"ҚАПАЛ-АРАСАН" ҚАЙТА ЖАНДАНАДЫ. ОБЛЫС ӘКІМІ АҚСУ АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 13.05.2022
Оқылды: 3255
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ арнайы жұмыс сапарымен Ақсу ауданына барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жиын басталмас бұрын аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық өсу деңгейін көрсететін көрмені аралап өтті. Ауданның жетістігі мен даму деңгейі жайында аудан әкімі баяндады. Мұнда облыс әкімі мал шаруашылығын дамыту, зауыттардың  жұмысы мен өңірден шығып жатқан өнімдерді көрді. Осыдан кейін халықпен кездесу жиыны басталды.

Шарада сөз алған Қанат Бозымбаев облысымыздың әлеуметтік экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарларды таныстырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Қай саланы алып қарасақ та қарыштап дамып, өңір жылдан-жылға өркендеп келеді. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін барлық жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5, ауылшаруашылығы 2,2, сауда 5,3, құрылыс 5,4 пайызға ұлғайды. Облыс экономикасына 97 млрд. теңге инвестиция тартылды. 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қол жеткізген қарқынды сақтап қалуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында біз Алматы облысын екіге бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деп атқарылып жатқан жұмыстарды толықтай тарқатып берді. Сонымен қатар, Ақсу ауданы облыс экономикасының дамуына тигізіп жатқан үлесі көп екенін де тілге тиек етіп, өңірде атқарылатын шаруаларды баяндады.

Атап айтсақ, аудан облыс бойынша қант қызылшасын, майлы дақылдарды егу, ірі қара мал, қой мен ешкі басы бойынша үшінші орында. Биыл егіс алқабы 61,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде қант қызылшасы 800 гектарға егілген. Аудандағы ірі кәсіпорын Ақсу қант зауыты болып саналады. Оның өңдеу қуаты 450 мың тонна және 54 мың тоннаға дейін қант шығарады. Өткен жылы екі млрд.теңгеге 10,4 мың тонна өнім шығарылды. Қант қызылшасы шикізатының қажетті көлемі болмауына байланысты биыл зауыт қамыс құрағын өндейді. Қазіргі уақытта өңдеу желісін жаңарту жүргізілуде. Биыл ауданда қамыс шикізатын сақтау үшін қойма салынбақ. Келесі жылы суармалы жерлердің көлемі ұлғаяды. Яғни, болашақта зауыттың қант қызылшасымен бірге қамыс құрағын да жыл бойы өндеуге мүмкіндігі болады.

Кездесу барысында облыс әкімі өзекті мәселелерді де назарға алды. "Мал шаруашылығында 48 мыңнан астам сиыр бар. Орташа есеппен жылына 46 мың тонна сүт өндіріледі. 250 басқа арналған екі сүт-тауар фермасы ғана бар. Алайда ауданда жергілікті тұрғындардың малы үшін жайылым жетіспейді. Бұл, әсіресе, Қызылағаш пен Қапал ауылдық округтерінде байқалады", – деген аймақ басшысы жауапты мамандардан жайылым жер бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин Қызылағаш ауылы бойынша мәселенің шешілгенін, Қапал ауылында жайылым мәселесі 17 мамырға дейін толық  реттелетінін айтты.

Ақсу ауданының балық шаруашылығын дамыту бойынша әлеуеті жеткілікті. Осыған қарамастан ауданда тіркелген үш шаруашылықтың жұмысы тоқтап тұр. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі орынбасары Ә.Жақанбаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, жаңа өңдеу өндірістерін, сүт-тауар фермаларын, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын ашу үшін инвесторларды тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.

Ауданда 2016 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен Қызылағаш су қоймасын, Қызылағаш өзеніндегі су жинау торабы мен магистральдық каналды қайта жаңарту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бөгеттің, су жинау гидроторабының және барлық қажетті инфрақұрылымының құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы Қызылағаш суару алқабын салу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, 2019 жылы 99 суару каналын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бүгінде 260 шақырым канал қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Алайда жұмыстар баяу жүргізілуіне байланысты Қ. Бозымбаев аталған шаруаны орынбасары Ә. Жақанбаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасына, «ҚазСуШар» мемлекеттік мекемесіне аудан әкімімен бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстарын уақытылы аяқтап, каналдарды пайдалануға беру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Өкінішке қарай, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша аудан соңғы орында тұр. Ауданда он екі өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Инвестиция тарту бойынша аудан пайыз үлесімен облыста он екінші орында. Осыған орай аймақ басшысы орынбасары Ж.Тұяқовқа, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалымен және аудан әкімімен бірлесіп, инвесторларды тарту, Ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жұмысын күшейтуді тапсырды.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Ақсу ауданында 49 елді мекеннің 42-сі орталық сумен қамтамасыз етілген. Биыл Арасан ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу аяқталады. Келесі жылға 250 млн. теңгеге Қопалы ауылының сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарланған. Сонымен қатар, Жансүгіров ауылында су құбыры жүйелері тозған, тазарту құрылғысы жоқ. Ауызсу құбыр арқылы тікелей Ақсу өзенінен келеді және көктем кезінде тұрғындар лай суды пайдалануға мәжбүр.  Өткен жылы Жансүгіров ауылындағы  Маманұлы және Максимов көшелеріндегі электр желілері мен жабдықтарды ағымдағы жөндеуге облыстық бюджеттен 11,5 млн. теңге бөлінген. Нәтижесінде екі трансформаторлық қосалқы стансы ауыстырылып, жүз метр электр желісі жөнделді. Жалпы электр желілерінің жетпіс пайызы тозған.

Аталған мәселе бойынша облыс әкімі жауапты мамандардан ауданда сумен және электрмен қамту бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев Қопалы ауылына зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, жоба биыл әзірленіп, шешімін табатындығын айтты. Облыс әкімі орынбасары Ж. Тұяқовқа, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, ауданның елді мекендерін сумен және электрмен қамту мәселелерін шешу жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 318 шақырым «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Тағы бір қуанышты жаңалық, ағымдағы жылы Жансүгіров, Ақсу, Қызылағаш және Арасан ауылдарының көшелері жөнделмек. Сонымен қатар, биыл он жеті мың адам жұмыспен қамтылатын болады. Білім беру саласында биыл облыс бойынша 31 мектептің құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы Көлтабан және Көшкентал ауылдарында 50 орынды шағын орталықтары бар, 260 орынды тағы екі мектеп салу жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сағабүйен ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Алтынарық және Кеңқарын ауылдарында медициналық пункттер ашылады.

Аудандағы өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Атап айтсақ, 14 педагог, 10 дәрігер жетіспейді. Бұл жөнінде облыс әкімі аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановқа кадр тапшылығын жою бойынша жоғары оқу орнына барып, келісімшарт жасап, апта ішінде мамандар тартуды тапсырды.

– «Қапал-Арасан» шипажайының жұмысын жандандыру қажет. ХІХ ғасырда ашылған бұл шипажай бүкіл кеңес елдеріне радон суымен, емдеу сапасымен әйгілі болатын. Міне, он жылдан астам уақыт жұмыс істемей қаңырап тұр. Аудан әкімдігіне шипажайдың жерін сатып алған «Bolashak Tengiz Realty» компаниясының басшылығымен тығыз байланыс орнатып, шипажай ғимараттарын қалпына келтіріп, жұмысын бастау үшін жан-жақты қолдау көрсету қажет. Бұл өз кезегінде ауданның экономикасына оң серпін береді, инвестиция тартылып, тұрақты жұмыс орындары ашылады, – деген облыс әкімі орынбасары А.Дәндібаевқа осы мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Кездесуде Қанат Бозымбаев аудан әкіміне аталған мәселелерді ерекше бақылауға алып, оларды шешу және өңірді одан әрі дамыту жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Жиын барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылды. Тұрғындар аймақ басшысына көкейінде жүрген сауалдарын қойды. Облыс әкімі көтерілген өзекті мәселелер шешімін табатындығын айтып, тұрғындар қойған сауалдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, орынбасарлары, қала әкімі мен жауапты мамандарға нақты тапсырма берді. Жиын соңында тұрғындарды жеке-жеке қабылдады.

ӘКІМГЕ ҚОЙЫЛҒАН СҰРАҚТАР

Орман Мұрат: Жер мәселесі шешілді деп қуануға болмайды. Орман шаруашылығының адамдары шұрайлы жердің барлығын беделді азаматтарға беріп тастаған. Қарапайым халық алған жердің барлығы мал жаюға жарамсыз. Орман шаруашылығының мәселесі майшаммен қаралса және қарапайым халық мал жаятын жерге шаруа қожалықтарының малы жайылмаса деген талап-тілегім бар.

Жауап: Көтерген екі мәселеңізді қолдаймыз. Ауыл тұрғындары мал жаятын аумақты қожалық  иелері пайдаланғаны дұрыс емес. Сондай-ақ, жақын арада арнайы комиссия мүшелері келіп, алғашқы көтерілген мәселе бойынша тексеріс жүргізеді. Заңсыз алынған, пайдаланылмай жатқан жер болса, мемлекетке қайтарылады.

Сәбит Бармақов: Қапал ауылындағы колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейміз.

Жауап: 160 білімгері бар колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаржы бөлеміз. Тек жақын арада аудан әкімі жобалық-сметалық құжаттар дайындап беруі тиіс.  

Ғалымбек Сейсебаев: Арасан, Суықсай ауылы маңында Бүйен өзенінің суы азайып барады. Осыған орай бөгет жасала ма?

Жауап: Жауапты мамандар бұл мәселе бойынша алдымен не істеу керек екенін көрсін. Содан кейін жұмысқа кірісетін болады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Ақсу ауданы

Алматы облысы