ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕЛЕСТІ (ТОЛЫҚ НҰСҚА)

Уақыты: 25.02.2022
Оқылды: 1369
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ республикалық, облыстық газет-журналдардың, телеарналардың, интернет-сайттардың журналистерімен брифинг өткізіп, Жетісу жерінде атқарылып жатқан істер мен межеленген міндеттер жайлы бүкпесіз әңгіме жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Брифингке қатысқан 20 журналист 2 сағаттан астам уақыттың ішінде облыстың дамуына, өркендеуіне қажетті салаларды қамтитын 29 сұрақ қойып үлгерді. Алғашқы сауалды қойған облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Ербота биылғы қаңтардың қаралы күндерінің қалай өткенін сұраған болатын. Облыс әкімі өз көзімен көріп, көңіліне түйгенін түгелдей хронологиялық тәртіппен айтып берді. Оның айтқанына қарап ой қорытқан тілшілер қауымы сауалдарын кезекпен қойып, көпшілікті алаңдатқан мәселелерді шешудің жолдарын сұрады.

"Қазақстан" телеарнасының тілшісі Қуаныш Серікханов облыс әкімі айтқан 21 мың жұмыссыз жастың жағдайын, облыс орталығына инвестициялық жобаларды көптеп әкелудің мүмкіндігін пайдалану қажеттігін, қант қызылшасын өсіретін егістік ауқымын ұлғайтудың тиімділігін алға тартып сұрақ қойды.

– Аймақтың дамуына қатысты сұрақтардың көп екендігін жақсы білемін. Соны ескеріп, облыстағы проблемаларды шешуге қатысты жоспарымызды қысқаша таныстыра кетейін, – деген Қанат Алдабергенұлы облыста қолға алынуы тиіс жұмыстардың жобасын көпшілік назарына ұсынды. – Жетісу жерінде әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым саласында өзекті мәселелер баршылық. Оларды жүйелі түрде шешсек халықтың әлеуметтік наразылығын азайтар едік.

Біріншіден, мектептердегі үшауысымды жою керек. Қазір облысымызда 54 үшауысымды мектеп бар. Бала туудың жоғары көрсеткіші және ішкі көші-қон есебінен оқушылардың қатары жыл сайын 20 мың балаға өсіп, үшауысымды мектептер амалсыз іске қосылуда. Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста 110 мектеп салуымыз керек. Оның 83-і мемлекеттік бюджет есебінен салынуы тиіс.

Екіншіден, біздің басты бағытымыз – ауылшаруашылық өнімдері көлемінің 4-5 есеге өсуін қамтамасыз ету үшін суармалы жерлердің аумағын арттыру қажет. Әрине, ауа райының қолайсыздығына, құрғақшылыққа байланысты шығынның болуы әбден мүмкін. Мысалы, былтыр қант қызылшасынан 180 мың тонна өнім алдық. Ал Ақсу және Көксу қант зауыттарының қуаттылығы 800 мың тонна. Сондықтан 180 мың тоннаның екі зауыт үшін аздық ететіні белгілі. Сол үшін биыл өнім мөлшерін 200 мың тоннаға жеткізуді ойластырып отырмыз. Оның өзі бір зауытты толық қамтамасыз етуге жетпейді. Екінші зауыт қамыс құрағынан қант өндіруге мәжбүр болады.

Осыған орай, облыстағы суару жүйелерін қалпына келтіріп, егістік жерлердің ауқымын тағы 10-15 мың гектарға ұлғайтуды ойластырып отырмыз. Бұл қант қызылшасының өнімін 500 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, қант қызылшасының түсімі мол тұқымын алдыру керек. Себебі, қазір облыс диқандары сеуіп жатқан тұқым гектарына 100 центнерден төмен өнім береді. Бұл тиімсіз. Зауыттар қызылшасының килесіне төлейтін 28 теңгенің 15 теңгесі бюджет есебінен беріледі. Сол себепті суармалы жерлердің ауқымын ұлғайту біртіндеп жүзеге асырылуы тиіс. Сонда ғана қант қызылшасынан түсетін табыс арта түседі.

Үшінші, облыстағы елді мекендердің 95 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Алайда осындай жоғары көрсеткішке қарамастан су құбырлары мен желілерінің басым бөлігі тозған. Негізі сумен жабдықтау жүйелерінің 35 пайызы жаңартуды талап етеді. Кеңестік кезеңнен қалған су жүйелерін қалпына келтіру керек.

Төртінші, облыстағы 164 елді мекен немесе газдандыруға жататын елді мекендердің 35 пайызы ғана табиғи газға қосылған. Осыған дейін 1 миллион 300 мың адам газға қол жеткізді деп айтылғанымен кейбір ауылдарға газ жетпеген немесе ауылдардың ішінде тарату желілері толық тартылмаған. Табиғи газға қосу бағасы қымбат. Осыны түзеу жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Осыған қатысты Президенттің тиісті тапсырмасы бар. Сондықтан табиғи газға қосылудың бағасын төмендету алдағы уақытта жүргізіледі.

Бесінші, 214 мың адам тұратын 690 саяжайға инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылым салу қажет. Ең сорақысы, осы саяжайларда не ауызсу, не электр жарығы жоқ. Электр желісі тартылған саяжайлардағы тариф өте қымбат. Жылу, кәріз жүйелері туралы айтудың өзі ұят. Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарында жаңа тұрғын үйлер салу және саяжайларға инфрақұрылым тарту үшін жеке және мемлекеттік инвестиция салу керек. Сондықтан тиісті жоспар әзірлеп отырмыз. Наурыз айында Үкіметтік деңгейде талқыланатын жоспар биылғы жылдан бастап жүзеге асуы тиіс.

Әкімнің айтуынша, Жетісу жерінің дамуына қажетті жұмыс жоспары әзірленуде. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына терең талдау жасалған жұмыс жоспарында жаңа өндіріс орындарын ашуға, көлік-логистика саласын дамытуға, баламалы қуат көздерін өндіруге және отандық туризмді дамытуға қажетті инвестиция тарту көзделген. Одан бөлек, облыстың 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфелі құрылған. Оған 19 мың жұмыс орнын ашатын, жалпы құны 2,8 триллион теңге болатын 289 жоба енгізіліп отыр. Бұл жобалар негізінен өңдеуші өнеркәсіп, сауда, ауылшаруашылығы, көлік және құрылыс салаларын қамтиды.

Топырағы құнарлы Жетісу жерінде жылыжай салу тиімді екендігі белгілі. Бұл жергілікті халықты жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бағаның тұрақтануына әсер етеді. Соған орай алдағы 2026 жылға дейін 10 ірі жылыжай шаруашылығын іске қосу жоспарлануда. Жалпы 45 гектар жерге орналасатын олардың жалпы өндірістік қуаты 25 мың тоннаны құрайды.

Бұл 500-ден астам жұмыс орнын құруға көмектеседі. Сондай-ақ, Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын құс етімен қамтамасыз ететін екі құс фабрикасы салынып, бір құс фабрикасына кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Оларға 1 мыңнан астам адам жұмысқа алынады. Облыс орталығындағы өндірістік аймаққа құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салуға инвесторлар ұсыныс жасап жатыр.

Жетісудағы байырғы кен орындарын жаңарту жұмыстары қолға алынып, Бұғыты кен орнында жылына 3,3 миллион тонна вольфрам өндіретін «Жетісу Вольфрамы» ЖШС жұмысқа кірісті. Жалпы инвестициялық құны 94,5 миллиард теңге болатын кен орны 400 адамды жұмыспен қамтиды. Тағы бір маңызды жоба – 1200 жұмыс орнын құратын «Көксай Мұзбел» ЖШС тау-кен байыту комбинатын салу көзделіп отыр. Жалпы құны 650 миллиард теңге инвестиция құйылатын комбинатта жылына 25 миллион тонна мыс кені өңделеді.

Баламалы қуат көздерінен энергия өндіру, көлік-логистика саласын дамыту, отандық туризмнің қанатын кеңге жаюына мүмкіндік беру сынды жұмыстар да ұмыт қалмайды. Соның арқасында жел диірмендері, күн батареялары орнатылып, көршілес Қытай Халық Республикасынан шыққан жүк тасымалын жан-жаққа жеткізу жұмысы жүйеленеді. Тау шаңғысы базасын салу, Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалауларын абаттандырып, дамыту ұлттық табиғи саябақтарда экологиялық туризм маршруттарын қалыптастыру жұмыстары өңірдің өркендеуіне жаңаша серпін береді. Одан бөлек, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласын қарқынды дамыту қолға алынады. Соның арқасында алдағы 2025 жылға қарай барлығын қосқанда 75 мың жұмыс орнын құру межеленуде.

Одан соң "Egemen Qazaqstan" газетінің тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали Талдықорғандағы Назарбаев ескерткішін қайта қалпына келтіруге қатысты дерек интернет желісіне шыққанын алға тартып, соның ақ-қарасын білгісі келетінін жеткізді. Ондай мәліметтің негізсіз екендігін айтқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Ratel.kz» интернет ресурсының тілшісі Әлия Ахмедиева қойған облыстық әкімдіктердің ашықтығына, Алматы облысында салынуы мүмкін атом-электр стансысының құрылысына қатысты сауалдарға жауап берді.

Оның айтуынша, облыстағы әрбір мекеме ашықтықты, жариялықты қолдап, қажетінше жергілікті жұртшылықты тыңдауы тиіс. Осы бағытта облыс әкімдігі арнайы жобалар жасап, қоғамдық кеңестердің ұсыныстарына құлақ асуда. Бүгінгі брифинг соның дәлелі екендігін алға тартқан Қанат Алдабергенұлы:

– Енді атом-электр стансысының құрылысына келер болсақ, бірден айтайын, атом-электр стансысының тиімді екендігін жақсы білетіндіктен оны қолдаушылардың бірімін, – деп мәселенің мәнісін түсіндіре кетті. – Тиісті институттар мен үкіметтік мекемелердің электр қуатының болашағына қатысты жасаған болжамына қарайтын болсақ бірнеше жылдан соң елімізде электр қуатының дефициті орын алуы мүмкін. Осы болжамның жаны барлығы жыл өткен сайын байқалып келеді. Сондықтан бізге баламалы қуат көздерін молынан пайдалану керек. Оның үстіне қазіргі экологияның ластануы мен мұздықтардың еруіне көмірқышқыл газының әсері мол екендігі белгілі. Расында көмірқышқыл газы негізінен көмірді көп жаққаннан пайда болады. Ал, көмірқышқыл газын тиімді пайдаланудың технологиясы әлі шыға қойған жоқ.

Дегенмен, ел ішінде атом стансысының қауіптілігі жайлы әңгіме көп. Содан туған үрей басым. Өйткені, Кеңес одағы тұсында Семей полигонында өткен сынақтан мыңдаған адамның қаза тапқаны, Чернобыль апатынан талай азаматтың зардап шеккені ұмытыла қойған жоқ. Ондай үрей Жапониядағы Фукусима атом-электр стансысы жарылғаннан кейін еселеніп кетті. Сондықтан бұл мәселеге өте мұқият қарауымыз керек. Өз басым оның қайда салынатынын білмеймін, мүмкін Балқашқа, мүмкін Ертіске, мүмкін Каспийге салынар. Бірақ атом стансысының реакторын суыту үшін су мөлшері қажеттігін білемін. Ол суды кейіннен пайдалануға болатындай, қоршаған орта мен табиғатқа зияны тимейтіндей жасау керек. Ал, сіз айтқандай, менің Алматы облысына әкім болып келуімнің негізгі мақсаты – атом-электр стансысын салу екендігі жайлы әңгімеге келер болсақ, стансының құрылысын салуға қажетті жерді табу, оның жұмысын жүргізу әкімнің міндетіне еш кірмейді. Сондықтан жел сөзге, өсекке сене берудің қажеті жоқ.

Белгілі журналист Болат Абағанның Үйгентас, Қапал өңірлері жұртшылығының қайтадан аудан статусын алуды қалайтынын айтып, шегараның шетіндегі өңірлердің жағдайын Мемлекет басшысына, Үкіметке жеткізуін сұраған сауалына облыс әкімі алдымен сол өңірлерге барып, мәселені анықтайтынын жеткізді.

Біздің атом-электр стансысы салынған жағдайда қай елдің үлгісі басшылыққа алынуы мүмкін екендігін сұраған сауалымызға Қанат Алдабергенұлы халықаралық тендер ойнатылған жағдайда оған әлемде алдыңғы орында тұрған Қытай, Ресей, Корея, Франция елдерінің қатыса алатынын жеткізіп, олардың мүмкіндігі мен тәжірибесі бар екендігін атап өтті. Одан соң ел ішінде Қытайға қатысты алаңдаушылық бар екендігін айтқан сауалымызға мемлекеттің дамуы негізінен инвесторларға байланысты екендігін, таза бизнес жүргізуді қалайтындарға қолдау көрсету керектігін атап өткен облыс әкімі шетелдіктердің еліміздің заңнамасын сақтауы тиістігін, оны жергілікті биліктің қадағалауға міндетті екендігін жеткізді. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек.

«31» телеарнасының тілшісі Самал Қабышева мен «ҚазТАГ» агенттігінің тілшісі Лариса Штоппель қойған сауалдарға жауап ретінде көтерілген мәселелерді анықтап, құзырлы органдар мен аудан әкімдіктеріне тапсырма беретінін жеткізген облыс әкімі «Заң» газетінің тілшісі Нұрбол Әлдібаевтың: «Бұғыты кен орнындағы вольфрам өндіретін кәсіпорынға жергілікті тұрғындар қара жұмысқа ғана тартыла ма, әлде жастарды оқытып, белгілі бір маман ретінде жұмысқа тарту жоспарда бар ма?» - деген сауалына:

– Қазақстанда вольфрамды пайдаланатын зауыт әзірге жоқ десе де болады. Қазір біздің өңірде сингапурлық компания осы бағытта жұмыс істеуге дайындық жасап жатыр. Орташа шамадағы «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-на қарасты тау-кен байыту комбинаты салынады. Оған керекті маман біздің өңірде әзірге жоқ, сондықтан инвесторлар еліміздің шығысынан, солтүстік аймақтардан маман тартатын шығар. Бірақ біз дуалды оқыту жүйесі арқылы осы кәсіпорынның  бір колледжбен байланысын нығайтамыз. Сол колледжде комбинатқа арнайы мамандар даярланатын болады. Жалпы колледждер жергілікті өндіріс орындарымен тығыз байланыста болуы керек. Тәжірибелі инвесторлар мұндай оқыту базасын өздері де керек етеді, – деп жауап берді.

Бұдан соң «5region» интернет порталының тілшісі Мөлдір, «Спутник» агенттігінің тілшісі Жанна Етекбаева, «NewTimes.kz» сайтының тілшісі Диана Амирова, «Еуразия» телеарнасының тілшісі Думан Алтынбекұлы, «Дала мен қала» газетінің тілшісі Думан Бықай, «Жас Алаш» газетінің тілшісі Жарас Кемелжан кезекпен сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелердің жауабын білгісі келетіндерін жеткізді.

Әрбір сауалға мұқият жауап берген облыс әкімі Қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік орындарын тастап кеткен полиция қызметкерлерінің жауапқа тартылатын, тартылмайтынын сұраған «Nege.kz» сайтының тілшісі Арман Құдайбергенге:

– Бұл өте маңызды сұрақ. Олар да біздің әріптестеріміз. Бірақ шындық айтылуы керек. Оларды жұмыс орнын тастап қашып кетті, яки, басқа жағдай болды деп ештеңе айта алмаймын. Алайда сол кезде Талдықорғанда тәулік бойы билік болмағаны анық. Өз басым Талдықорғанда туыстарымның үйінде болдым. Құқық қорғау органдарынан менімен прокурор, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне қарасты департамент басшысы хабарласып, жағдайды біліп отырды. Қасымда 20 адам болды. Артынан біз Ұлттық қауіпсіздік департаментінің басшысымен бірге штаб құрып, жұмыс жүргізе бастадық. Артынан облыстық полиция департаментінің басшысы мен бес орынбасары қызметтен босатылды. Тіпті, Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен орган қызметкерлері қатарынан шығарылды. ҰҚК облыстық департаментінің басшысы да қызметінен кетті. Осы деректерге байланысты Бас прокуратура тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, – деп жауап берген Қанат Алдабергенұлы әлеуметтік желіге таралып кеткен басқа мәселелер жайлы да түсініктеме бере кетті.

Облыс әкімінің брифингі жаңаша сипатта, жаңа үлгіде өтті. Қойылар сұрақтарды іріктеу немесе дайын сауал қойғызу секілді әрекет байқалмады. Осының өзі Жетісу жерінде ашықтықтың, жариялылықтың лебі есе бастағанын көрсетеді.

Баспасөз мәслихатын түйіндеген аймақ жетекшісі мұндай кездесулердің алдағы уақытта жиі-жиі болып тұратынын, қордаланған мәселелерді шешудің жолын журналистер қауымымен бірлесе қарастыруға дайын екендігін жеткізді.

Басқосудан кейін облыс әкімі "Твиттер" парақшасында: "Республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, саяси және әлеуметтік-экономикалық тақырыпта 2,5 сағатқа жалғасқан ашық сұхбат құрдық. Көптеген орынды сауалдар болды. Журналистерге жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен тұрақты кездесулер өткізіп тұруды уәде еттім", - деп өз пікірімен бөлісті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы