МҮМКІНДІК МЕКЕНІ. ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ ТАҒЫ БІР ЖАҢА ЖОБАНЫ ІСКЕ ҚОСТЫ

Уақыты: 12.07.2022
Оқылды: 1514
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінде халыққа қызмет көрсетіп жатқан мекемелердің ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алатын орны ерекше. Енді жиналған қаржыны мерзімінен бұрын баспана, емделуге және басқа да мақсаттарға қалай алуға болатындығы, сондай-ақ, Қордың сан алуан қызметтері жайында тарқатып жазсақ. Сауалдарға жауап алу мақсатында «БЖЗҚ» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Қанат ИСАЕВҚА жолығып, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстық.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу

Бүгінде Қордағы ақшасын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге алатындар баршылық. Ал оның жолы қалай?

Әуелі тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу үшін біржолғы зейнетақы төлемінің қолжетімді сомасын Қордың ресми сайты немесе мобильді қосымшадағы Жеке кабинетке кіру арқылы кез келген уақытта біле аласыз. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сай, азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға құқықтары бар. Ол үшін салымшының  зейнетақы жинақтарының сомасы төменгі жеткіліктілік шегінен асуы тиіс. Зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегінен» асатын, алуға қолжетімді сома туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның ресми сайтында және мобильді қосымшасында, «Электрондық үкіметтің» порталында тексеруге болады. БЖЗҚ-да өз зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар (алушылар) Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген уәкілетті операторға оның интернет-ресурсындағы электрондық өтініштерді толтыру және оларға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қою арқылы өтініш береді. Уәкілетті оператор салымшылардың (алушылардың) өтініштерін қарап, мақұлдаған соң уәкілетті операторда ашылған өтініш берушілердің арнайы шоттарына БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдері аударылады.

Қордың корпоративтік сайты мен мобильді қосымшасындағы Жеке кабинетте авторланудың екі тәсілі бар: ЖСН мен пароль енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолдану.

Міндетті жарналар

Еліміздегі міндетті зейнетақы жарналарын кім және қалай аударады?

– Міндетті зейнетақы жарналарын аударуды қазақстандықтар бірнеше тәсілмен жүзеге асыра алады.

Бірінші. Егер адам жалданып жұмыс істесе, оның жұмыс берушісі (агенті) ай сайын жалақының 10% мөлшерінде МЗЖ ұстап, жұмыскердің БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аударып отыруы керек.

Екінші. Азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт бойынша жұмыс істейтін қазақстандық салық агенті болып табылатын тұлғамен серіктес болады. Бұл агент БЖЗҚ-ға МЗЖ түрінде ай сайынғы табыстың 10% аударады.

Үшінші. Жұмысшы салық агенті болып табылмайтын тұлғамен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейді делік. Бұл жағдайда салымшының өзі БЖЗҚ-ға ай сайынғы табыстың кемінде 10%, бірақ ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 50 еселенген мөлшерінің 10% аспайтын мөлшерін аударады. Мұны банктер немесе «Қазпошта» арқылы жүзеге асыруға болады, – дейді Қор мамандары.

Төртінші. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да осындай жарналарды аудара алады. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар санатына жататын Қазақстан тұрғындары Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеулері тиіс. Қазір ол республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында тұратындар үшін бір АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 3180 теңге болса, барлық қалған аймақтар үшін 0,5 АЕК 1590 теңгеге тең.

Бесінші. Жеке кәсіпкерлер үшін бәрі біршама қарапайым, бірақ төлем жүйесі бойынша емес, мөлшерін анықтау бойынша ғана. Жеке тәжірибемен айналысатын ЖК иесі салық кезеңінің әрбір айы үшін МЗЖ мөлшерін есептеп, содан кейін алынған соманы БЖЗҚ-дағы өз шотына аударады, - деп жауап берді Қор мамандары.

Бес жылдағы жетістік

Бес жыл – бұл айтарлықтай ұзақ мерзім емес. Алайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осындай қысқа уақыт ішінде салымшылар мен алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, өз қызметтерінің басым бөлігін онлайн тәсілге  ауыстырды.

Қазіргі уақытта қызметтердің 93 пайыздан астамы ыңғайлы әрі жедел электрондық форматта қызмет көрсетеді. Салымшылар мен алушылар үйде отырып-ақ, Қордың барлық қызметін пайдалана алады. Мысалы, ресми сайтта және мобильдік қосымшада салымшылар зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алып, деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ЖЗШ-ның бар екендігі туралы анықтамаға қол жеткізіп, 1 немесе 2-топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленуіне орай, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беріп, төлем алу туралы өтініштің мәртебесін қадағалай алады. Осылайша онлайн қызметтердің  шамамен 70 пайызы Қордың ресми сайтында және мобильді қосымшасында көрсетілген.

БЖЗҚ-ның электрондық қызметі мен қашықтан қызмет көрсету жүйесін дамыту мақсатында 2017-2021 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейдегі банктер және басқа мемлекеттік органдардың деректер базасы мен ақпараттық жүйелері біріктірілді. Соның арқасында жасына байланысты төлем алуға өтінішті алдын ала тексеру; ЭЦҚ тексеру және жеке басын сәйкестендіру; ақпараттандыру, қызмет көрсету үшін бір реттік құпиясөзді жіберу; жасына байланысты төлем алуға тіркелген өтініштерді қабылдау; белгіленген мүгедектік бойынша деректерді тексеру; азаматтардың жеке деректерін, куәландырушы құжаттар мәртебесін, өмірлік мәртебесін тексеру; зейнетақы жарналарын төлеу бойынша агенттермен өзара іс-қимыл үрдісін саралау және құру; туыстық байланыс бойынша деректерді тексеру; трансфер-агенттік қызмет көрсетуді іске асыру және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қордың даму стратегиясы қолданылған бес жыл ішінде зейнетақы жинақтарының көлемі 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 13,1 трлн. теңгеге жетіп, өсім 5,3 трлн. теңгені көрсетті. Осылайша, аталған кезеңде зейнетақы жинақтарының орташа жылдық өсуі ЖІӨ өсімінен асып түсті. Зейнетақы жинақтарының, сондай-ақ, зейнетақы жарналарының, инвестициялық табыстың, зейнетақы төлемдерінің және т. б. өсуі байқалуда.

2017-2021 жылдар аралығында жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар (МЗЖ бойынша бірегей салымшылар мен алушылар) саны 1,9 млн. адамға көбейіп, 10,9 млн. адамға жетті.

Алдағы бес жылдағы даму стратегиясын жүзеге асыру – БЖЗҚ салымшыларын (алушыларын) сапалы қызмет қана емес, лайықты төлемдермен қамтамасыз ету бағытындағы кезеңдердің бірі ғана екенін атап кеткен абзал.

Жаңа жобаның артықшылығы

Зейнетақы қызметтерін ұсынуды жақсарту мақсатында БЖЗҚ жұмыс беруші қызметкерлердің зейнетақы аударымдарын жеңіл және оңай аударуына мүмкіндік беретін «Заңды тұлғаның кабинеті» деген жаңа жобаны іске қосты.

Аталған сервис қызметкерлердің зейнетақы жарналарын аударуға міндетті салық агенттері болып табылатын жұмыс берушілерге арналған. Бұл қызмет пайдаланушыға міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша төлем тапсырмаларын құруға, өңдеуге және баспаға жіберуге мүмкіндік береді.

«Заңды тұлғаның кабинетінде» өңдеу (қызметкерлерді алып тастау және қосу) мүмкіндігімен бірге БЖЗҚ-ға төлемдері жіберілуі тиіс қызметкерлердің тізімін көруге болады. Бұдан бөлек, аталған қызмет   бұрыннан жинақталған төлемдерге қатысты барлық деректерді төлемдер тарихынан көруге мүмкіндік береді.

Жаңа қызметке қолжетімділік Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы беретін заңды тұлғаларға арналған электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде ғана қол қою құқығы бар бірінші басшыға немесе қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар өзге тұлғаға беріледі, яғни барлық деректер сенімді қорғалған!

Көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап:

– Қазір аннуитетті пайдаланудың мәні бар ма, болған жағдайда  қандай мүмкіндіктер бар?

– Зейнетақы аннуитеті – бұл сақтандыру ұйымымен жасалған шарт, оған сәйкес зейнетақыны белгіленген мерзімнен ерте алуға болады.

Шарт жасасу үшін БЖЗҚ-да ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем түспейтін төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасы болуы қажет. Дәл есептеу сақтандыру ұйымында жүргізіледі.

БЖЗҚ-да жеткілікті мөлшерде зейнетақы жинақтары бар келесі санаттағы азаматтар ақшаны сақтандыру ұйымына аудара алады:

– зейнет жасына жеткен;

– 45 жасқа толған (кейінге қалдырылған аннуитет кезінде); мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар;

– міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) жиынтығында кемінде күнтізбелік 60 ай төлеген 40 жасқа толған азаматтар.

- Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асқан қаражатты қанша рет алуға болады?

– ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында біржолғы зейнетақы төлемі – салымшының (алушының) заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан алатын МЗЖ және МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы деп көзделген. Сондай-ақ, заңда зейнетақы жинақтары – салымшының (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке зейнетақы шотында ескерілетін, МЗЖ және МКЗЖ және ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс, өсімпұл және шарттарға, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларына сәйкес басқа да түсімдер қамтылатын ақшасы деп белгіленген.

Егер ең төменгі жеткіліктілік шегі сіздің зейнетақы жинақтарыңызды пайдалануға мүмкіндік берсе, жеткіліктілік шегінен асатын біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті шектеусіз рет беруге болады.

Қали АСҚАР