Жат жерде жақұт тергенше

Уақыты: 05.10.2017
Оқылды: 1188
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жас мамандарға жүктелген міндеттің салмағы ауыр. Сондықтан артқан сенімге селкеу түсірмеуіміз керек. Тәуелсіз еліміздің жаңа тарихынан жастардың ойып тұрып орын алуына тамаша мүмкіндік туды. Ауыл – қайнаған тіршіліктің ортасы және де сезіне, түсіне білген адамға үлкен өмір. Ал ауыл мектебінде жұмыс істеу заман ағымынан қалып қаламын деген сөз емес.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті мен дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы ғана бізден ауыл мәселелеріне сергек қарауымызды талап етеді», – деп айтқан болатын. Ауылдың мәртебесін асқақтатып, абыройын көтеретін жігерлі жас буын. Қарапайым халықтың жағдайын жетік біле отырып, сол елдің  ертеңі үшін  аянбай еңбек ету жаныңа рахат сыйлайды. Бойына отансүйгіштік сезімі дарыған әрі елжандылық қасиеті елден ерек  жас мамандар қоғамға өте қажет. Сол себепті жат жерден жақұт іздегенше, туып- өскен мекеннің көгінде күн болып қалықтаған ғанибет. Адам баласына халқының батасынан артық бақыт жоқ шығар. Өркениетке өз үлесімді қосамын деген жас толқын рухани бай болғаны дұрыс. Қай уақытта да баланы мектеп қабырғасынан бастап туған жерді сүюге, кұрметтеуге үйреткен жөн. Оларды адал қызмет етуге тәрбиелесек, ұлт болашағы үшін жанын салады. Жыраққа кеткен әрбір адамды туған жерінің түтіні тартатыны анық. Мені де осында алып келген ауылға деген сағыныш. Оның саф ауасы жаныма нәр беретіндей. 
Мен І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің түлегімін. Сол қара шаңырақта оқып, «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгердім. Қазірде Бәйтерек орта мектебінде еңбек етіп жатырмын. Қызмет барысындағы алғашқы қадамымды ауылдан бастағаныма еш өкінбеймін. Туған жерімнің өркендеуіне титтей де болса септігім тисе, оның алға жылжыры анық. Сол үшін аянбай еңбек етуге бар күш-жігерімді салудамын.  
Қорыта айтқанда, жастардың ауылдың тіршілігімен, ондағы халықтың өмірімен таныс болғаны абзал. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас ертең  билік басында отыратын басшы болады. Ол  қабылданған шешімнің қалалық жерде қалай, ауылдық жерде қалай жүзеге асатынын білуі керек. Қиындықтан қашуға болмайды. Керісінше, алдыңнан шыққан тосқауылдарды жеңу арқылы биікке өрлейсің. Мен ертеңіме сенемін. Алда ұстаздар мерекесі келе жатыр. Соған орай, өзім қызмет жасайтын Бәйтерек орта мектебінің мұғалімдері мен барша ұстаздар қауымын құттықтағым келеді. 

Дәурен КАХАРМАНҰЛЫ,
Бәйтерек орта мектебінің мұғалімі.
Еңбекшіқазақ ауданы.