САЯЖАЙҒА ЖАҢА СТАТУС КЕРЕК. ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 28.05.2022
Оқылды: 1293
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жұма күні Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Еңбекшіқазақ ауданында болды. Аймақ басшысы іссапарын аудандағы ірі өндіріс ошақтарын аралаудан бастады. Ең алдымен Жаңашар ауылдық округінде орналасқан «Адал» компаниясына атбасын бұрды. Кәсіпорын директоры Серік Смайылов мұндағы жұмыс барысын жан-жақты баяндап, жоба-жоспарларымен таныстырды.

«Адал» компаниясы 1999 жылы құрылған. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде компания қанатын кеңге жайды. Бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіретін ірі кәсіпорынға айналды. Бүгінде «Адал» сүт зауыты тәулігіне 200 тоннаға жуық 53 түрлі өнім өндіреді. Олар шығаратын айран, ірімшік, сары май, басқа да сүт өнімдері күнделікті сұранысқа ие. Кәсіпорындағы қондырғылар еуропалық технологияға негізделген. Толықтай автоматтандырылған. Компания өнімдерінің саны мен сапасы жыл санап артып келеді. Алматы қаласы және Алматы облысында 6000-ға жуық сауда нүктесі бар.

Бұдан кейін облыс әкімі «Айдарбаев» шаруа қожалығы мен «Агро Балтабай» ЖШС-дағы еңбеккерлердің қызу тірлігіне куә болды. «Айдарбаев» шаруа қожалығы ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Қоюлатылған томат пастасы, алма және өрік пюресіне қажетті жемістер мен көкөністерді өздеріне қарасты бау-бақшадан алып отыр. Зауыт тәулігіне 600 тонна қызанақ пастасын шығарады. Сондай-ақ, Есік қаласындағы «Юнифрут» ЖШС жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Аталған фирма 2018 жылдан бастап іске кіріскен. Италияндық технологияны алғаш рет елімізге алып келген жалғыз кәсіпорын. Бүгінде интенсивті алма бақтарға арналған қондырғыларды шығарумен айналысады.

Қазіргі таңда интенсивті бақ өсіру қарқын алып келеді. Оның пайдасын бағбандар көре бастады. Сондықтан, «Юнифрут» ЖШС-ның өнімдеріне деген тапсырыс көбею үстінде.

Өңірдегі басты өндіріс және шаруашылық нысандарын аралаған соң облыс әкімі Қанат Бозымбаев түс ауа аудан жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Облыс басшысы Т.Молдағалиев атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

- Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып, тиісті шараларды уақыт талабына сай жедел қолға алудамыз. Ең қуанарлығы, осынау есепті кезеңде барлық салаларда өсудің оң динамикасы байқалып отыр. Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,3 пайызға (544,4 млрд.теңге), ауыл шаруашылығы – 3,3 пайызға (153,2 млрд.теңге), сауда – 9,3 пайызға (156,5 млрд. теңге), құрылыс – 4,5 пайызға (47,0 млрд. теңге) ұлғайды, – деді аймақ басшысы.

Алғашқы тоқсанның қарқынмен басталғаны ұйымдастыру жұмыстарындағы нақты істердің сапасын аңғартса керек. Баяндамадағы цифрлардан мұны айқын аңғаруға болады. Төрт айдың ішінде 294 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс экономикасына 147 млрд.теңге инвестиция тартылды. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 53,5 пайызға өсіп, ол 161 млрд.теңгені құрады.

- Өздеріңізге белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес біз Жетісу облысын құру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бұл мемлекеттік басқару процесін, ішкі көші-қон мәселелерін реттеуге, екі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететіні сөзсіз, – дей келіп, облыс басшысы Алматы өңірінің экономикасын дамытуға Еңбекшіқазақ ауданының айтарлықтай үлес қосып жатқанын атап көрсетті.

Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 85,6 мың гектарды құрайды. Оның ішінде картоп – 6 мың гектар, көкөніс пен жеміс-жидек – 10  мың гектар, ал дәндік жүгері – 25 мың гектарға егілген. Өткен жылы картоптың жалпы түсімі 90,7 тоннаға,  көкөністер 307  мың тоннаға, жүгері 168  мың тоннаға жетті.

Ауданда жалпы алаңы 24 гектарды құрайтын 96 жылыжай бар. Оның жалпы қуаты жылына 20 мың тоннаға дейін жетеді.

Өңірдің тағы бір әлеуеті – бау-бақша шаруашылығы. Оның көлемі – 9,8 мың гектар. Жеміс-жидектердің барлық түсімі – 60  мың тонна. Оның ішінде алма өнімі 55 мың тоннаны құраған. Облыс басшысы, сонымен қатар, елді елеңдеткен өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқанын да әңгімеледі. 2017  жылдан бастап жүргізілген мониторинг барысында 120 мың гектар пайдаланылмайтын жер анықталған. Оның ішінде егістік – 4,5 мың, жайылым –  1 мың гектар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде барлық жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Еңбекшіқазақ ауданының туристік әлеуеті жоғары. Бұл өңір Алматы тау кластеріне енгізілген. Ауданда 15 демалыс орны жұмыс істейді, онда өткен жылы 13 мыңға жуық туриске қызмет көрсетілген. Бұл 2020  жылға қарағанда екі есеге көп.

Биыл 55 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Есік қаласы мен Шелек ауылында үш жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ол үшін 2 млрд.теңге бөлінген. Нәтижесінде, 120  әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасы тұрғын үй алады.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де маңызды. Еңбекшіқазақ ауданында 79 елді мекеннің 89,9 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Биыл ауданда жалпы ұзындығы 49 шақырым жолды жөндеу жұмысына 2,5 млрд.теңге бөлінді. 25 мың абонент газға қол жеткізді, оның 1 мыңы газға қосылды.

Баяндамада инвестиция жағдайы, мемлекет қазынасына түсетін салықтың артқаны, өндірісті дамытудың жаңа технологияға сай өркендеуге бет бұра бастағаны, жұмыспен қамтудың жүйелі жалғасып жатқаны, медицина және білім беру саласындағы ізденістер, басқа да ілгері басқан жұмыстар сараланды. Сөз жоқ, қазіргі өмір талабына сай жаңа мәселелер де алға шығып отырады. Бұл орайда халықпен пікірлескеннің пайдасы зор. Жаңа Қазақстан елді тыңдайтын Үкіметті жасақтай бастағаны белгілі. Осыған сай облыс әкімінің жұртпен ашық әңгімелесуі әсерлі өтті. Көңілдегіні дөп басуға тырысты.

Сөйтіп, кезек сұрақ-жауап бөліміне келіп жетті. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың басым көпшілігі жайылымдық жерлердің тапшылығы, газдандыру, ауызсу, көшелерге асфальт төсеу және жарықтандыру, электр энергиясының толыққанды жұмыс істемеуі, интернет байланысының нашарлығы сияқты өзекті мәселелерге қатысты болды.

Еңбекшіқазақ ауданы Алматыға іргелес жатқандықтан халық саны жыл санап өсіп келеді. Қазіргі таңда саяжайларға орналасқан тұрғындар өзінше бір ауылға айналған. Бірақ саяжай статусы оларға қолбайлау болып отыр. Соның салдарынан инфрақұрылым дұрыс жолға қойылмай, өркениеттен кешеуілдеп отырғандарын тұрғындар ашына айтты.

Қанат Бозымбаев жайылымдық жерлерге қатысты мәселе бойынша облыстық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Алдағы шілде-тамыз айларында комиссия Еңбекшіқазақ ауданына келетінін, мұндағы мәселені жіті зерттеп, зерделеп, одан кейін қорытынды шығаратынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жиында мектеп мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Үш ауысымды және икемделген білім шаңырақтары балалардың білім алуына кері әсерін тигізіп жатқаны сөз болды. Атап айтқанда, Өрнек, Екпінді, Қазатком, Қарасай, Қызылшарық сияқты елдімекендер жаңа мектепке зәру.

Әкіммен кездесу ашық форматта өтті. Бәрі анық, бәрі түсінікті. Көпшіліктің сұрақтарына тұшымды жауаптар қайтарылды. Сұрақ қоюға ешкім кедергі келтірмеді. Микрофон өшірілген жоқ. Бұрынғыдай төрт-бес адаммен ғана шектелмеді. Соның арқасында халықтың үміті ұлғайды, болашаққа деген сенімі нығая түсті. Ең үлкен жетістік те осы. Белсенді халық Мемлекет басшысының жаңа саясатына қолдау көрсетіп, алдағы референдумға қатысып, Ата Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге ықыласты екенін байқатты.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы