ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ КӨКСУ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 30.03.2022
Оқылды: 1434
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әр өңірдің өзіндік дамуымен қатар уақытпен бірге туындайтын, шешуді талап ететін күрделі мәселелері де бар. Оны көзбен көріп, істің түйінін дер кезінде тарқату мақсатында Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Көксу ауданында болып, ондағы бірқатар нысанды аралады. Облыс әкімімен облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев, Көксу ауданының әкімі Алмас Қабдол бірге жүрді.

Аймақ басшысы алдымен аудан орталығы Балпық би ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұқты. Орталық ескі ғимаратта орын тепкен. Шағын ғана ғимарат аудандағы 40 мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсетуге таршылық етуде. Оның үстіне тозығы да жеткен. Осыған орай жаңа ғимарат салу мәселесі көлденеңдеп тұр. Ол үшін орталық жанында бос орын да бар.

Бұл мәселемен жете танысқан Қанат Алдабергенұлы жаңа ғимарат салынатын орынды көріп, қаржыландыру мәселесінің  алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді. Бұдан ары Лабасы ауылдық округінде орын тепкен «Шаңырақ» гидро-электр стансысына барды. ГЭС-ті іске қосу үшін қомақты қаржы қажет.

«Көксу қуат» ЖШС директоры Нұрқадыр Керімбековтың айтуынша, ғимарат құрылысы толықтай біткен, 200 метр жерге құбыр тартылған. Жұмысты ары қарай жалғастыру үшін құрал-жабдықтар алу керек. Ол үшін 1,2 млрд. теңге қажет. Ғимаратты кепілге қоймақ болғанымен банктер мұндай көлемде қаржы беруден бас тартқан. Істің мән-жайына толық қаныққан облыс әкімі бұл мәселені шешудің жолы инвестиция тарту екенін алға тартты. Осы ретте «Жетісу» ӘКК басшысына тапсырма беріп, бұл мәселенің шешімін табуға атсалысуды тапсырды.

Бұдан соң Қанат Бозымбаев Мәмбет ауылының маңындағы Көксу су бөгетіне ат басын бұрды. Мұндағы бас бөгетке 2020 жылдан бері  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жөндеуден өткен соң Ескелді, Көксу аудандарындағы суармалы алқаптар көлемі көбейген. Сондай-ақ, өткен жылы 13,3 шақырым суару жүйелеріне механикалық тазалау жүргізілген. 8 гидротехникалық құрылғы ағымдағы жөндеуден өткен. Бірақ бұл атқарылған шаруалар суару жүйесінің барлық мәселесін шешпейді. Қарапайым каналдар арқылы су жіберу біршама шығын алып келеді. Сол себепті Ислам даму банкімен бетон арналары құрылысын салу арқылы Көксу ирригациялық жүйелерінің жағдайын жақсартатын арнайы жоба әзірленуде.

Бұл мәселеге тереңдей мән берген облыс басшысы Жамбыл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бөлімшеде болып, мұнда жаңа ғимаратты салу қажеттігіне көз жеткізді. Биыл Ақшатоған, Еңбекшіқазақ ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бөлімшелеріне құрылыс жұмысы жүргізілмек.

Облыс басшысы «Строитель» ЖШС кірпіш-керамзит зауытының жұмысымен де танысты. Мұнда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің бас директоры Александр Бузыкин зауыттың автономды режимде жұмыс істеп, жылына 44 млн. дана кірпіш шығаратынын айтты. Алайда, жобалаушылар тарапынан үлкен сұраныс түспейтінін жеткізді. Осыған орай облыс әкімі мұнда шығарылып жатқан керамзитті кірпіштер бағасының нарықтағы бағамен сәйкестігі, бәсекеге қабілеттілігі жайын сұрап білді. 

Бұдан соң Мұсабек атындағы орта мектепке барып, білім ошағының жай-күйін зерделеді. 1987 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді талап етеді. Қабырғалары, есік-терезелері тозған, жылу да ұстамайды. 2012 жылы аздаған жөндеу жұмысы жүргізілгенімен мәселе толық шешілмеген. Ауылда Мәдениет үйі жоқ болғандықтан мәдени іс-шаралардың барлығы осы мектепте өтеді. Мұны ескерген облыс әкімі келер жылдың бюджетіне мектеп құрылысына қажетті қаражат енгізілетінін жеткізді.

Әкім аралаған ең соңғы нысан – 2018 жылы ашылған ЖК «Каримов» сүт-тауарлы фермасы болды. Соңғы үлгіде жасақталған фермаға «Жетісу» ӘКК мен кәсіпкердің бірлесе әрекет етуімен 1 млрд. 300 мың теңге жұмсалған. Бұл облыстағы 400 басқа арналған, жоғары технологиялы роботтандырылған алғашқы сүт-тауарлы ферма. Бір сиыр күніне жоғары сапалы 28 литр сүт береді. Ендігі жерде өз қаражаттарымен  сауылатын сиыр санын 350 бас сиырға жеткізу көзделіп отыр. Бұл орайда облыс әкімі жоғарғы сапалы сүтпен және етпен қамтитын тағы бір ферма салудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өңірдің ары қарай дамып, халықты сүт және ет өнімдерімен  қамтамасыз ететінін айтты.

***

Көксу ауданының орталығы Балпық би кентінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында облыс басшысы халыққа облыстың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы әңгімеледі. Қанат Алдабергенұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыру барысында барлық шаралардың жасалып жатқанын айтты. Өткен жылдың қорытындыларын саралай келе барлық салаларда оң динамика бар екеніне тоқталды. Ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,8 пайыз, сауда 22,2 пайызға артқан. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі бір триллион теңгеден асып, өсім 101,3 пайызды құраған.

Облыс басшысы Қанат Бозымбаев: «Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына сәйкес біз экономикалық дамуға жаңа серпін беретін барлық шараларды қабылдаймыз», – деді.

Облыстың бірінші басшысы Президенттің тапсырмасына сәйкес Алматы және Жетісу облыстарын бөлуге дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтты. Талдықорған өңірін дамыту мақсатында 6542 жұмыс орнын құра отырып, 999,5 млрд.теңгеге 182 жобаны іске асыру көзделген. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамуды жаңа деңгейге көтереді деген болжам бар. Сондай-ақ, қолға алған шара жергілікті халықтың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Жетісу өңірінің экономикасын дамытуға Көксу ауданының қомақты үлес қосып отырғандығы баршаға аян. Аудан қант қызылшасын егу бойынша облыста екінші орында. Қызылша алқабы биыл 1,4 мың гектарды немесе облыстағы жалпы егістіктің 23 пайызын, 6,2 мың гектарды құрайды. Көксу қант зауыты жылына 250 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Диқандарды қолдау мақсатында ағымдағы жылдан бастап тапсырылған өнімнің сатып алу бағасы бір тонна үшін 5 мың теңгеге артып, 27 мың теңгені құраған. Сондай-ақ, Көксу қант зауыты шалғай аудандардағы диқандарға тапсырылған өнімнің бір тоннасына Қапшағай қаласына  1 мың теңге, Ақсу ауданына  1,5 мың теңге және Сарқан ауданына 2 мың теңге қосымша ақы төлейтіні жайлы да айтылды.

Облыс басшысы Қанат Алдабергенұлы ауданда 1780 басқа арналған 8 бордақылау алаңы және 1165 басқа арналған 6 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейтінін тілге тиек ете келіп, Талдықорған қаласының ішкі нарығын толықтыру үшін көкөніс қоймасы, жылыжай, ет комбинатын құру бойынша шаралар қабылдау керектігіне тоқталды.

Елдегі негізгі міндеттердің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өткен жылы ауданда 13 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Балпық би ауылында 80 пәтерлі екі жалдамалы тұрғын үй салынып, жалпы 94 отбасы тұрғын үй алған. Олардың 79-ы көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтары. Ауданда халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де маңызды мәселе.

 Ауданға газ тарту жұмысы 2017 жылы басталған. Газдандыруға жататын 13 елді мекеннің бесеуі ғана газдандырылған. Газдың жоқтығы, оған қосылу бағасы аудан тұрғындарының ренішін тудыруда. Облыс басшысы аудан әкімі тарапынан жұмыстың жүйелі жүргізілмегенін сынға алды. Өз баяндамасында облыс басшысы ауданда шешімін таппаған мәселелерге тоқталды. Бірінші, жыл басынан өнеркәсіп өндірісінің, шағын және орта бизнес құрылымынан түскен салық көлемі 2 есе, құрылыс жұмыстарының көлемі 17 пайыз, ет өндірісі 25 тоннаға азайған. Аудан әкіміне инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру, аудан тұрғындарын сапалы ауызсу, табиғи газбен қамту мәселелерін ерекше бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Қанат Бозымбаев өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты жасаған баяндамасын аяқтай келе: «Аудан әкімдігінің жұмысын күшейту керектігін, жалпы ауданды дамыту бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет екенін атап өтемін», – деді.

Кездесудің екінші бөлімі сұрақ-жауап түрінде өтті. Аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тоқталды. Түйіні қиын шаруаларын ортаға салды. Ауданда газды үйге кіргізу бағасы қаладағыдан қымбат. Тұрғындар бұл қызмет түрі  250 мың теңгені құрайтындығына реніш білдірді. Мұндай тарифті әркімнің қалтасы көтере алмайтыны рас. Қанат Бозымбаев сол жерде жауапты мамандарға тапсырма беріп, тариф бағасы төмендетілетін болып шешілді. Сондай-ақ, Қызылтоған ауылының тұрғындары жайылымдық жердің аздығын айтып, көмек беруді сұрады.

Ауылшаруашылық бөлімінің жауапты мамандары жайылымдық жердің 55 мың гектар екенін айта келіп, халықтан сұраныс түскен жағдайда бөлінетін жер көлемін кеңітетіндерін жеткізді. Балпық би ауылындағы Мырзабеков көшесінің тұрғындары жалгерлік үйдің суықтығы мен қабырға сылақтарының құлап жатқанын айтып, жылу жүйесін қайта жөндеуден өткізсе деді. Жылуға қатысты мамандар аталмыш үйге барып, жағдайды өз көздерімен көріп, керек болса мәселені шешуге көмек беретіндерін айтты. Көксу, Мұқыры ауылдарының тұрғындары елді мекеннің бірнеше көшесінде электр жарығының жоқтығына шағымданды. Мектептен шыққан балалар электр жарығының жоқтығынан қорқатын көрінеді. Жиын барысында елді мекен көшелеріне жарық тартылатын болып шешілді. Мұсабек ауылының тұрғындары жол жөнделсе деген өтініштерін жеткізді.

Көп ұзамай бұл мәселе де шешімін табатын болды. Ауданға Түркия жерінен келген қонақ жүн өңдейтін цех ашсам ғимарат бересіздер ме деген сауал тастады. Облыс әкімі мал өнімін өңдеймін деген қандастарға барлық жағдайды жасайтынын айтты. Жиын барысында орталықтан әлеуметтік маңызы бар дүкендерді көптеп ашса деген өтініш түсті. Соған орай алдағы уақытта орталықтағы дүкендердің ішінен көп тұтынатын азық-түлік сататын бөлімдер ашылатын болып шешілді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Гүлжан ТҰРСЫН

Көксу ауданы

Алматы облысы