Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАЛАЙ ҚҰРАМЫЗ? СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 16.05.2022
Оқылды: 664
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен инклюзивті қоғам құру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мүмкіндігі шектеулі жандарға білім берумен қатар оларды өмір қатарына қосып, қамқорлық таныту қажет. Осы мәселені басшылыққа алып, аймақтарда көшпелі отырыс өткізу мақсатында Жетісу жеріне жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Қонаев қаласындағы №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жұмысымен танысты. Мекеме жетекшісі Галина Кузетова ағымдағы циклде түзету сабақтарына 77 бала қатысып жатқанын айтты. Сонымен қатар, қазіргі таңда мекемеде 260 бала тіркеуде тұрғанын, 2004-2022 жылдар аралығында ерекше білімді қажет етететін 950 балаға қызмет көрсетілгенін баяндады. Түзету кабинетіне 2018 жылы 96 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Дефектолог, логопед, педагог-психолог секілді мамандар көру, есту қабілеті, тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған, сөйлеуі тежелген, зерде, эмоциялық-ерік әрекетінде және мінез-құлқында бұзылыстары бар балаларға кешенді қызмет көрсетеді. Халық қалаулылары мекеменің ішін аралап, балаларға жасалған жағдаймен қатар педагогтардың жұмыс істеу барысын бақылады.

– Инклюзивті қоғам құру – елдегі өте өзекті мәселеге айналды. Туғанынан немесе оқыс оқиғалардан мүгедек болып қалған бүлдіршіндерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың мән-жайын көру үшін арнайы келдік. Мүгедектігі бар балалар үйлерінде қамалып отырып қалмауы керек. Олар өзінің қатарластарымен бірге балабақша, мектеп, жоғары оқу орнына бару қажет. Инклюзивті қоғам құрудың мәні осында. Жастарды мүгедектігі бар, жоқ деп бөлуге болмайды. Балалар – біздің болашағамыз, – деген ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев бұл мәселеге бей-жай қарамай, қоғам болып жұмылу қажет екенін айтты.

Облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында аймақ басшысының орынбасары Батыржан Байжұманов толыққанды баяндады. Оның айтуынша облыста ерекше білімді қажет ететін балаларға арнап, жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, оңалту және бейімдеу орталықтарын ашу жұмыстары жоспарлы түрде жүріп келеді. Айталық Жаркенттегі облыс әкімінің резиденциясы балаларды оңалту орталығы болып қызмет ететін болады. Сол секілді ата-аналар балаларын алып, алысқа апармауы үшін осындай орталықтарды шалғай орналасқан аудандарда ашу көзделуде.

Жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бейбіт Исабаев, Нариман Төреғалиев, Бақытжан Жұмағұлов, Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева, Айгүл Қапбарова, Динар Нөкетаева Қонаев қаласының балалар шығармашылығы орталығына келіп, оқушылардың салған суреттерін тамашалады. Сондай-ақ, жастардың шағын концерттік бағдарламасына қатысып, әлемдік, республикалық додаларда бақ сынаған балалардың өнеріне тәнті болды.

***

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары іссапарын Талдықорған қаласында жалғастырып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның рөлі» тақырыбында оқытушылар және студенттермен кездесу өткізді.

Алғашқы сөзді Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов алып, елімізде үлкен саяси реформа орын алып жатқанын, ҚР Конституциясының 33 бабына өзгерістер енгізу көзделіп отырғанын, ол 5 маусымда өтетін бүкілхалықтық референдумда көпшіліктің қолдауымен жүзеге асатынын атап өтті. Сол референдумның алдында көпшілікпен кездесіп, қояр сұрағы, айтар ұсынысы болса соған назар аудару, жауап беру мақсатында келіп отырғандарын жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған депутат Динар Нүкетаева саяси реформаның Жаңа Қазақстанның ары қарайғы дамуына зор серпін беретінін жеткізді.

– Саяси жаңғыру әрқашан да керек. Ол ең әуелі жастарымыздың болашағы үшін аса қажет. Қазіргі таңда халықтың үнін еститін мемлекет құру барысында көптеген өзгеріс орын алуда. Ендігі кезекте Үкімет мүшелері де, облыс әкімдері де халықтың алдында есеп беретін болады. Халықтың билікке араласуына, мемлекет пен халық арасында диалогтың құрылуына мүмкіндік жасалады. Биліктің бірқатар өкілеттілігін бөлу мәселесі де қаралуда. Бұрын барлық билік Президенттің қолында болса, ендігі кезекте әкімдерге өздері шешім қабылдап, жүзеге асырып, қажет жағдайда оның күшін жоя алатындай құзырет беріледі. Ел Президенті, облыс әкімдері, яғни, мемлекеттік билікте жүргендер бұрынғыдай саяси партиялардың мүшесі болып, оған жетекшілік жасай алмайды. Демек, барлық партиялар тең құқылы болады. Ендігі жерде депутаттарды сайлауда да халықтың үлесі болады. Мәжіліс депутаттары жартылай халық дауысы, жартылай партиялық тізім бойынша сайланады, – деді.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму, білім, ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Жарылқасынқызы жастарға қарата сөз сөйлеп, еліміздің ары қарайғы дамуына елеулі үлес қосатын конституциялық өзгерістермен алдын ала оқып, танысып, референдумда өз үнін жеткізу әрбір азамат үшін маңызды екендігіне тоқталды.

Өз кезегінде университет оқытушылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Онда сапалы білім беру, аймақты қажетті мамандармен қамту, оқытушылардың жалақысын көтеру, үй алу үшін жеңілдетілген несие беру мәселелері сөз болды.

Бұдан соң ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев бастаған топ Оқушылар сарайында болып, «Талдықорған дауысы» вокалды арт-студиясында өнерін дамытып жүрген мүмкіндігі шектеулі жеткіншектермен жүздесті. Вокалдан сабақ беретін ұстаз Фазыл Зордунов өз бастамасымен мүгедек балалармен жұмыс істеп, олардың ән айтып, би билеуіне мүмкіндік ашқан. Бұл ретте Оқушылар сарайы басшылығының үлкен қолдауын көруде.

Балалар үйірмелерін арттыру, инклюзивті білім алатын жеткіншектердің шығармашылығын  дамыту да облысымызға келген депутаттардың назарындағы маңызды мәселелердің бірі. Осы ретте балалардың ата-аналарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, өнерін ары қарай дамыта берулеріне тілектестігін білдірді.

Талдықорған қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына да атбасын бұрған халық қалаулылары мұндағы жеткіншектердің білім алып, кәсіппен қамтылуы жайын саралады. Ата-аналар және ұстаздармен болған кездесуге облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысып, мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.

ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Нариман Төреғалиев, сенатор Ләззат Қалтаева мүгедек жандардың белгілі бір кәсіпті меңгергенімен көп жағдайда жұмыссыз қалатынын айтып, осы мәселенің өңірлерде дұрыс шешімін табуы тиістігін жеткізді. Ата-аналар да сөз сөйлеп, мектеп-интернатта балалар жақсы тәрбие алып, кәсіп меңгергенімен қоғамнан орын табу, жұмысқа орналасу жайы алаңдататынын алға тартты.

Кездесуді қорытындылаған комитет төрағасы Бейбіт Исабаев мемлекетіміздің алға қойып отырған жоспарында «мүмкіндігі шектеулі» деген түсініктен арылып, баланың қоғамда өзіндік орны барын сезініп, басқалармен тең дәрежеде өмір сүріп, біліммен, кәсіппен, жұмыспен қамтылуына баса мән беріліп отырғанын айтып  өтті. Депутаттар да осынау өзекті мәселеге атсалысып, жергілікті жерлерде дұрыс шешімін табуы үшін қажетті шараларды алға тартпақ.

***

ҚР Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев, комитет хатшысы Нариман Төреғалиев, комитет мүшесі Нұртөре Жүсіп, комитеттің бас кеңесшісі Олжас Шынжігіттің қатысуымен өткен кездесуді жүргізген облыстық мәслихаттың хатшысы Дәулет Жарасбаев жиынға облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттары, білім бағытындағы тұрақты комиссияның, қоғамдық кеңестің мүшелері, ардагерлер, кәсіподақ ұйымының өкілдері, «АMANAT» партиясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып отырғанын жеткізіп, қонақтарға сөз берді.

Алғашқы болып сөз тізгінін алған Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев көпшілікке алдағы 5 маусымға жоспарланған бүкілхалықтық референдумның маңыздылығын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, соңғы рет 1995 жылы референдум жүргізілген Конституцияның 33 бабына биыл 56 өзгеріс енгізілуі тиіс. Атап айтқанда, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер 4 топқа бөлінеді. Оның біріншісі – Мемлекет басшысының өкілеттіктерін шектеу. Соған сәйкес, Президент Конституцияда белгіленген екі мерзімнен артық сайланбауы, туған-туысқан, жақындарының мемлекеттік саяси қызметте және квазимемлекеттік нысандардың басшылығында болмауы, Президенттің кезкелген саяси партияға басшылық етпеуі, облыстардың, республикалық дәрежесі бар қалалардың әкімдерін облыстық, қалалық мәслихаттардың келісімімен тағайындауы, Президенттің аудан әкімдерін, республикалық деңгейдегі қала әкімдерін тағайындау, жұмысынан алып тастау құқығын шектеу сынды мәселелер қамтылады.

Екінші – билік тармақтары арасындағы – атқарушы, заң шығарушы, құқық қорғау, Президент биліктерінің арасындағы өкілеттіктерді ажырату. Бұған алдымен Парламенттің мәртебесін көтеру кіреді. Яғни, бұған дейін Мәжіліс заң жобаларын дайындап, Сенаттың қарауына беретін. Енді заң жобаларын Мәжіліс мақұлдап, қабылдайды. Сенат тек мақұлдап, мақұлдамауды атқарады. Ал Конституцияға қатысты өзгерістер мен заңдарды екі палата бірлескен отырыста бөлек-бөлек дауыс беру арқылы қабылдайды. Егер заң жобаларын мақұлдау кезінде келіспейтін жағдайлар кездессе екі палата отырысында келісім комиссиясы құрылып, мәселені қайта қарайды. Онда да бір тоқтамға келмесе Мәжіліс қайта дауысқа салып, заң жобасын қайтара өткізеді. Одан бөлек, Мәжіліске бір мандатты кандидатура қабылданады. Яғни, облыстық мәслихаттардың 50 пайызы партиялық тізіммен, 50 пайызы бір мандатты округтерден сайланады.

Үшінші – азаматтардың құқын қорғау. Соған сәйкес Конституциялық сот құрылып, азаматтардың Конституциялық құқын қорғау қолға алынады. Осыған орай Прокурор мен омбудсмен – адам құқын қорғау жөніндегі уәкілдің мәртебесі Конституциямен бекітіліп, ешкімге тәуелді болмайды.

Төртінші – жер мен жер ресурстарын халықтың игілігіне жарату. Яғни, еліміздің қазба байлықтарынан түскен табыс әрбір азаматтың қажетіне жұмсалып, тұрғындардың мұқтаждығын өтеуі тиіс.

Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерге қатысты сұрақ қойып, сенаторлардан жауап алды. Көтерілген мәселеге кезек-кезек жауап қайтарған халық қалаулылары Жаңа Қазақстанда әділеттілік, адалдық өркендейтінін ұғындырып өтті.

Бұдан соң Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде қалалық білім басқармасының мамандарымен, білім беру ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізген Сенат депуттары Көксу ауданындағы жұртшылықпен жүздесіп, еліміздегі Конституциялық реформаны түсіндірді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алма ЕСЕНБАЙ

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы