ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ҚАРАСАЙЛЫҚТАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 08.02.2022
Оқылды: 1123
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев Қаскелең қаласында тұрғындармен кездесіп, оларды мазалаған мәселелерді анықтап, шешілу жолын көрсетті.

Тұрғындардың ең аз қамтылған бөлігіне көпбалалы отбасылар жататыны белгілі. Осы орайда қабылдауға келген көпбалалы аналар үйлеріне таза ауызсу құбырын жүргізіп беруін өтінген. Атап айтқанда, Тұрар және Исаев ауыл­дарының көшелеріне су құбыры тартылғанымен үйлеріне кіргізіп алуға қаржы мәселесі қолбайлау болып келген көрінеді. Тоғыз баланың анасы Күлзира Байбосынованың айтуынша, Тұрар ауылында шығармашылық орталық пен спорт секцияларын ашу, пошта жұмысы мен дәрігерлік бөлімнің жұмысын жандандыру  өзекті болып келеді.

Шамалған ауылының тұрғыны Роза Сейдахметова Наурыз көшесінің бойында бой көтерген жаңа тұрғын үй кешенін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Тұрғындар өз қаражатына жолдарды ретке келтіріп, электр желісін тартқанымен су құбырын жүргізуді мойындарына алуға қауқарсыз екендерін алға тартты. Сол себепті мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр. Осыған байланысты аталған жұмыстың жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, аудандық мәслихаттың қарауына ұсыну жайлы шешім қабылданды. Су құбырын жүргізу жұмысы осы құжат дайын болып, мемлекеттік сараптама мен тендердің өтуіне байланысты жүзеге асырылады.

Ботакөз Мұқанова Береке ауылындағы Астана көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жайлы өтінішін айта келген екен. Бір қуанарлығы, бұл көшеге асфальт төсеу жұмысының құжаттары дайындалып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының қолдауына ие болған. Осыған қажетті 214 млн. 893 мың теңге бөлініп, шаруаны атқаратын мекеме анықталуда. Демек, жақын арада бұл мәселе шешімін табады.

Ауыл тұрғындарын алаңдататын тағы бір жайт – жарық пен газ бағасының жиі көтерілетіндігі. Бұл мәселеден Жанболат Әкебайұлының да хабары бар екен. Мысалы, ауданда ешкімнің жауапкершілігіне жүктелмеген 200 трансформатор қосалқы стансысы жұмыс жасап келеді. Ал аймақтағы осы мәселемен айналысатын «Алатау жарық компаниясы» бұл құрылымдарды өз балансына алуға асығар емес. Сонымен бірге, электр құрылғылары мен бағандар әбден ескірген. Облыстық мәслихаттың хатшысы электр желілеріне қатысты мәселелерді мұқият зерттеп, облыс әкіміне нақтылы ұсыныспен шығу қажеттігін тапсырды. Бұл шараның жүзеге асуын бақылау облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жарасбаевқа жүктелді.

Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Талғат Игіліков үйіне табиғи газ құбырын тартып беруін өтінді. Бұл өтінішті орындауға көмектесетінін білдірген Жанболат Әкебайұлы Талғаттың етікшілік кәсіппен айналысуына қажетті құралдарды да алып беруге ықпал ететін болды. Бұл шешімнің жүзеге асатыны да ешқандай күмән туғызбайды.

Қоғамдық қабылдау барысында айтылған ұсыныс-тілектерді шешуге жауапты адамдар да бірден анықталып отырды.  Солардың қатарында Қарасай аудандық мәслихатының хатшысы Бауыржан Айнабеков, облыстық мәслихат депутаттары Дәулет Жарасбаев пен Жалғасқан Донбаевтар бар. Осылайша халық пен билік арасы жақындай түсетін болды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы