ДЕПУТАТ ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАЛАС ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 24.02.2022
Оқылды: 1491
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Жаркент өңіріне де ат басын бұрып, жеке жұмыс кестесі бойынша жергілікті тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, өңірдегі атқарушы билік, өндіріс ошақтарының еңбеккерлерімен кездесті.

Аудан активімен өткен кездесуде депутат «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, одан туындаған салдарына, сын сәттегі Қазақстан халқы бірлігінің, ел Президентінің батыл қадамдарының жай-жапсарына тоқталды және Парламент Мәжілісіндегі қабылданған, өндірістегі жаңа заңдар жайлы әңгімеледі.

Жиында Көктал, Пенжім, Үшарал ауылдық округтерінің әкімдері, аудандық пошта басшысы Нұрбақыт Әлімқожаев, аудандық кәсіпкерлік бөлім басшысы Ілияс Асанбаев, тағы басқа да азаматтар сөз сөйлеп, жергілікті халықтың шешімін күткен мәселелеріне депутат назарын аударды. Мысалы, ауданаралық әділет басқармасының басшысы Марат Сағымбеков суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық тойы жақындап қалғанын, суретші атындағы мектеп 1970 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін, суретшінің кіндік қаны тамған Шежін ауылындағы 1936 жылы салынған мектеп жанынан бой көтерген қосымша құрылыс табандап жүрмей тұрғанын ашына жеткізді.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алдын ала 7 адам жазылып, олар ауылшаруашылық мәселелеріне байланысты бірқатар шағым-арыздарын депутатқа ұсынды. Солардың арасында Көктал ауылы тұрғындарына тиесілі суармалы егістік алқаптары осыдан 20 жыл бұрын жеке адамның қолына өтіп кетіп, жергілікті тұрғындардың тиесілі жер үлесінен қағылғаны, Жаркент қаласының солтүстік-шығыс бөлігінен салынған шағынауданда мектеп жоқтығы, осындағы мыңға жуық оқушының шалғайдағы мектептерде жаяу-жалпы сабылып білім алып жүргені, аудан орталығында тұрғындарға табиғи газ тарту жұмысының алты жылға созылып, аяқталмай жатқаны сияқты маңызды мәселелерді қамтыды.

Депутат осы күні түстен кейін ауылшаруашылық өндірісі жетекшілерімен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Сонымен қатар, жастармен жүздесіп, өңірдегі бірнеше еңбек орындарын да аралап көрді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы