Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТҰРАТЫН ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА БАСПАНА БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 769
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында биыл тамыз айынан бастап жас отбасыларға үй беріле бастайды. Осы мақсатқа 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы мәселе дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі саясат және жастар мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында айтылды.

Комиссияға Алматы облыстық мәслихат депутаттары мүше.

«Бұл бағдарламаға тек Алматы облысының жас отбасылары ғана қатысады. Олар осы өңірде жұмыс істеуі тиіс. Бұл бағдарлама биыл тамыз айында жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз. 1 млрд.теңге қаржы бөлінді. 100 отбасын баспанамен қамтысақ деген үмітіміз бар. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда) жастар қатыса алады. Отбасын құрған болуы тиіс. Толық емес отбасылар да аталған бағдарламаға қатысу құқығы бар», - деді Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Елдар Сапаров.

Баспанаға қаражат 5 пайызбен, 25 жылға дейін беріледі деп жоспарлануда. Әр жас отбасына үйлі болуы үшін 10 млн.теңгеге дейін қаражат беріледі. Ескерте кететін жайт, осы жобаға ниетті жас отбасылардың басында баспанасы болмауы тиіс.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"