ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА БОЛДЫ. ЕҢ МАҢЫЗДЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП

Уақыты: 29.05.2022
Оқылды: 1372
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сенбі күні Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ іссапармен Ұйғыр ауданында болып қайтты. Халықпен кездесуде облыс басшысы Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге қатысты пікір білдіріп, арнайы комиссия қарап жатқанын жеткізді.

Сөз орайында орнымен айта кеткеніміз жөн, облыс орталығынан шалғай мемлекеттік шекара шетіне қоныстанған ауданның биылғы жылдың 4 айындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы жаман емес. Даму бағыттары бойынша өсу қарқыны сақталған. Төрт айдың ішінде 9 464 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімі өнідірілген. 163 гектар жерге күздік бидай, 360 гектарға жаздық бидай, 767 гектарға арпа, 7044 гектарға жүгері, 30 гектарға майлы дақылдар, 1056 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдары, 13384 гектар жерге азықтық дақылдар себіліп, егіс көлемі 22805 гектарды құрады. Бұл - жаман көрсеткіш емес. Аудан аумағында жалпы көлемі 3941 гектар бақша бар. 2075 гектары жемісін төгілтіп тастайды. 385 гектар әйгілі «Апорт» алмасы бар. 100 гектарға таяу өрік өсіріледі.

Өңірде өнімділігі жылына 29 мың тонна құс етін құрайтын «OTAN Green Food» ЖШС құс фабрикасы өз жұмысын қайта бастады. Аталған серіктестік алдағы уақытта құс етінің қуатын 40 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ауданда 85560 бас іріқара, 310260 бас қой-ешкі, 18067 бас жылқы, 35 бас түйе, 1 683 мың бас құс өсірілуде. Биыл жүгері бойынша сервистік дайындау орталығы құрылды. Оған бюджеттен 548 миллион теңге қаражат бөлінді. 13 заманауи трактор, 25 ауылшаруашылығына қажетті техникалар, 1 «Джон Дир» атты комбайны алынды. Биылғы жылдың 4 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 984 миллион теңгені құрады. 3 927 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 7,9 есеге артқан. Құрылыс жұмыстары 1 436 миллион теңге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 2,8 есеге өскен жайы бар.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың түске таяу аудандық Мәдениет үйінде Ұйғыр ауданының тұрғындарымен жүздесуі болып өтті. Облыс экономикасының дамуына Ұйғыр ауданы елі-жұртының айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты. Ауданда ауылшаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 390 гектарға артты. Оның ішінде жүгері алқабының көлемі 7 мың гектарды құрап отыр. Өткен жылы 83 мың тонна өнім алынса, облыста өндірілген өнімнің 13 пайызын құрады.

Алайда ауданда жүгері өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Ойластырылмаған. Аудандағы ең ірі жеміс өндіруші «Шонжы АГРО» мекемесі болып табылады. Онда 500 гектар жерге өрік, шабдалы, қара өрік және шие өсірілген. Қуаты жылына 1,4 мың тонна болатын «AqroProcessinq» компаниясы жемісті қайта өңдеумен айналысқан болатын. Бүгінде оның жұмысы тоқтап тұр. Сонымен қатар, сыйымдылығы 40 тонна болатын 1 ғана көкөніс қоймасы бар. Ол жиналған өнімнің 0,1 пайызын ғана сақтауды қамтамасыз ете алады.

Ауданда 85 мың бас іріқара, оның ішінде 37 мың бас сиыр бар. Одан жылына 25 мың тонна сүт сауылады. Алайда 850 басқа арналған 2 бордақылау алаңы мен 200 басқа арналған бір ғана тауарлы сүт фермасы бар. Бұл аздық етеді. Аудан тұрғындары соңғы жылдары жайылым жердің, тұрғын үй құрылысы үшін жердің жетіспеуі, ауылшаруашылық жерлерді конкурс бойынша алу, ірі шаруашылықтар пайдаланбай жүрген жерлерді қайтару мәселесін жиі көтеруде. Сонымен қатар, суару жүйелерін жөндеу үшін аудан басшылығы тарапынан нақты шаралардың қабылданбай келе жатқаны наразылық тудыруда.

Ауданда құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. «OTAN Green Food» кәсіпорны өткен жылы 13 мың тонна өнім шығарды. Бұл 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 7 есе артық. Бұдан басқа бройлер өсіру, сою және өңдеу бойынша толық жұмысты қамтитын «Прима Құс» фабрикасы салынуда. Қуаты жылына 35 мың тонна өнім шығаратын фабрикада 1500 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Осы мақсаттар үшін 97 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Биылғы жылдың қазан айында кәсіпорын алғашқы өнімін шығаруды жоспарлап отыр. Облыс әкімі орынбасары Ә.Жақанбаевқа, облыстық ауылшаруашылығы басқармасына Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновпен бірлесіп, өңірде жеміс және көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін өндіріс орындарын ашу үшін инвесторларды тарту жұмысын жандандыруды, бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермаларын және көкөніс қоймаларын салу жөнінде нақты шаралар қабылдап, жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

Ауданда 15 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде жоғарыда сөз болған іргелі құс фабрикасы мен шарап өнімдерін шығаратын «Бахус-Ширин» компаниясы бар. Осы екі кәсіпорын аудандағы өнеркәсіп өнімі жалпы көлемінің 51 пайызын береді. Аудан бойынша биылғы жылы 121 жұмыс орнын құрып, 8 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мақсаттағы инвестицияның көлемі 4, 6 миллиард теңгені құрайды.

Ұйғыр ауданында 4,8 мың шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істейді. Онда 8 мың адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы» аясында 6 жобаға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланып отыр. 34 миллион теңге мемлекеттік гранттарды 56 адам алатын болады.

Шухрат Нурахунов бастаған аудан әкімдігі инвесторлар тартуды, қолданыстағы бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге көмек көрсету жұмыстарын жақсарта түскендері абзал. Қасиетті Қарадала өңірі – туризмнің бір мекені. Туристерге арналған табиғи, Шарын шатқалы, Назугум үңгірі, ағаш көлі, ыстық судың бастау-бұлақтары секілді тарихи орындары, ескерткіштері мол.

Қазіргі таңда аудан аумағында 170 ыстық су ұңғымасы, 56 демалыс әрі сауықтыру орындары жұмыс істейді. Өткен жылы 116 мың адамға 538 миллион теңгенің қызметі көрсетілді. Өткен жылы ыстық су көздерінің аймағында қосымша инвестиция көлемі 800 миллион теңгені құрайтын «Дария», «Комфорт», «Жемчужина» секілді демалыс орындары пайдалануға берілген. Бекітілген жол картасы аясында Алматы – Шонжы тас жолынан «Шарын» Ұлттық табиғи паркіне дейін 19 шақырым автожол салу, Кеген ауданынан Шарын шатқалына дейін подстанциясымен электр беру желісін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. «Арасан» санаторлық-курорттық аймағы республикалық туристендіру картасына енгізіліп, аймақты дамытудың бас жоспары дайындалды.

Қ.Бозымбаев орынбасары А.Дәндібаевқа және туризм, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына аудан әкімімімен бірлесіп, өңірде туризмді дамыту, жоспарланған барлық нысандардың құрылысын және қайта жаңартуды мерзімінде аяқтау мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ауданда тұрғын үй кезегінде 1160 адам тұр. Өткен жылы ауданда 8,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биылғы жылы 14 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Шонжы ауылында жыл соңына дейін 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілмек. Тағы бір несиелік тұрғын үй салуға 1 миллиард теңге бөлініп, конкурстық шаралар басталды.

Ұйғыр ауданында 25 елдімекеннің 23-і немесе 92 пайызы орталықтандырылған таза сумен қамтамасыз етілген. Аудан орталығына көгілдір отынның келіп, ел игілігін көре бастағанына жылдар жылжып барады. Өңірдегі 25 ауылдың 23-і көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жарайды. Шарын ауылында көгілдір отын жұмыстары биыл басталады. Бюджет есебінен Шарын, Бахар, Тасқарасу ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Көгілдір отынға қосылудың бағасы аудан тұрғындарының наразылығын тудырып келеді. Қазіргі таңда 450 мың теңгеге жеткен.

Облыс әкімі бұл мәселені реттеуді аудан басшылығына, сала басшыларына тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Ж.Тұяқовқа, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп, халықты орталықтандырылған сумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету, газға қосылу бағасын реттеу мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бахар ауылындағы клубқа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, келесі жылы аяқталады. Кіші Дихан ауылында жаңадан 50 орынды спорт кешенінің ғимаратын салу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Ұйғыр ауданының тұрғындарымен кездесу барысында алдымызда келе жатқан Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар бойынша өткізілетін республикалық референдум туралы кеңінен әңгіме қозғады. Өңір тұрғындарын референдумға бір кісідей қатысып, таңдау жасауларының аса маңызды екенін алға тартты.

Аудандық Мәдениет үйінде өрнек тапқан облыс әкімінің халықпен жүздесуі сұрақ-жауап бөліміне ұласты. Алғашқы болып Шонжы ауылының тұрғыны, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Шамахун Нурумов өңір тұрғындарының атынан сөз алып, аудан орталығындағы 65 мың тұрғынға қызмет көрсететін қазіргі халыққа қызмет көрсету орталығының жайын алға тартты. Ауданда арнайы салынған орталық ғимараты жоқ. Балалар бақшасының ескі ғимараты пайдаланылып келеді. Халыққа қызмет көрсетілетін он шақты орында 5-6 қатар кезекке тұрған адамды көресің. Тіпті, ғимараттың ішіне кіріп-шығудың өзі қиын. Орталық үшін қызметтерін ұлғайтудың мүмкіндігі шектеулі. Шонжы ауылында халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратын салу соңғы жылдардан бері қолға алынған. Жоба-жоспарлары жасалған. Алайда қажетті қаражаты бөлінбей келеді.

Шамахун қария облыс әкімінен аталған мәселенің оңды шешілуіне және тиісті қаражатының бөлінуіне көмектесуін сұрады. Облыс әкімі бұл маңызды мәселемен таныс екенін, келесі жылы сәтімен шешілетінін алға тартты.

Бұдан кейін Шонжы ауылының тұрғыны, облыстың Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов аудандағы толғандырып жүрген жайларды, әсіресе, суармалы жерлердің жайын сөз етті. Су келетін дүниелердің дені істен шығып, қараусыз қалған. Кей адамдар жерді алып, өз мақсатында пайдаланбай жатқан жағдайлары бар. Референдумдағы, толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін Ата Заңымыздағы жер қойнаулары байлығының иесі халықтың өзі дегенді қолдайтыны, осыған орай жерге байланысты мәселелердің барлығы оңды шешілетініне сенім білдірді.

Облыс әкімі жер мәселесі – өзекті мәселелердің бірі екенін айта келіп, суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру бағытында нақты жұмыстардың қолға алынып келе жатқанын, келесі жылдан бастап тиісті қаражаты шешіліп, жұмыстардың қолға алынатынын жеткізді. Өзгелердің иелігіндегі жерлердің жайы да тексерілетіні белгілі болды. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, аудандарда жұмыс жүргізіп жатыр. Ұйғыр ауданында да тексеру жұмыстары қолға алынбақ.

Кепебұлақ ауылының тұрғыны Кеуерхан Ахметова елді мекенде интернеттің жоқтығын айтты. Алдағы уақытта бұл мәселе де лайықты шешімін табатыны белгілі болды. Жапы, өңірде интернет желісімен қамтамасыз етудің жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осы күні аудан орталығындағы 600-ден астам оқушы білім алып жүрген Абай атындағы орта мектеп ғимараты негізінде балалардың шығармашылық орталығын ашуға негіз қаланып жатқанына наразылық білдірілді. Бұл оқушылардың алаңсыз білім алуына кері әсерін тигізетіні айтылды.

Облыс әкімі сала басшыларына бұл мәселені жақсылап қарауды, тиісті ұсыныс жасауды, қорытынды шығаруды тапсырды. Алдағы уақытта шығармашылық орталық үшін басқа орын қарастырылатын болды.

Жиында Бахар ауылына барып оқитын оқушылар үшін респуликалық маңызы бар үлкен тас жолдың бойына адамдардың өтіп-тұруына арналған белгі орнатылуы туралы орынды ұсыныс жасалды. Өңірдегі Қалғантам ауылының атын өзгерту жөнінде де орынды әңгіме қозғалды. Аудан әкімі Ш.Нурахунов бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты.

Облыс әкімі көптен бері сөз болып келе жатқан ауданның атын өзгерту мәселесінің де күн тәртібінде тұрғанын, арнайы комиссиялардың жұмыс жасап жатқанын, болашақта тиісті шешімін табатынын тілге тиек етті.

Осы күні Ақтам ауылына көгілдір отын құбыры тартылса, жақсы болатын еді деген сұрақ қойылды. Сала басшылары өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз етудің жоспары жасалып, ауқымды жұмыстар  жүргізіліп жатқанын, келесі жылдан бастап Ақтам ауылына көгілдір отын құбыры тартыла бастайтынын айтты.

Шонжы ауылының тұрғыны Гүлжаһан Аликеева ауданда тұрғын үйдің, әсіресе, қолдауды қажет ететін көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтудың толғандырып отырғанын жеткізді. Аудан әкімі 60 пәтерлік тағы да бір тұрғын үй құрылысын жүргізудің құжаттары жасалып жатқанын, бұл мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, орнықты шешімін табатынын жеткізді.

Шонжы ауылының тұрғыны, қадірменді қарияларының бірі Худавади Мәнсуров аудандық орталық аурухананың ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілсе, жылыту жүйелері, кәріз жүйелері қайтадан жаңғыртылса жақсы болар еді деген халықтық ұсынысын айтты. Облыс әкімі  бұл мәселе назарда тұрғанын, жап-жақсы қаражат қажеттігін, республикалық бюджеттен көмек болып жатса, сәтімен жүзеге асырылатынын айтып, көп көңілін жұбандырып тастады.

Ауыл тұрғыны Тәліпхан Абиыров Шонжы ауылындағы 3 көше тұрғындары тұратын үйлердің үстінен адам өміріне қауіп төндіретін жоғары кернеулі электр желілерінің тартылғанын, аталған электр стансасының басқа жаққа көшірілуіне талап етті. Бұл мәселе де назарға алынатын болды.

Зейнеткер ұстаз Құдайберген Мамытханов ауданда ат спортын дамытудың қажеттігін айтты. Жиында Сүмбе ауылы тұрғындарын таза ауызсумен қашан қамтылатыны жөнінде сұрақ қойылды. Сала басшылары Сүмбе ауылындағы ауызсу жүйелерін жаңғыртуға 1 миллиард теңге қарастырылып отырғанын, жұмыс биыл басталып, келесі жылы аяқталатын алға тартты.

Иә, өндіріс орындары, кәсіпорындары бар, қасиетті қара жердің де игілігін көріп отырған ауданда толғандырып отырған жайылымдық, егістік, суармалы жерлер, тұрғын үй мәселелері бар. Оның бәрі рет-ретімен шешімін табары сөзсіз. Ең негізі, шаруалары оңды, тірліктері берекелі, даму жолындағы еңбекқор ел-жұрттың ырысы мен құты ортаймақ емес.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы