БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 10.06.2022
Оқылды: 1190
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Адам баласының өмірінде небір қилы кезең, тағдыр-тауқыметті соқпақ, бұралаң жол кездесетіні анық. Сол сынақтарды көтере біліп, қатарға қосылып кететіні де, қиындыққа морт сынып,  өмірден баз кешіп, көше кезіп қалатыны да қаншама?! Бұл – өмір заңдылығы. Жарық дүниенің есігін ашқан әрбір адам баласының жолы тақтайдай түзу болады деп ешкім дөп басып айта алмайды. Адам өмірін өз қолымен жасайды. Ешкім бақытсыз өмір жолын таңдап алмайтыны белгілі. Ендеше дәл осындай қиын жағдайда қалған жандарды сыртқа ысырып тастамай, арнайы қамқорлығына алып, күтім жасайтын орын бар. Талдықорған қаласында «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне бас сұғып, жай-күйімен танысқан едік. Олай болса орталықтың директоры Сұлтанмұрат Бекпенбетовпен өрбіген сұхбатқа назар аударыңыздар.

– Сұлтанмұрат Жарылқасынұлы, сіз басқарып отырған мекеменің жұмысына кеңінен тоқталмас бұрын ашылу тарихынан мәлімет бере кетсеңіз. 
– «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ Алматы облысы әкімінің 2012 жылғы 15 қазандағы №317 бұйрығына сәйкес құрылды. Мұндай орталықтар дамыған мемлекеттердің барлығында бар. Әрбір мемлекет өзінің халқын қиын жағдайға қалдырмайды. Тіпті, көше кезіп қалған жандардың өзін қоғамның бір мүшесі ретінде өзінің панасына алады. Сол себепті де осындай орталық жұмысын бастады. Бүгінде бұл мекеме өз жемісін беріп, тағдыр тәлкегіне түскен жандарға пана болып отыр. 
– Ендігі сауалымыз орталықтың жұмысы жайлы болсын. Бұл мекеменің ішінде не бар және қандай қызметтер атқарылады?
–ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму минис-трінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығымен бекітілген «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына» сәйкес Талдықорған қаласында 150 орынға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы қолданысқа енді. Расымен де бұл жерде қиын жағдайда қалған адамдар тұрады. Бүгінгі таңда 138 адамға қызмет көрсетілді. Олардың барлығы үйсіз-күйсіз, құжаттары жоқ, басым көпшілігі сотталып келген адамдар. Міне, осындай азаматтарға әлеуметтік көмектің жеті түрін көрсетеміз.
– Ол қандай қызметтер? Оны кімдер көрсетеді? Қызмет көрсету мамандары жайлы да сөз қозғай кетсеңіз.
 – Ең бірінші медициналық, тұрмыстық, психологиялық, экономикалық, мәдени, құқықтық және еңбек қызметі. Міне, осы қызметтердің барлығын орталықтағы арнайы мамандар көрсетеді. Мұнда әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер, психологтар, заңгерлер қызмет істейді. Аталған жеті қызметке осы мамандар жауапты. Бұл жерге келгеннің барлығы жайшылықпен келмейді. Әркімнің өз тағдыры бар, түрлі жағдайға душар болғандар. Оның үстіне ішімдікке салынып, өздеріне сенімсіздік танытқандар да жеткілікті. Келген әрбір азаматты мамандар ең бірінші арнайы бекітілген журналға тіркеп, қабылдап алады. Оларда құжат атаулы болмайды. Өздерінің айтуы бойынша базаға тіркеп, нақты есімдерін анықтауға тырысамыз. Одан кейін барып, медициналық көмек көрсетіледі. Жіті бақылап, денсаулығының ақаулығын толықтай назарға аламыз. Әрине, қараусыз болған соң олардың көпшілігі түрлі жұқпалы сырқаттармен, сынықтармен, жарақаттармен келіп жатады. Осының барлығын анықтып барып тиісті шараларды қолға алады. Егер орталыққа келушінің жарақаты, сырқаты күрделі болса, оларды емханаға орналастырамыз. 
Психологиялық көмек көрсету де оңай жұмыс емес. Жыл басынан бері 48 адам психологиялық-диагностикалық қызметтен өтті. Оның ішінде 15-іне психологиялық көмек жасалды.  Алғашқы келгенде олардың бетін бері қарату оңайға соқпайды. Осындай қиындықтардың алдын алып, орталықтың мамандары келген әрбір азаматқа қызмет көрсетеді. Артынша кезең-кезеңімен экономикалық, құқықтық және еңбек қызметі атқарылады. Қызметтердің барлығына арнайы мониторинг жасалып, бейімделуге ықпал ету жұмыстары тыңғылықты бақылауға алынады. Мәселен, жыл басынан бері 138 адамға қызмет көрсетіп келеміз. Оның ішінде 43 адам сотталғандар. Көше кезіп кеткен адамның жағдайын өзіңіз жақсы білесіз. Оларды ішкі тәртіпке үйрету үшін ауқымды жұмыс қажет. 
– Жаңа өз сөзіңізде 43 адам сотталған деп айтып қалдыңыз. Ендігі жерде осы орталықтағы адамдардың өмір жолымен таныссыз ба? Сол жайлы әңгіме қозғай кетсеңіз. 
– Әрине, олармен жеке сөйлесеміз. Әр адаммен әртүрлі әңгіме өрбітесің. Барлық адам бірдей емес, әрқайсының психологиясы, мінез-құлқы әртүрлі. Сондықтан оңаша сөйлескенде олардың жан дүниесін оятуға тырысамыз. Көбісі ашылып сөйлесе бермейді. Әрқайсының тағдырлы өмірі бар. Қоғамның қатал мінезіне қарсы тұра алмай, әлсіздік танытқандар. Мұндай жағдайға душар болуының бірден-бір себебі – ащы судың кесірі. Мұндай жолға сол ішімдіктің салдарынан түсетіні белгілі. Міне, осының барлығынан арылтуға тырысамыз. Оның да түзелуіне қамқорлық танытамыз. Арасында құжаттары жоқтар өте көп. Бұрынғы ескі қызыл паспортпен жүргендері де бар. Көрші мемлекеттің адамдары да жоқ емес. Тіпті, жоғары лауазымда қызмет атқарғандары, жоғары білім алған адамдар бар. Өкінішке қарай, ішімдіктің салдарынан осындай күйге түскен. 
– Бұл жерде қанша уақыт болады және бейімделу уақыты аяқталған соң қайда кетеді? 
–Негізінен бұл орталықта бір жыл ғана бола алады. Одан кейін арнайы интернаттарға орналастырылады. Әлеуметтік-экономикалық бөлімнің мамандары 14 қызмет алушыны  қарттар мен мүгедек адамдарға арналған интернат үйіне рәсімдеді. Басым көпшілігін отбасына қосуға тырысамыз. 
– Жеті қызметтің ішінде мәдени, құқықтық және еңбек қызметі бар. Бұл тұрғыда қандай жұмыс жүргізесіздер? 
– Орталықтың ішін өзіңіз аралап көрдіңіз. 150 адамға арналған төсек-орынмен жабдықталған. Оның сыртында арнайы жуынатын бөлмелері, киім-кешегін жуатын орын бар. Сондай-ақ, арнайы акт залы бар. Міне, осының барлығы осы азаматтарға қызмет атқарады. Мәдени шарада акт залына барып, ән айтып, би билейді. Үстел ойындары бар, патриоттық әңгіме айтылып, арнайы тренингтер ұйымдастырылады. Еңбекке тарту жұмыстары тағы бар. Өзіңіз байқаған боларсыз, мекемеге кірген жерде бақша егілген. Бау-бақшаға арнайы орын дайындалып, өздері қызанақ, қияр, бұрыштың түр-түрін егіп, оны күтіп-баптайды. Қоғамдық жұмысқа тартылып, аула ішіндегі қосымша жұмыстарды атқарады. Еңбек қызметі бойынша біз оларды түрлі кәсіпорындарға орналастырып, жұмыспен қамту шарасын да жүзеге асырамыз. Жалақыларын өздері алып, керектеріне жұмсайды. Қалаға рұқсатпен шығады. 
Ал құқықтық сала бойынша ең ауқымды іс атқарылады. Ең қиыны да осы. Неге десеңіз, бағана сауалымның басында айтуымша басым көпшілігінде құжаттары жоқ. Міне, біздің заңгер олардың құжаттарын жасау жұмыстарымен айналысады. Жыл басынан 24 адамның құжаттары қалпына келтірілді. Арнайы мекемелерге сұрау жібертіп, олардың нақты тегін анықтайды. Әсіресе, ескі төлқұжатпен жүргендері және шетел азаматтары қиындық туғызады. Осының барлығын аяғына дейін жеткізіп, жұмысты толықтай атқарамыз.     
Сонымен қатар мерекелік шаралар аталып өтеді. Наурызда қазақы дәстүр бойынша қазақ үй тігіліп, наурызкөже дайындалады, орталықтағы адамдар ұлттық салт-дәстүр бойынша дайындалған көріністерін қойып, әннен шашу шашады. Басқа да мерекенің барлығын өз деңгейінде атап өтеміз. Осылайша мәдени шараларға атсалысады. 
Олардың денсаулығына байланысты қалада орналасқан медициналық мекемелермен бірлесе отырып, мүгедектік құжаттарын дайындауға да атсалысамыз. Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша мүгедектік тобы 7 қызмет алушыға анықталды.  Бір ғана медициналық мекемемен емес, барлық әлеуметтік-экономикалық мекемелермен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істейміз. Мысалы, жыл басынан бері 31 адамды уақытша және тұрақты жұмысқа орналастырдық. Әлеуметтік патруль қызметі тынымсыз еңбек етеді. Қиын жағдайда қалған адамдарды орталыққа жеткізіп, қауіптің алдын алады. Құқық қорғау саласы да өз көмегін көрсетіп, олармен де үнемі байланыс орнатып отырамыз. 
– Бейімдеу орталығында елмен бөлісер тағы қандай жаңалықтарыңыз бар? 
– Тағы бір айта кететін жаңалық – 2021 жылдың 6 қазанында 15 адамға арналған түнгі болу бөлімшесі ашылды. Онда тұрақты тұрғылықты жері жоқ, бірақ қаңғыбас өмір салтын өзгерткісі келмейтін адамдар түнгі мезгілде келіп қонып кетуге мүмкіндігі бар. Жұмыс тәртібіне сәйкес жаз айында кешкі 21.00-ден таңғы 9.00-ге дейін. Қыс мезгілінде кешкі 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін бөлімшеде болуға болады. Келушілер өздерінің тамақтарын алып келсе арнайы жылытып беретін қысқа- толқынды пеш бар. Жуынып алуға арнайы бөлме, киім-кешегін жуып кептіру мүмкіндігі қаралған. Ол жерде де  арнайы мекеме қызметкері кезекшілік атқарады. Келген адамды бірінші медициналық тексеруден өткізіп, қабылдап алады. Одан кейін жататын орынға орналастырып, негізгі қызметтерді көрсетеді. Осының барлығы тегін атқарылады. Орталыққа және бөлімшеге келген келушілердің барлығы мүлде ақы төлемейді. Олар үшін мемлекет қаражат бөліп, қамқорлыққа алған. 
– Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Ришад ТҰРҒАНБАЙ