АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕКІ АЙМАҚҚА БӨЛІНІП, ҚАПШАҒАЙҒА ЖАҢА СТАТУС БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 16.03.2022
Оқылды: 2240
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы екіге бөлінеді. Талдықорған өңірінде Жетісу облысы құрылады. Ал Алматы қаласының аумағы Алматы облысы деген бұрынғы атаумен қалып, Қапшағай қаласына "облыс орталығы" статусы беріледі. Бұл туралы Президент Жолдауында айтылды.

"Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын.

Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.

Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді.

Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз", - деді Президент.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"