ауылдық округ әкімі мен жауапты мекемелердің өкілдеріне қатаң ескерту жасады.

* * *

Осыдан кейін аудан орталығынан шығып, шығыс бағыттағы жолға түскен комиссияны бастаған қоғам белсенділері жол бойында тұрған «Alacem» цемент зауытының заңсыз карьер қазып, топырақ алған жерін көрсетті. Ауқымды жерді түзеп, топырағын таптап жол салмақ болған өндіріс орнының әрекеті заңсыз екендігін аудандық прокуратура мамандары ескертіп, қазу жұмыстарын тоқтатыпты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпорынның кесірінен экологияға үлкен зиян келіп, Алтынемел ұлттық табиғи паркінің аумағында жатқан Матай тауындағы жан-жануар басқа жаққа ауып кеткен. Тіпті, жарылыстың әсерінен жер астындағы су көздері бітеліп, бастауын мұздықтан алатын Қаратал, Көксу сынды тау өзендеріндегі су деңгейі төмендеген. Осыған орай жергілікті тұрғындардан түскен арызға байланысты былтыр қараша айында облыстық жер пайдалану мен бақылау басқармасы кезектен тыс тексеру жүргізіп, «Alacem» ЖШС  Майтөбе өзені аңғарының топырағын заңсыз алғанын анықтаған. Соған байланысты әкімшілік іс қозғалып, Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 136-шы бабымен 437 мың теңге айыппұл салынған. Содан бастап өзен аңғарын қазу жұмыстары тоқтаған. Енді аузы күйген кәсіпорын басшылығы облыстық кәсіпкерлік басқармасынан лицензия алып, жұмысты заңды жолмен жүргізуді ойластыруда.

Өзін цемент шығаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басқарушы директорымын деп таныстырған Станислав Чербаков жұмыстың бәрі заң талаптарына сай жүргізілетінін алға тартып, жергілікті 481 адамды жұмыспен қамтып отырғандарын, кәсіпорын айына 2 миллион теңгені салыққа төлейтінін жеткізді. Осыған орай тұрғындарды сабырға шақырған облыс әкімінің бірінші орынбасары жастарды жұмыспен қамтып, салық мөлшерін ұлғайтып отырған цемент зауытының елімізге керек екендігін атап өтіп, шетелдік инвестицияға салынған кәсіпорынды жүргізу ісінің жергілікті мамандарға біртіндеп қалатынын ескертті. Соған байланысты жер бедерін заңсыз бұзған жағдайда кәсіпорын басшылығының жауапкершілікке тартылып, жол құрылысы аяқталғанда өзен жағасын көріктендіруді міндетіне алатынын еске салды.

Бұдан соң Қаспан ауылдық округіне барған комиссия мүшелеріне ауыл тұрғындарының ауызсусыз отырғанын, жаңадан салынған су жинақтау мұнарасының қараусыз қалғанын, темір есігі қирап, ашық жататын нысанның аумағына мал кіріп, майып болып жатқанын жеткізді. Осыған орай 1736 тұрғыны, 400 үйі бар ауылдық округтің әкімі Әділхан Рысбеков қателікті түзейтініне уәде берді.

Ауылда білікті дәрігер жоқтығын айтқан көпшілік кенет полицияның учаскелік инспекторы Мадияр Қарағожиновқа тағылған айыптың дұрыс еместігін айтып, ауыл белсендісі Гүлмира Жаңатаеваға дүрсе қоя берді. Полиция қызметкерінің әкесі ертіп келген Жантай Қуантаев, Мұрат Әбдіхамитов, Берік Нұрбеков, Қуандық Қызырақын сынды ауыл тұрғындары тәртіп сақшысының жұмысы дұрыстығын алға тартып, ауылда жер мәселесінің ушығып тұрғанын жеткізді. Атап айтқанда «Алатау Дейри» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік мыңдаған гектар жерді иеленіп, жергілікті халықтың мал жаюына мүмкіндік қалдырмаған.

Осындай өзекті мәселелерді шешудің нақты жолы қарастырылатынын айтқан комиссия төрағасы ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақырып, көпшіліктің береке-бірлігінің өзегі өзара келісім мен ынтымақ ұстануда жатқанын алға тартты.

Басши ауылдық округі Кербұлақ ауданының ең шетінде жатыр. Ауыл тұрғындарының басты тіршілігі – ауылдың етегіндегі «Енкөл» су қоймасына жинақталған сумен егістікті жайқалтып, диқаншылықтан табыс табу. Алайда соңғы бес жылдың көлемінде диқандар ешқандай табыс көрмепті. Оған су қоймасына жүргізілуі тиіс жөндеу жұмысының мерзімінде аяқталмауы себеп. Құны 1 миллиард 306,9 миллион теңге тұратын жөндеу жұмысын «Компания Спецстрой» ЖШС жүргізуі тиіс. Олар негізінен су қоймасының табанын тазалап, ұзындығы 8 километр болатын бетон құбырды диаметрі 800 миллиметрлік пластик құбырға ауыстыруы керек болатын. Алайда құбырлардың қосылатын жері біріктірілмей қалуына байланысты су егістіктерге жетпей тұр. Осыған орай облыстық ауылшаруашылық басқармасы өз ісіне салғырт қараған мердігер компанияны сотқа беріп, істі әділдікпен шешуді қолға алған.

Қайсар Баттали, Мұхтар Болбаев, Ұлпаш Сейсенова, Мұхит Сәрсенов, Ардақ Байтұлақов секілді шаруалардың айтуынша, 3000 гектар жерді суландыруы тиіс су қоймасына ауыл жұртшылығының тағдыры тікелей байланысты. Себебі, бақша дақылдары мен тұяқты малдың жемшөбі өсірілетін егістіктер қаңырап бос қалған. Одан бөлек, тұрғындар Басши ауылының жанынан салынған ауызсу жинақтау резервуары әлі пайдалануға берілмей отырғанын айтып, сапалы интернет пен телефон байланысына зәру екендіктерін алға тартты.

* * *

Ертесі Қосағаш ауылына барған комиссия мүшелері елді мекеннің кіреберісінде орналасқан «Абай» шаруа қожалығының адамдары қазған терең арықтың заңсыз екендігін алға тартқан тұрғындарды тыңдады. Ұсынысты ескерген облыс әкімінің бірінші орынбасары шаруашылық меңгерушісі Виталий Тарасенкоға арықты көмдіруді тапсырды. Тау етегінде жатқан ауылдың дәл іргесін мекен еткен шаруа қожалығының арықты қоршау ретінде заңсыз қаздырғанын жер инспекциясы анықтап, бұзылған жер бедерін қалпына келтіру қажеттігін ескерткен. Жер жылынса терең қазылған арықты жаптыратынын айтқан Тарасенко ауылдың ауызсу құбырын жөндеуге көмектесіп отырғанын, қазған жерлерді қалпына келтіретінін жеткізді.

Табиғаты көркем ауылдың жұртшылығы мал жаятын жер қалмағанын алға тартып, ақшалы адамдардың жер телімін гектарлап еншілейтінін, қарапайым ауыл тұрғындары болса 1 гектар егістікке зәру екендіктерін атап өтті. Серікқазы Қанапиянов, Айдос Наурызхан, Аңсаған Қасенов, Айдарбек Тоқтарханұлы, Санат Қалимолданов, Ержан Жаңажыл сынды тұрғындардың айтуынша, инвестжоба ұсыну арқылы жер еншілейтіндер көбіне сырттан келгендер. Соның кесірінен егістік жерлерінің ауқымы қусырылып, мал жайылымы тарылып барады. Одан бөлек, ауылдағы орта мектеп суық, жанар-жағармай жетіспегендіктен от сағаттап қана жағылады. Осыған орай комиссия төрағасы мектеп директорының міндетін атқарушы Ғалымбек Атабековке отынды үнемдемей жағуды, жетпей жатқан жанар-жағармайды аудан әкімдігіне тауып беруді тапсырды. Бұдан соң ауылдық фелдшерлік амбулаторияны аралап көрген комиссия мүшелері ауыл тұрғындарының көздегені ескі мектеп ғимаратының бір шетін амбулаторияға, екінші жағын жас мамандарға тұрғын үй жасап беру екендігін сұрап білді. Әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген ауыл тұрғындары белсенділік таныта білетіндерін осылайша көрсетті.

Шұбар ауылдық округіне қарайтын Онжас ауылындағы ауызсу жинақтау резервуарына қажетті құдық етекте орналасқандықтан ауыл тұрғындары судың жетіспеушілігін сезінуде. Ержан Молдахметов, Шыңғыс Қыдырбаев, Нұржан Оразбек, Оразхан Сейітақын, Қасымхан Әзімжанов, Қареке Нұрмұханбетов, Ержан Оразымбетов секілді ауыл тұрғындары 200 үйі бар Шұбар ауылдық округінде де жер жетіспейтінін, жағдайы мен ақшасы барлар мал жайылымын тарылтқанын жеткізді.

Бұдан соң комиссияны жол бойынан күтіп алған Бостан ауылының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді алға тартты. Көпшіліктің атынан сөз алған Марат Тебегенов, Оразхан Амандосов, Қанат Оразбаев сияқты тұрғындардың айтуынша, ауылдың маңындағы 2 мың гектар жайылымдық жерді «Алатау Дейри» ЖШС меншіктеп алып, 5 мың бас асыл тұқымды ірі қара өсіретін болған. Алайда серіктестік уәде еткен мал бордақылау алаңы, сүт фермасы, күніне 10 тонна ұн тартатын диірмен атаулы түбірімен жоқ. Соның кесірінен ауылда жұмыссыздық белең алып, егістіктен түскен өнімнің қызығын ауыл тұрғындары көре алмай отыр.

Осыған орай жауап берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов Бостан ауылының тұрғындары жер телімдерін кезінде «Алатау Дейри» ЖШС-на өткізіп бергенін, соған байланысты сотта жеңіліп қалғандарын алға тартып, мәселенің өзекті екендігін жеткізді. Алайда соншалық ауқымды аумақты алып жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жерді толық игермей отыруын себеп ретінде қарастыруды ұсыныс ретінде ортаға салған комиссия төрағасы Лаззат Тұрлашов тұрғындардың мәселесі аяқсыз қалмайтынын қадап айтты.

Дәл осындай мәселе Қоғалы ауылдық округіне қарасты Шаған ауылында да алдымыздан шықты. Көпшілік ойында жүрген мәселелерді қозғаған Үсен Мажарбетов, Павел Кугуков, Мұрат Әшірбеков, Мария Алексеева, Ирина Кугукова сияқты тұрғындардың айтуынша, Шаған ауылына инвестжоба ұсынған Сұлтан Исабеков есімді кәсіпкер елді мекенде құс фабрикасын, шұжық цехын, макарон зауытын салып, елді жұмыспен қамтитынын айтқан болатын. Алайда осы жобалардың бірде-бірі жоқ. Жергілікті халық өздерінде жер телімінің жоқтығына, сырттан келген қалталы азаматтардың 1500 гектар жерді еншілеп алғанына, зиратты қоршап, адамдардың баруына шектеу қойғанына наразы. Ауылды қоршай қазылған арықтың кесірінен таудан ағып келетін судың көзі бітеліп, ауызсу ластанған, жайылымдық, егістік жер жетіспейді. Сонымен қатар, Шаған ауылынан тікелей Сарыөзек-Қоғалы күрежолына шығатын төте жолды жасау қажеттігін айтып, аудандық әкімдікке неше рет өтініш жазғанын жеткізген тұрғындар көпшілікке керегі интернет пен электр жарығы екендігін атап өтті.

Көтерілген мәселелердің аяқсыз қалмайтынын жеткізген комиссия мүшелері бұдан соң аудан орталығы Сарыөзекте кеңес отырысын өткізіп, екі күндік сапар кезінде анықталған мәселелерді талқылады. Комиссия төрағасы жинақталған мәліметтер мен деректердің облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа тапсырылатынын жеткізіп, ауыл тұрғындары конкурсқа шығарылатын жайылымдық және егістік жерлерді меншіктеуі үшін жер телімінің көлемі 2-3 гектарға дейін қысқартылып ұсынылатыны, сонымен қатар, инвестжобамен ауқымды жер алған кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі ревизиямен тексеріліп, игерілмеген жерлер мемлекетке қайтарылатыны айтылды. Сондай-ақ, таза ауызсуға, баспанамен қамтамасыз ету мен үйлерді жаңартуға, экологияны түзеуге қатысты өтініштерге нақты жауап беріледі.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы