МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ МАҚПАЛ ТӘЖМАҒАМБЕТОВА БАЛҚАШ ӨҢІРІН АРАЛАДЫ

Уақыты: 22.02.2022
Оқылды: 1540
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Балқаш ауданына арнайы іссапармен барған Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова Қарой, Көктал ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, аймақ жұртшылығының ахуалымен танысты.

Өңірімізге ат басын бұрған халық қалаулысына аудан әкімінің орынбасары Бөріхан Әбдібаев, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев, аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаров, аудандық мәслихат депутаты, аудандық орталық аурухана директорының әдістемелік ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Қамар Ибраимова сапарлас болды.

Қарой ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген  мәселелерін айтты. Мұнан соң ауыл тұрғындарының жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізген Мақпал Мазаққызы ауыл тұрғындары Айбану Медетова мен Раушан Дүйсенбекованы тыңдап, жеке мәселелерін шешудің жолын қарастырды.

Кездесуден соң Қарой ауылына кіреберісте орналасқан қамыс өңдейтін зауытқа бас сұққан халық қалаулысына кәсіпорынның жұмысын таныстырған «Рахымберлі» ЖШС директоры Мейірғали Қасымбеков зауытта 22 адамның тұрақты жұмыспен қамтылғанын, қамыс өнімдері Голландия, Швейцария және Германия мемлекеттеріне келісімшарт арқылы жөнелтіліп жатқанын жеткізді. Зауыт жұмысына жоғары баға берген Мақпал Мазаққызы кәсіпкерге ризашылық білдіріп, осы уақытқа дейін жұмыссыз жүрген ауыл тұрғыны Берік Анарбековты жұмысқа алуды өтінді.

Одан соң Ә.Ахметов атындағы Қарой ауылындағы орта мектептің, Мәдениет үйінің, фельдшерлік-акушерлік пунктінің қызметкерлерімен кездескен Мақпал Мазаққызы көпшіліктің көңілін тербеген мәселелермен танысып, қойылған сауалдардың шешімін табу жөнінде жұмыстар атқаратынын жеткізді.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы