АҚСУ АУДАНЫНДА ЕКІ МЕКТЕП ЖАҢАРТЫЛАДЫ - ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ

Уақыты: 08.04.2022
Оқылды: 3249
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Газет қашанда бұқара халықтың арқасүйері, сенімді серігі. Қиындыққа тап болған адамдар көбінесе газетке келіп, мұң-зарын айтып жатады. Түйіні қиын мәселелерінің шешімін табуына көмек сұрайды.

Жақында Ақсу ауданының бір топ азаматы редакциямызға елдің сәлемін жеткізе келіпті. Олардың айтуынша, Көшкентал ауылындағы мектеп сонау 1958 жылы салынған. Содан бері оқу ғимараты күрделі жөндеу жұмысын көрмеген. Еденнің тақтайлары сынып, опырылып жатыр. Кейбір кабинеттер мен спорт залының төбесі құлап тұр. Терезелері қырық жамау. Денешынықтыру сабағы өтпейді. Себебі, залдың төбесі құлап, балалар зақым келмеу үшін есігі құлыпталып тасталған.

Екінші мектеп Көлтабан ауылында. Ондағы мектеп сонау 1978 жылы салынған. Басында жұмысшылар жатақханасы ретінде жобаланған мектеп барак типінде тұрғызылған. Мұнда спорт залы атымен жоқ. Асхана ашу да мүмкін емес. Мынадай заман көші алға жылжып бара жатқанда балаларды талапқа сай келмейтін мектептерде оқытудың өзі ұят нәрсе екені анық. Сондай-ақ, астық алқаптарына су каналдарының тартылмағаны да ауыл халқына қиындық тудырған. Редакция ұжымы ақсулықтардың әңгімесін тыңдағаннан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаевқа хабарласып, ақсақалдардың өтініш-тілегін тыңдап көрсеңіз деген ұсыныс білдірді.  Жанболат Әкебайұлы мән-жайды естісімен, ауданнан келген делегацияны тыңдауға дайын екенін айтты.

Нәтижесінде, Ақсу жұрты қабылдаудан шаруаларының шешімін тапқанына шаттанып шықты. Мәслихат хатшысы облыстық құрылыс басқармасы және  экономика, бюджетті жоспарлау басқармасының басшыларын шақырып, ұсыныс бергеннен кейін бюджеттен қаржы бөлдіру шараларын бірден қолға алған.

- Ақсу ауданынан келген тұрғындарды облыстық мәслихаттың депутаттары және басқарма басшыларымен бірге қабылдадық. Атап айтсақ, Көшкентал және Көлтабан ауылының тұрғындары мектептердің ескіргенін айтып, жаңа білім шаңырағы салынса деген өтініштерін айта келіпті. Сол жерде мәслихаттың тұрақты комиссиясында облыстық құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өкілдерімен қаржыландыру мәселелері қаралды. Тозығы жеткен Көшкентал ауылындағы мектепке оқу жылының соңына дейін қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылға жоспарланған жаңа мектеп құрылысының қаржысын келесі жылға ауыстыру үшін өтінім беруге құрылыс басқармасына тапсырылды. Ал Көлтабан ауылындағы мектеп 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламада 2023 жылға қарастырылғанын айтып, мәселені бақылауға алдым, – деді мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев.

Мәслихат қабылдауында Көлтабан ауылының тұрғындары карьерлердің қазылуына байланысты жол бұзылып,  егістік алқаптарын суару қиындық туғызғанын да жеткізген еді. Бұл орайда су жүйесі сұрақтары бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары Б.Үстенов пен А.Сүлейменовке қажетті талдау жұмыстарын жүргізіп, аталған мәселе бойынша тұрғындармен кездесу өткізу тапсырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдауында халық қалаулылары елдің әлеуметтік жағдайына баса назар аударып, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста болуы керектігі жайлы айтқан еді. Облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаевтың аудан ақсақалдарын қабылдап, мектеп салу, егіндікке арналған канал қаздыру, жол, тағы басқа мәселелердің шешімін табуына ықпал ететініне бірден кіріскеніне елмен бірге біз де қуандық. Жанболат Әкебайұлы қабылдауға келген ақсулықтарға су мәселесі шешілісімен қант қызылшасы алқабын кеңейтуді де міндеттеді.

Облыстық мәслихат хатшысының жылы қабылдауы мен нақты шешім шығаруы ақсулықтардың ризашылығын тудырды. "Халық сұраса, хан түйесін сояды" – деген. Бұл іс барлық деңгейдегі депутаттарға үлгі болса, кәне!

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы