ЗАҒИПТАР ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ АРНАЙЫ ТӨСБЕЛГІ ТАҚТЫ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 26.08.2022
Оқылды: 2875
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалы облыстық «Қазақ зағиптар қоғамының» төрағасы Әликен Дәркенбаевты арнайы төсбелгімен марапаттап, абыройын асқақтатты.

2016 жылдан Талдықорған қаласындағы зағиптарға арнайы спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, көз жанарынан айырылып, тағдыр-тауқыметін тартқан жастардың белсенділігін арттыруға үлес қосқан Әликен Әділбекұлы паролимпиадалық ойындарға кіретін голбол спортынан облыстық ашық турнир өткізді. Сондай-ақ, мүгедек жандар арасында «Екі жұлдыз» атты республикалық конкурстың өтуіне мұрындық болған. Одан бөлек, вокалды-аспаптық «Жетісу» ансамблін құрып, жанарынан айырылған талантты, дарынды жастардан құралған топтың концерттік бағдарламасын облыс жұртшылығына ұсынды.

Оның бастамасымен Талдықорған қаласындағы Қ.Байсейітов атындағы музыкалық саз колледжінің басшылығына, облыстық білім беру басқармасына, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жолданып, зағип жандарға арнайы музыкалық факультеттің ашылуына себепші болды. Сонымен қатар, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің массаж факультетінде қарашығынан айырылған жастардың білім алуына жәрдемдесті.

Былтыр облыстық әкімдіктің қолдауымен облыстық ауруханаға құны 18 миллион теңге тұратын соңғы үлгідегі электроретинография көз аппараты орнатылды. Зағип жандарға арналған құрылғының алынуына облыстық зағиптар қоғамының төрағасы ықпал еткен. Биыл «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жыл толуына орай облыстық конкурс өткізілді. Енді жыл соңына дейін бірнеше спорттық және мерекелік іс-шараларды жоғары дайындықпен өткізу жоспарлануда.

Осындай елеулі еңбегін ескерген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының басшысы Сәуле Құрмашқызы Әликен Әділбекұлының кеудесіне төсбелгі қадап, гүл шоғын табыстады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Жетісу облысы