ТЕКЕЛІДЕГІ АПАТТЫ ҮЙЛЕР МӘСЕЛЕСІ ЕКІ ЖЫЛ ІШІНДЕ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ

Уақыты: 24.03.2022
Оқылды: 1202
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Текелі қаласындағы апатты үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Мәселен, Төле би көшесіндегі апатты деп танылған бірнеше үйдің тұрғындары қаладағы басқа пәтерлерге көшіріліп, сүрілген құжыралардың орнына көпқабатты үйлер салынады.

Бұл туралы Қанат Бозымбаев айтты. «Алдымен тұруға аса қауіпті деген үйлерден бастайық. Сол үйлердің тұрғындарына қалада сатылатын пәтерлерден баспана беріледі. Ал сүрілген үйлердің орнына көпқабатты типтік үлгідегі тұрғын үйлер салу керек. Шамамен екі жылдың ішінде апатты үйлердің мәселесі толық шешіледі», - деді ол тұрғындармен әңгіме барысында.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр мамыр айында Текелі қаласындағы апатты үйлердің бірінің төбесі опырылып түскен болатын. Сол кезде әкімдік өкілдері 2020 жылдан бері осы үйлерді сүру мәселесін көтеріп, бюджетке қаражат бөлінуге сұраным жіберілгенін, бірақ ақша бөлінбей жатқанын жеткізген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"