БАРЛЫҚ СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРДІ. ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ НАРЫНҚОЛҒА САПАРЫ

Уақыты: 23.05.2022
Оқылды: 1495
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ Райымбек ауданына іссапары Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Ақбейіт шағын ауылындағы бастауыш мектептің жайын көрумен басталды. Іргетасы өткен ғасырдағы 1967 жылдары қаланған бұл ғимарат шын мәнінде апатты жағдайда тұр. Пайдалануға берілгеніне 54 жылдан асқан. Ескіні жамай бергеннен гөрі, жаңадан мектеп салынғаны абзал. Ауыл тұрғындарының да тілегі сол. Ақбейіт ауылында 50 отбасы, 260 жан тұрады. 25 жас отау бар. Ең бастысы, мұнда Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі орналасқан. Бірсыпыра ауыл тұрғындары осы колледжде әртүрлі жұмыс істейді. Мектепте 4 сынып бөлмесі, 30 оқушы бар. 10 мұғалім еңбек етеді.

Мектебіміздің жағдайы қиындау. Өте ескіріп кетті. Қыста күн суықта жылылықты көп ұстамайды. Едені мен төбесі жұқа. Күн шығып тұрса, тез ысып кетеді. Кей жағдайда қосымша жылытқыш қосып қоямыз. Сөйтіп балапандарымызды мұздатпай қыстан алып шығып жүрміз. Бізге заманға лайық шағын жаңа мектеп салынса, өте жақсы болар еді. Ұстаздарымыздың ата-аналарымыздың бұл тілегі орындаларына сенеміз, – дейді Ақбейіт бастауыш мектебінің меңгерушісі Жұмабике Супиева. Сапар барысында Ақбейіт бастауыш мектебінің жағдайы назарға алынатыны айтылды.

Сарыжаз ауылы Райымбек ауданындағы ең іргелі, үлкен ауылдардың бірі. Округ аумағында 5080 халық тұрады. Сарыжаз, Ақбейіт, Көмірші ауылдары қарайды. Республикалық маңызы бар күре жолдың бойына орналасқан. Соңғы жылдар аумағында ауылдың орталығынан жаңадан заманға лайық мектеп, дәрігерлік амбулатория ғимарттары салынып, ел тілегі орындалды.

Шын мәнінде, аудан аумағындағы барлық жағдайы жасалынған білім ордасы тек осы ауылда ғана. Ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Ауыл тұрғындарының көңілін күпті етіп келе жатқан ескі Мәдениет үйі. Оның салынып, пайдалануға берілгеніне бүгінде 66 жыл болыпты. Облыс әкімі Сарыжаз ауылдық округінің орталығындағы ескі Мәдениет үйін көзімен көрді. Жағдайымен танысты. Күрделі жөндеуге келмейтінін, жаңадан Мәдениет үйі салынатынын айтып, тиісті адамдарға тапсырмасын берді. Сөйтіп, ауыл тұрғындарын қуантып тастады. 2019 жылы аталған ғимаратқа техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысымен ғимараттың пайдалануға жарамсыздығы және бұзуға жататындығы анықталған.

Бұдан кейін облыс әкімінің сапары Қарасаз ауылына жалғасты. Қарасаз ауылының ғана емес қалың қазағының мақтанышына айналған Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейін аралады.

Мұқағалидай ақын ағамызды білмейтін адам жоқ. Аяулы ақын арқылы қасиетті Қарасаздың да атағы алыс кетті. Осы сапарымда осынау қастерлі топыраққа арнайы ат басын бұруды жөн көрдім. Аман-есен болыңыздар, жақсылықтарыңыз мол болсын! – деді облыс әкімі өзін қарсы алған Қарасаздың қадірменді қарияларына. Республикамыздағы ең көшбасшы, іргелі облыстың тізгінін ұстаған азаматқа тоқсанның төріндегі Жұмаш атамыз ақ батасын берді.

Райымбек ауданы – ауылшаруашылығы, оның ішінде егістікпен де айналысады. Ауданда 23401 гектар сурамалы егістік алқаптары бар. Оның дені картоп, дәнді дақыл және көпжылдық шөп өсіруге негізделген. Бұл өңір Нарынқолдың картобымен атағы алыс кеткен мекен. Аудан қалпына келгелі бері өңірде Голландиядан әкелінген картоптың «Санте», «Агрия» атты берері көп, супер элиталық сорттары өсіріліп келеді. Өткен жылы аудан бойынша 6050 гектар жерге отырғызылған картоптың әр гектарынан 216 центнерден өнім алынса, Голлондиядан әкелінген сортты тұқым отырғызылған алқаптардың әр гектарынан 300 центнерден жоғары нәтижеге қол жеткізілді.

Аудандағы сурамалы алқаптың ішінде 18080 гектар жер 8 шаруашылық аралық каналдар арқылы суарылады. Облыс әкімі жолай Қайнар ауылының маңындағы «Жаңа жеміс» каналының жайын көрді.  1987 жылы пайдалануға берілген «Жаңа жеміс» каналының ұзындығы 37 шақырымды құрайды. Жалпы, Қайнар ауылының тұрғындары, қасиетті қара жермен жұмыс істейтін диқандары егістік, көпжылдық шабындық жерлерін осы каналдың суы арқылы суарып, өнім алуға қол жеткізіп жүр. Канал арқылы жалпы көлемі 3940 гектар жер суарылады. Ескіріп кеткен канал күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Оның жоба-жоспары жасалынған. Келесі жылы күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 309 миллион теңге қаражат керек болып тұр. Аудандағы «Дараты», «Қаратоған», «Қақпақ» секілді шаруашылықаралық каналдар, 12 ішкі шаруашылық каналдары күрделі жөндеуден өткізілетін болса, болашақта 15321 гектар жерді игерудің мүмкіндігі туады. Бұл бағытта жұмыстар қолға алынуда екен.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Райымбек ауданына сапар кезінде аудандық аурухананың жайымен танысты. Білікті хирург, білімді дәрігер Жантас Әкімбаев басқаратын аудандық аурухана 1989 жылы пайдалануға берілген. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Мұнда 120 төсектік орын бар. 54 дәрігер, 290 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етеді. Ауруханада жұмыс істейтін жоғары санатты ортопед-травматолог Төлебай Айнабеков пен жоғары санатты эндокринолог дәрігер Гаухар Бөгенбаеваның орны бөлек.

Соңғы жылдары аудандық аурухана білікті дәрігерлердің арқасында  хирургия, кез келген сүйек сынуы, жарақатты емдеу мәселесін өз іштерінде шешуге жол ашты. Бұл 300 шақырым жол азабын тартып Алматы қаласына барып жүргенше, сырқатты жандарға да өте тиімді болып отыр. Биылғы наурыз айында 3 науқасқа өттегі тас ауруына байланысты ота жасалып, сәтті аяқталды. Жалпы, 6 науқасқа ота жасалып, сәтті аяқталғанын орнымен айта кеткен жөн. Келесі жылдан  бастап 250 адам арналған  жаңа емхана құрылысы басталатын болды. 1989 жылы пайдалануға берілген аудандық аурухананың ғимараты, онымен іргелес орналасқан перзентхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Мұның бәрі аудандағы денсаулық сақтау саласы үшін үлкен жаңалық, жақсылық болып отыр.

Түс кезінде Нарынқол ауылындағы Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев Райымбек ауданының халқымен кездесті. Аймақ басшысы облыс бойынша 4 айда атқарылған жұмыстарды жұрт назарына ұсынды. Осы мерзімдегі Райымбек ауданының экономикалық және әлеуметтік жағдайын нақты көрсетіп берді. Таулы өңірдің диқандары сапалы картоп өсіруде облыстың алдыңғы қатарында тұр. Өткен жылы картоптың әр гектарынан 215 центнерден өнім алынды. Алайда, ауданда картопты өңдейтін бірде-бір құрылым жоқ. Ойластырылмай келеді. Сыйымдылығы 5,8 мың тонна болатын 4 картоп сақтау қоймасы бар. Бұл алынған өнімнің 4 пайызын ғана сақтай алады.

Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 3 кәсіпорын тіркелген. Бірақ, жұмысы тоқтап тұр. Өңірде бірде-бір  жылыжай жоқ. Ауданда 35 мыңға тарта сиыр бар. Бірақ бірде-бір тауарлы-сүт фермасы ұйымдастырылмаған. Өңірде жалпы көлемі 224 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған жердің бары анықталған. Оның ішінде 14 мың гектар егістік, 10 мың гектар жайылымдық жерлер бар. Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, орынбасары Самат Сатылғанов бастаған азаматтар жоғарыда айтылған мәселелердің бәрінен тиісті қорытынды шығарулары керек.

Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру де өз мәнінде емес. Алтын өндіру бағытындағы «Нарын Голд" компаниясы жұмысын тоқтатқан. Сондай-ақ, инвестиция тарту бойынша Райымбек ауданы 0,4 пайызбен облыста 20 орында келеді. Аудан бойынша тұрғын үй алудың кезегінде 527 адам тұр. Өткен жылмен салыстырғанда 78 адамға артқан. Облыс әкімі көпшілікті толғандырып отырған көгілдір отын туралы айтты. Ұзындығы 229 шақырымды құрайтын «Шелек-Кеген» магистральдық газ құбырын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттары қыркүйек айына дейін бітеді. Келесі жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталатын болады. Көгілдір отын құбырлары екі жылдың ішінде салынып, Кеген мен Райымбек аудандарының тұрғындарына жеткізіледі.

Халықпен жүздесудің негізгі бөлімі сұрақ-жауапқа ұласты. Бірінші болып «Мирас» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Марат Себайыров сұрақ қойды. Аудандағы «Дараты» су каналын күрделі жөндеуден өткізуге қосымша қаражат қарастырылса жақсы болар еді деді. Облыс әкімі аудандағы су каналдарының тоспаларының жайын жақсарту мақсатында ауданға жалпы көлемі 6 миллиард теңге қаражат қарастырылып отырғанын, биылдан бастап 1 миллиард теңге бөлініп, ауқымды жұмыстардың басталатынын алға тартты. Бұл өңір диқандарын қуантып тастады. Шалкөде ауылының тұрғыны Мақсат Ілиясұлы ортаға шығып, Шалкөде ауылдық округінде, жалпы аудан аумағында өз тұсында мыңдаған гектар жерді иемденіп алып, не өздері мақсатты істеріне пайдаланбай, не өзгеге бермей жүрген іргелі құрылымдардың, жекелеген ауқатты адамдардың барын тілге тиек етті. Нақты мысалдарын келтірді.

Облыс әкімі аудандағы осындай жағдайларды анықтап, тиісті қорытынды шығаруды аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновке тапсырды. Өз мақсатында пайдаланылмай жатқан алқаптарды сот арқылы қайтарып алып, жерге қолдары жетпей жүрген қарапайым халыққа беру керектігін айтты. Бұл үшін тамыз айына дейін уақыт берді. Осы мерзімде нәтиже болмаса, облыстан арнайы комиссия жіберетінін нақтылады.  Тегістік ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қайнарбек Әшімбаев аудандағы апатты жағдайда деп табылған Сарыжаз, Шәлкөде, Тегістік ауылдық Мәдениет үйлерінің орнына жаңадан өнер ордалары салынса деген маңызды сауалына апатты жағдайдағы мәдениет ошақтары кезең-кезең бойынша салынатынын айтты.

Нарынқол ауылының тұрғыны Балжан Омарова он мыңға тарта халық тұратын аудан орталығы Нарынқол ауылынан балалар шығармашылығы орталығы ашылса жақсы болатын еді деген ұсынысын жеткізді. Облыстың білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова шығармашылық орталығына лайықты ғимараттың керегесінен басқа ештеңесінің жоқтығын айтты. Жалпы, бұл маңызды мәселе назарға алынатын болды. Тегістік ауылындағы «Олжас» шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Қанапияев ауданда бірде-бір астық оратын жаңа комбайнның жоқтығын алға тартты. Ауданда осы мақсатта техника алатын орталық болса, қаражат бөлінсе, жаңа комбайнға, жер өңдейтін техникаларға қол жеткізілсе, ауылшаруашылығы дамитын болар еді деді. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша тиісті қортынды шығаруды аудан басшыларына тапсырды.

Осы күні сөз болған дүниенің бірі әрі негізгісі – Нарынқолға келетін республикалық маңызы бар, қазіргі таңда әбден ескіріп кеткен жолдың жайы болды. Қ.Бозымбаев ауданға сапары барысында жолдың жайын көзімен көріп келгенін айтты. Бұл мәселені «Қазавтожол» мекемесінің басшыларына қатаң тапсырды. Тиісті министрліктің басшысына арнайы жолығып, қаражат мәселесін шешіп беруге көмектесетінін жеткізді. Осылайша көп көңілін күпті етіп жүрген жол да жасалатын болды.

Жамбыл ауылының тұрғыны, туризм саласында жап-жақсы жұмыс істеп жүрген азамат Алтай Ноғайбеков Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы «Байынқол» шегара бекеті арқылы Хантәңірі шыңын көруді құмартып келетін туристердің, қонақтардың емін-еркін өтіп тұруына жағдай жасалса деген жақсы ұсынысын айтты. Облыс әкімі бұл мәселені назарға алып, қарайтынын сөз етті. Аудандағы «Көлсайирригация» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілі суару науқаны кезінде, әсіресе, көктем маусымында қуатты трактор, техниканың жоқтығын алға тартып, көмек көрсетуін сұрады. Бұған да облыс әкімі толымды жауабын берді. Осы мақсатта арнайы құрылым жұмысы қолға алынып, тиісті қаражат бөлінетін болды. Алдаға уақытта аудандағы су шаруашылығы кәсіпорнына қажетті техника берілетін болады. Осы күні аудандағы Қызыл Шекара ауылына қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың атын беру жөнінде ұсыныс айтылды. Аудан әкімі бұл ұсыныс бойынша жұмыс жүріп жатқанын, ауыл ғана емес, аудан орталығындағы жастар саябағына да өңірдің біртуар перзенті Бердібектің атын беру үшін қажетті жұмыс қолға алынғанын айтты. Мұны көпшілік жылы қабылдады.

Халықпен жүздесуде ауданнан шыққан елағаларының бірі Босатхан Ұлдарбеков, Нарынқол ауылының қадірменді қариясы Медетхан Абиыров сөз алып, облыс әкімінің жұмысына жеміс тіледі.

           Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы