КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 09.02.2022
Оқылды: 1448
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласына қарасты Көктал ауылының жұрты көптен күткен қуанышқа қол жеткізді. Ақпанның 7-сінен бастап ауылға газ берілді.

Қуанышты жаңалығымен бөлісіп, ауылға кіреберістегі газ реттеуші қондырғыны көрсеткен «ЖетісуОблГаз» ЖШС мекемесінің басшысы Зияш Қияқбаев:

– Көктал ауылында сегіз мыңнан астам тұрғын болса, соның 600-і газ қосуға дайын. Кешелі бері 10 үйге газ берілді. Енді рет-ретімен тексеріп, қоса береміз. Газ бағасы – 31,70 теңге. Жалпы құрылыс жұмыстары ерте біткенімен, арнайы техникалық сынақтар кезінде кемшіліктер белгілі болды. Кейбір тұста газ құбырының бұзылғандығы да кездесті. Биыл қаңтар бойы осындай олқылықтарды реттеу жұмыстары жүргізілді. Беріктігі бойынша, герметикалық жағдайдағы сынақтан толық өтті. Сапасы төмен материалдар ауыстырылды, – деді. Бұл пікірді «ҚазТрансГаз» АҚ компаниясының инженері Нұржан Тұрғанбаев тереңдете айтып, 2018 жылы газ қондырғылары орнатыла бастағанымен, ерте қосуға кемшіліктер кедергі болғанын, ал газды «Талдықорған» АГТС-тен алатындығын жеткізді.

Көктал ауылында, Алдабергенов көшесінде 20 жылдан астам уақыт тұратын Оңалбай Жексенбиновтің үйіне тұрғындар арасында бірінші болып газ берілді. Ақсақалдың қуанышында шек жоқ. Ал біз барғанда осыған дейін әр қыс сайын 10 тонна көмір жағып жүрген, 11 баланы дүниеге алып келген 77 жастағы батыр ана Кенжеқыз Ержанова мен сол үйдің 82 жастағы ақсақалы Исатай Ержановтың үйіне газ қосылды. Батыр ана мен қайсар ақсақал ауыл тұрғындары атынан жұмысқа атсалысқан барша қызметкерге алғысын білдірді. Сол сияқты Жаңалық көшесінде тұратын Арыстан Қалибекұлы да жылы пікірін білдіріп, газды екі жыл күткенін айтты. Енді  қуанышында шек жоқ. Газ құбыры орнатылған үйлер шетінен көгілдір отынға қосылуда.

Серік ҚАНТАЙ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы