ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1346
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстың барлық өңірінде күзгі санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі айға жарияланған іс-шараның барысымен арнайы танысуға келген облыстық тексеріс тобы жұмысын ең алдымен Іле ауданының Өтеген батыр кентінен бастады.
Жаңбыр жауып жел тұрған соң жапырақ шашылып, қоқыс та көбейеді. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған топ арнайы сенбілікке шығып, көше тазарту жұмыстарына кірісіп кеткен. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология, архитектура және құрылыс басқармаларының қызметкерлерінен құралған облыстық тексеріс тобы аудан ғана емес, ауылдардағы күзгі санитарлық тазарту жұмыстарының барысын да бақылады. Аудан орталығындағы бірқатар көшелерде, жол жиегіндегі ағаш маңында жиналған қоқыс сынға алынды. Дүкен маңында да азды-көпті қоқыс кездесіп қалады. Энергетик ауылының әкімі Сабыр Зәкіржанов бұл орындарға жекеменшік аймақ болғандықтан контейнер қойылмайтынын, бірақ аптасына бір рет «Бастау Ик – 2008» компаниясы келісімшартпен қоқыс тасып тұратындығын тілге тиек етті. Аудандағы сынға алынған аймақтардың көбісі жеке секторлар болып шықты. 
Былтыр сынға алынған Байсерке ауылында көп жұмыс атқарылған. Оң нәтижесі көрініп-ақ тұр. Облыстық бюджеттен бөлінген 10 млн. теңге қаражат жол жөндеуге, көшелерді абаттандыруға жұмсалған. Мектеп айналасына көп жылғы көшеттер, гүлдер отырғызылып, айнала жарқырай түскен. Ауыл әкімі Татьяна Отыншиева тексеріс барысында әрбір жекеменшік мекеме басшыларымен сөйлесіп, тазалық жұмыстарын жіті қадағалап жүргенін айтты.

 
Мақпал ТӘЖМАҒАНБЕТОВА.
Іле ауданы.