Кадрлық резервке тестілеу басталды

Уақыты: 05.10.2017
Оқылды: 1390
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «А» корпусын құру туралы ең алғаш рет 2008 жылы Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өткен Халықаралық конференцияда айтып өтіп, сол арқылы іс жүзінде кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жолындағы реформаны бастады. Соған орай «А» корпусының институты кәсіби дайындығы жоғары адамдардың мемлекеттік қызметтегі әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді. 

2013 жылдан бері «А» корпусының кадрлық резервіне жалпы саны 1 мың 204 адам тіркеліп отыр. Бұл орта есеппен бір орынға 4 үміткерден келеді деген сөз. Осы әдіс басшылық лауазымға кіруді қалайтындардың әрқайсысы үшін мансаптық лифтінің рөлін атқаруда. Мысалы, бүгінгі таңда республика бойынша 181 адам «А» корпусының кадрлық резервінде тұрса, оның жетеуі Алматы облысынан. Резервте тұрғандар меритократия принципі бойынша іріктелген.
Биыл іріктеу арқылы мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» корпусына 136 адам алынады. Олардың оны министрліктегі комитет төрағалары лауазымына ұсынылса, аудан әкімдері қызметіне 126 адам бөлінеді. Кандидаттар үшін іріктеу ережелерінің қатарында мемлекеттік проблемаларды жүйелі түрде қарау, дұрыс шешім қабылдау, стратегиялық ойлау және адам ресурстарын оңтайлы пайдалану сынды талаптар нақты белгіленген.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия хаттамасымен бекітілген «А» корпусының кадр резервіне іріктеуді өткізу бойынша іс-шаралар жоспарының 4-ші тармағына сәйкес «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымына қойылатын арнайы біліктілік талаптарына сәйкес келетін тұлғаларға департамент өз күшімен 21-22 қыркүйек күндері заңнамаларды зерделеу бойынша қысқамерзімді курстар ұйымдастырды. Осыған орай Алматы облыстық әкімдігінің ғимаратында арнайы бөлме жасақталып, интернет желісіне қосылған 10 компьютер дайындалды. Облыстық департамент қызметкері аталған мерзімде «А» корпусы әкімшілік мемлекеттік лауазымына үміткерлерге тестілеу бағдарлама сында көзделген заңнамалар бойынша дәріс оқып, онлайн-тестілеу арқылы білімдерін пысықтады.   
Биылғы 4-15 қыркүйек аралығында облысымызда «А» корпусына резервке тұруға 20 үміткер өтініш білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырған болатын. Республика бойынша бұл көрсеткіш 619 адам болды. Жетісудан шыққан 20 үміткердің барлығы «А» корпусының 4 санаты, яғни, аудан, қала әкімдері лауазымына тапсырды. Құжаттарды қарау мерзімінде үміткерлердің 19-ы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарына және арнайы біліктілік талаптарына сәйкес келіп, тестілеуге жіберілді. Ал, «А» корпусының кадрлық резервіне үміткерлерді тестілеу алдағы 4-6 қазан аралығында Астана қаласында өтеді.

Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы.