САРҚАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 50 ОТБАСЫНА БАСПАНА КІЛТІН ТАБЫС ЕТТІ

Уақыты: 11.03.2022
Оқылды: 1784
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарқан ауданында 50 пәтерлі тұрғынүй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бес қабатты тұрғын үй кілті иелеріне табыс етілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жалгерлік үйдің лентасын Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков қиды.

Бұдан кейін өңір басшысы жүрекжарды лебізін білдіріп, сарқандықтарға пәтер кілттерін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады. Көпқабатты жаңа тұрғын үйден ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаға он пәтер, І, ІІ топтағы мүгедек жанға тоғыз, мүгедек баланы тәрбилеуші отбасыға он, көпбалалы отбасына алтау, толық емес отбасыға алты, зейнеткерге біреу, Ауған соғысының ардагеріне біреу, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерге алтау және тұрғын үйі авариялық жағдайдағы отбасыға бір пәтер берілді.

- Мен бүгін баспана кілтін алып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмын. Осы қуанышты сәтті көп күттім. 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келдім, балаларыма ешқандай жағдай болмады. Енді жаңа серпінмен, ақ ниетпен киелі шаңырағымызға кіріп отырмын. Осындай қуаныштың себепшісі болған аудан әкімі Талғат Қайнарбековке, өзге де азаматтарға алғысымды айтамын, - деп ағынан жарылды жаңа үйдің иесі, көпбалалы ана Перизат Құдиярова.

Жаңадан беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желіге қосылған. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған. Айта кету керек, 50 пәтерлі тұрғын үй жұмысына жалпы 505 млн.теңгеден аса қаражат бөлінген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"