АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АҚШ-ТЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН ӘҢГІМЕЛЕСТІ

Уақыты: 11.02.2022
Оқылды: 1322
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн СЭВИДЖБЕН онлайн форматта кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі тұрақтылық, екі жақты әріптестікті нығайту, облысқа инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс басшысы Қаңтар оқиғасынан кейін аймақтағы жағдайды оңалтуда атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Тұрғындардың Мемлекет басшысының бейбіт өмірді орнықтыру, экономикалық реформаларды жүзеге асыру бастамаларына қолдау білдіріп отырғанын сөз етті.

Бас консул Кэролайн Сэвидж Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Кездесуге уақыт бөлгені үшін Қанат Бозымбаевқа ризашылығын жеткізді. Алматы облысында қандай салада іскерлік байланысты дамытып, қолдау білдіре алатындарын сұрады.

Облыстың инвестициялық әлеуетін қысқаша баяндап өткен әкім «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының потенциалына, Қытаймен шекарадағы экспорттық және импорттық операциялар ашықтығының маңыздылығына тоқталды.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық әлеуметтік-экономикалық реформалары транспаренттік, ашықтық, әділдік негізінде іске асырылады. Шағын және орта бизнесті жан-жақты дамыту, сол арқылы жұмыссыздықты азайтып, халықтың табысын арттыру да - Мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі. Бұл істе сіздердің қолдауларыңыз дер кезіндегі көрсетілген маңызды шара деп есептеймін. Туризм саласына, соның ішінде, тау кластеріне, Алакөл, Балқаш көлдеріндегі жағалау туризміне, ұлттық парктер базасындағы экологиялық туризмге қаржы салудың болашағы зор. Бұл ретте тау кластерін дамыту жөнінде арнайы бағдарламамыз бар. Біз америкалық инвесторларды осы сегментте көргіміз келеді. Кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайларды өз көзіңізбен көріп, танысу үшін сізді «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына шақырамын, - деді Қанат Бозымбаев.

Бас консул өзара әріптестікті алдағы уақытта одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"