САРҚАНҒА ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ КЕЛІП, ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1137
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жұмыс сапарымен Сарқан ауданына ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратында ауылшаруашылығы саласының өкілдерімен кездесіп, сарқандықтардың жылдар бойы қордаланған мәселелерімен жете танысты.

Қай ауылда болсын ел еңсесін көтеру бағытындағы мәселелер жетіп артылады. Жұртшылықтың өздері суын ішіп, ауасын жұтып, игілігін көріп отырған елді мекенінің ертеңі арайлы болғанын армандауы заңды. Елді мекендерде ауызсу мәселесі шешімін тапқанымен суармалы егістіктің жаз мезгілдерінде судан тапшылық көруі, жайылымның тарлығы, егістік алқаптың аумақты бөлігін иеленіп алған ірі жер иеленушілердің ел ризығына ортақтасуы, коммуналдық төлемдердің, азық-түлік бағасының жылдан-жылға қымбаттауы мәселесі кеңінен талқыланды. Кездесу барысында азаматтар өз ойларын, ұсыныстарын білдіріп, астанадан арнайы келген депутат тарапынан заң аясында жауап қайтарылды.

Әлия Маратқызы жүздесуден кейін «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалында азаматтарды қабылдады. Қабылдауға Сарқан ауданының елді мекендерінен тұрғындар өкілдері қатысты. Қаржы пирамидасынан алданып, күнделікті нәпақасынан айырылып отырғандардың нала-реніші, кеңжолақты интернеттің жетімсіздігі, Сарқан қаласы маңындағы қоқыс полигонының қоршалмағандығы, Бірлік ауылындағы мектеп құрылысының қарқын алмауы, дәрі-дәрмек бағасының қолжетімсіздігі, тұрғын үй кезегіндегілердің алаңы, тағы да басқа өзекті мәселелер қоғамдық қабылдауға келгендердің сауалына арқау болды.

Ауданда шешімін табатын мәселелерді аудан әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровтың назарға алатындығын, Мәжіліс депутаты жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерінің ескерілетіндігін көпшілікке жеткізді.

Жомарт ИГІМАН

Сарқан ауданы

Алматы облысы