ГАЗДЫҢ БАҒАСЫ ТҮСТІ. БІРАҚ ҚОСЫЛУ ҚҰНЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ? ШОНЖЫДАҒЫ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1497
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Осыдан төрт жыл бұрын ауданға көгілдір отын келіп, ерекше қуандық. Бұл туралы жазған болатынбыз. Осы уақыт аралығында орталықтағы 1800 тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Төрт жыл ішіндегі бұл көрсеткіш 4833 ауласы бар орталық үшін аз екендігі түсінікті. Бұған көгілдір отынға қосылу бағасының жылдан-жылға қымбаттауы себеп болуда. Содан кейін де 6 млрд.теңгеге жуық инвестиция тартылып, қолжетімді болған газдың қызығын ең болмағанда аудан орталығындағы халықтың 50 пайызы көре алмай отыр.

Алғашқы жылы көгілдір отынды әр үйге кіргізу құны 350 мың теңге болса, бүгінде ол 430 мың теңгеге жетті. Сол кездің өзінде газдың арнайы пешін алу, басқа да қажеттіліктер үшін әр отбасы 700 мың теңгенің үстінде ақша төлеген еді. Ал бұл баға бүгінде 800-900 мың теңгенің аралығында. Бұған дейін қалтасында қаражаты бар, жағдайы жақсы отбасының бәрі көгілдір отынға қосылды. Ал айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым жандардың қолы газға жетпей отыр. Көгілдір отынға қосылу бағасы аспандаған сайын қарапайым адамдардың үміт оты өшіп бара жатқандай.

Аудан орталығындағы бес мектеп пен орталық ауруханаға, аудан әкімдігінің екі ғимараты мен Райымбек аудандық шегара отряды және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қажетті құжаттар рәсімделгенімен әлі күнге газға қосылмаған.

Осы мәселеге бейжай қарамаған аудандық мәслихат депутаттары «АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА» ЖШС-нің бас директоры Роман Нахановқа хат жолдап, туындаған қиындықтарды шешіп, тұрғындарға жағдай жасап, мүмкіндігінше газға қосылу құнын төмендетуді сұраған болатын.

Халық қалаулыларының сөзін жерге тастамай «АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА» ЖШС бас директорының орынбасары Сәкен Ибраев, бас инженер Абай Ахметұлы, заңгер Эльмира Баттал, өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы Индира Түменбаева және участок бастығы Эльмурат Бектемірұлы аудан тұрғындарымен кездесуге келді.

Аудан әкімі Шухрат Нурахунов, әкім орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары жиналған жиында Сәкен Еңбекұлы сөз алып, жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға құлақ асты. Бірақ тұрғын үйлерді газға қосу бағасының не себепті қымбат екендігі жөнінде нақты жауап болмады. Соңында аталған серіктестік қызметкерлері баға мәселесіне қатысты жауапты жазбаша түрде беретіндерін айтып, тарқасты. 

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы