ТӨРТ ЖӘНЕ ОДАН ДА КӨП БАЛА ТУҒАН АНАЛАРДЫҢ НАЗАРЫНА! МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТ

Уақыты: 06.03.2022
Оқылды: 1755
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы проактивті түрде ресімделетінін білетін шығарсыз? Толығырақ жауап төменде:

16 мыңға жуық қазақстандық көпбалалы отбасы тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алды. Өткен жылдың мамыр айынан бастап әйелдерге төртінші немесе одан да кейінгі баланы туған кезде тағайындалатын көпбалалы отбасылар жәрдемақысын алу үшін ХҚО-ға жүгіну міндетті емес, мемлекеттің өзі барлығын қашықтан SMS арқылы ресімдеуді ұсынады.

Бұдан бұрын аталған жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚО-ға барып, өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді, ал жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалатын.

- Отбасында төртінші немесе одан кейін тағы бала туған жағдайда, проактивті түрде баланың туу туралы куәлігін, бала туу мен оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыларды ғана емес, көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақыны ресімдеуді ұсынатын SMS-хабарлама да жіберіледі. Мұнда клиенттің SMS-ке келісімі ғана керек. Қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы 2020 жылдың басынан бастап төленеді. Төлемді төрт және одан да көп бала туған әйелдер ала алады. Қазіргі уақытта бұл жәрдемақыны 487 мыңнан астам қазақстандық отбасы алып жатыр. Оның ішінде 63 437 әйел «Алтын алқа», 138 571 әйел «Күміс алқа» иегері.

2022 жылы көпбалалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері:

4 балаға 49 100 теңге;
5 балаға 61 383 теңге;
6 балаға 73 666 теңге;
7 балаға 85 948 теңге;
8 балаға 98230 теңге;

Келесі әр балаға +4 АЕК қосылады.

Айта кетейік, Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа толғанға дейін күндізгі бөлімде оқитын бірге тұратын балалары барлар көпбалалы отбасы болып саналады. 6 бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелегендерге «Алтын алқа» беріледі.

1414 нөмірінен қызметтерді проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын sms-хабарламаларды алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Егер әйел қандай да бір себептермен SMS арқылы қызмет ала алмаса, ол бұрынғыдай ХҚО-ға жүгіне алады. Толық ақпаратты 1414 нөмірі бойынша білуге болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"