БАЛА СҮЮ БАҚЫТЫ БІР-АҚ СӘТТЕ БОЛА ҚАЛМАЙДЫ. ОҒАН ТЕМІРДЕЙ ТӨЗІМ КЕРЕК

Уақыты: 05.04.2022
Оқылды: 1817
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жас жұбайлардың бағын ашып, бақытқа бөлейтін де бала. Бір өкініштісі, соңғы жылдары сәбилі болудың сәті қиындай түскені байқалады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», – деп атап көрсеткен. Бүгінде жүздеген отбасының осы бағдарламаға қол жеткізіп, сәбилі болғандары қуантады.

Арман

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда он мыңнан астам әйел бедеулік бойынша есепте тұр. Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процесі 2010 жылдан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған. Соған сәйкес ЭКҰ-ға жылына 800-1000 квота бөлініп келсе, былтырғы жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында берілетін квота саны 7 есеге өсті. Бұл ерлі-зайыптылардың балалы болу мүмкіндігін молайтты. Қазақстанда қазірге дейін экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы 25 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Кеуделерін қуаныш кернеп, отау құрған жастардың алдында не күтіп тұрғанын болжау қиын. Асқақ арманмен алыстарға қанат қағып, тәтті сезімнің жетегінде жүргенде жылдар өте береді. Бірақ, балалы болу бақыты алыстаған сайын екі жастың арасы суынып, ақыры ажырасуға соқтыратын жайттар жоқ емес. «Бедеулік» дертінің жылдан-жылға жасарып бара жатқанына дәрігерлер алаңдаушылық білдіруде. Ал бедеулік пен белсіздіктің сан алуан себептері барын көп жағдайда біле бермейтін, дәрігерге жүгінбейтін жұптардың шаңырағы шайқалып, тығырықтың тұңғиығынан шыға алмай жатады. Байқап көрсек, бақыттың есігін қағып, балапанды құшағыңызға алудың мүмкіндігі жоқ емес.

Отау құрғанына 9 жылға таяған Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Қуандық Мұқашев пен Дана Өмірбекованың балалы болу жолында бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Естіген ем-домның бар түрін қабылдап көргенмен, нәтиже болмаған. Әйтсе де, «Жас-ай» медициналық орталығында аға мейірбике болып еңбек ететін Дана мен электрші Қуандық алдағы күннен еш үміт үзбеген. Еліміздегі ақылы медициналық тексерістен өтуде талай табан тоздырып, бар тапқан-таянған қаржысын шығындалтқан. Өздігінен бала көтере алмайтындығын білген Дана экстрокорпоралды ұрықтандыру тәсіліне мемлекет тарапынан бөлінетін квотаға қол жеткізу үшін үш жыл бұрын кезекке тұрған.

– Бұл менің ең үлкен үмітім еді. Денсаулығымдағы кінәратты біле тұра, қол қусырып қарап отыруға болмасын білдім. ЭКҰ-ға баруға күйеуімді көндіріп, екі жақты қадам жасауымыздың арқасында Алла тілеуімізді берді, – дейді жас ана Дана. – Бұған дейін үш рет ақылыға бардым, аналық клетка шықпады. Бұл жолда жеті миллионға жуық қаржы кетті. Осылай күйзеліп жүргенімде тегін квотадағы кезегім келіп, Алматыдағы репродуктивті медицина институтынан жолдама алып, емделуді бастадық. Ондағы жас та болса білікті репродуктолог-дәрігер Аяулым Берікболқызына айтар алғысым шексіз.

Дана Өмірбекова небәрі екі айдың ішінде аналық жасушалар алынып, жүктілікке қол жеткізгендегі қуанышын айтты. Сөйтіп, тоғыз жылға таяған қиындықтар еңсеріліп, аңсаған сәбиін алақанына алудың ғажайып сәті туған. Ең қызығы, Дананың сан жылдар бойы аңсап жеткен сәбиі Арман – Президенттің «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша дүниеге келген тұңғыш нәресте және еліміздегі экс-трокорпоралды ұрықтандыру арқылы өмір есігін ашқан 25 мыңыншы сәби болып тіркелуі де отбасының қуанышты сәттерін еселей түскен.

– Тексеріс кезінде бедеулікпен жүрген қаншама жандармен таныстым, арасында 54 жаста туған әйелді кезіктірдім. Менің түсінгенім, ерлі-зайыптылар ертеңгі күннен үміт үзбеу керек. Жасыратыны жоқ, емделуге күйеуімді әрең көндірдім. Екеуара түсіністік пен тең әрекет етудің нәтижесінде сәбилі боп, сан жылғы арманымыз орындалды. Осы орайда маған демеу болып, қолдау білдірген ата-енем мен жанашыр жақындарыма, сондай-ақ, балалы болуыма себепші дәрігерім Аяулым Берікболқызына зор ризашылығымды білдіремін. Әр отбасын қуанта берсін. Алла адамға берерін тауыспасын! – деген Дана мен Қуандық жаңа қоныстан үй де салып, ұрпақ та сүйіп отырғандарына шүкіршілік етеді.

Ал шаңырағын шаттыққа бөлеп, қуанышқа кенелткен бес айлық Арман бесікте тербеліп жатыр.

Үшем

Үшем сүю үш ұйықтаса түсіне енбеген Панфилов ауданының тұрғыны Гунчигул Мухамет мен Пархатжан Таипов та бес жыл бұрын отау құрып, шаңырақ көтерген. Алғашқы жылы жүктілік болмаған соң дәрігерге ақылы түрде тексерілуді бастаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ-ға мемлекеттік квота алу кезегіне тіркеліп қойған. Ері Пархатжан «Алтын көл» теміржол стансысында байланыс электромеханигі, ал Гунчигул Мухамет Жаркенттегі Билал-Назым атындағы орта мектепте әлеуметтік педагог. Ұстаздық ете жүріп, тапқан табыстарын тек балалы болу жолындағы ізденіске ғана жұмсағандарын айтады. Үмітпен есік ашқан ақылы медициналық мекеме мамандарынан жатыр түтікшелерінің өткізгіштігі жоғын білген жас әйел ЭКҰ-ға барудан басқа амалы жоғын айқын сезінеді. «Енді не істесем?» деп жүргенінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота кезегі келгені жайлы қуанышты хабар естиді. Нар тәуекелге бел буған жас отбасы Алматыдағы репродуктивті медицина инситутына бет алып, ондағы репродуктолог-дәрігер Иван Мельниковтың тексерісінен өтіп, тағайындаған емінің нәтижесінде бірден жүктілікке ие болады. Бұл бақытқа жетуде аталған институттың Әйгерім Мұратқызы, Фариза Болатқызы сынды гинеколог-дәрігерлеріне де айтар алғысы зор.

– Бір сәбидің иісін аңсап жүргенде бірден үш сәбилі болудың бақытын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл үшін Жаратқанға сансыз шүкірлік етемін, екіншіден, бүгінгі медицинаның, ондағы дәрігерлердің біліктілігіне тәнтімін. Шын ниеттенсе, қаласа адамның арманы орындалады екен ғой. Балалы болсақ деген үмітіміздің ақталғанына қуанамын, – деген жас ана Гунчигул Мухамет Алматы қаласындағы облыстық көпсалалы клиникасында үшемді, яғни, 1 ұл, 2 қызды аман-есен өмірге әкеліп, көптен күткен сәбилерін бауырына басқандағы қуанышты сәтін еш ұмытпақ емес. Елімізді аласапыран еткен «қаралы қаңтардың» 26-сында дүниеге келген үшем – Ибраһим, Мәһлия, Максуда деген есімдерді еншілеген екен.

Сәбилерге күтім жасауға Гунчигулдің анасы мен участок мейірбикесі көмектесуде. Десе де қымбатшылық дендеген тұста үшемге берілуге тиіс тегін тағамдар мен жаялықтарына қол жеткізе алмай отырғанын жас ана жасырмады. Осындайда дана халқымыздың «жыламаған балаға емшек жоқ» деген тәмсілі еске түседі. Панфилов аудандық әлеуметтік қолдау, қорғау мекемелері мен қалталы кәсіпкерлері сирек туатын үшемдерге қарайласып, қолдан келгенше көмек жасауға жұмылғаны жөн болар еді.

Сабыр түбі

Баласының үйленіп, үй болатынына, басы құралатынына қуанбайтын ана бар ма? Ұлы келінін алып келгенде Айжұлдыздың (есімі өзгертілген) енесі де қуаныштан көз жасына ерік берген еді. Сөйтіп, 2015 жылы үлкен әулеттің шаңырағын шаттыққа бөлеп, босаға аттаған Айжұлдыз ана атану, сәби сүю сезімін сарыла жеті жыл күтті. Қос жүректің осы жылдардағы әр күні мен түнін ақ үмітпен өткізген армандары алдамады. Қанша қиындық болса да мойымауға серттескен жастар күндердің күнінде бақытты шақ туарына сенген. Себебі, ерлі-зайыптылар үшін балалы болудан өзге бақыт жоғына бар ой-арманын байлаған Айжұлдыз ізденуден, емделуден еш жалықпаған. Нәтижесінде жатыр түтіктерінің бітелуіне байланысты лапароскопиялық ота жасатқан. Бала көтерудің бір ғана жолы – ЭКҰ-ға бару екендігін естіген соң мемлекет тарапынан бөлінетін тегін квотаға кезекке тіркелген. «Сабақты ине – сәтімен» дегендей, бірден кезегі келгенін естігенде балалы болғандай қуанған. Қуанышы бекер болмапты. Репродуктивті институттың табалдырығын аттағаннан бойын кернеген қуаныш пен сезімі астасып, ана болу бақытына бастаған.

– «Сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған ғой. Жылдар бойғы үмітіміз ақталып, өмірге ұзақ күткен егізіміз – ұл мен қыз келді. Осы бақытты бұйыртқан Аллаға шүкір дей отырып, сәтті ем жасаған репродуктивті медицина институтының және аман-есен босандырып алған Талғар аудандық ауруханасының әйелдер босанатын бөлімшесінің дәрігерлеріне отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіреміз, – дейді егіздердің анасы Айжұлдыз.

Бүгінде Айжұлдыз дүниеге әкелген егіздерге екі ай болып қалды. Аңсап жеткен сәбилердің ширауына туыстары мен ауылдық мейірбике де қол ұшын беріп, сарыуыз балапандардың қанатын қатайтуға септіктерін тигізуде.

Мүмкіндік

Аяулым Косетова, репродуктивті медицина институтының репродуктолог-дәрігері:

– Бедеуліктің емі бар. Сол үшін ерлі-зайыптылар үміт үзбеуі керек. Қазіргі таңда бедеулікті емдеудің ең тиімді амалы – экстрокорпоралды ұрықтандыру тәсілі. Іргесі қаланғанына 26 жыл толған ИРМ (репродуктивті медицина институты) клиникамызда білікті репродуктологтар, гинекологтар, шебер әрі мықты хирургтар, уролог-андрологтар мен эмбриологтар, генетиктер бар, бас-аяғы 300-ге жуық медицина мамандары бірлесе жұмыс істейді. Соның арқасында балалы болуға үмітті жұптардың жұлдызы жанып, жүктілікке қол жеткізуде. Бұл – ЭКҰ саласының үлкен жетістігі саналады.

2020 жылға дейінгі квота саны мыңнан асқан емес. Енді ел Президентінің тапсырмасымен бұл көрсеткіш 7 есеге артып отыр. Осының өзі жыл сайын бедеулікке ұшыраған мыңдаған отбасының сәбилі болып, шаңырағының шаттыққа бөленетінін білдіреді. Ал квотаға қол жеткізу үшін уақытында қаралып, денсаулығын тексерту керек. Тегін квота бәріне бірдей беріле бермейді. Оның өзіндік көрсеткіштері бар. Бедеуліктің өзі ерлер мен әйелдердің денсаулығына қарай бөлінеді. Оған, ең алдымен, әйелдердің жатыр түтіктерінің өтімсіздігі және эндокриндік факторға, яғни, ұрықтың болмауы мен белгісіз генезді бедеулік жатады. Мұны анықтау үшін ЭКҰ мамандарына жүгініп, кеңес алуға болады, - дейді.

Иә, бақыт бір-ақ сәтте бола қалмайды. Оған жету жолында темірдей төзім мен сабыр керектігін басынан өткізгендер ғана түсінеді. Сондықтан болар, сан жылғы үміттері ақталып, бүгінде АНА атанған аяулы жандардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанады. Құшағындағы сәбилерін құшырлана иіскеп, мейірлерін қандыруда.

Бесік тербеткен аналар жатса-тұрса бал татитын бөпелерінің тіл-көзден, ауру-сырқаудан аман, болашақтарының жарқын болуын тілейді! Ал өздері тәрізді балалы болуды аңсап жүрген жандарға үміт үзбеу керектігін, ең бастысы, уақыт оздырмай медициналық мекемелерге жүгіну – армандардың орындалуына жол ашатындығын айтады. Ендеше, үміттер үзілмесін!

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы